Жерлесіміз жеңімпаз атанды
Жуырда Шиелі ауданында Әбділда Тәжібаевтың 110 жылдығына орай "Сырда туған саңлақ ақын" атты облыстық мүшәйрада жерлесіміз, Ақтан батыр ауылының тумасы Ақжол Түменбай бас жүлдені қанжығалады.
Бүгінгі таңда өзіндік өлең өрнегімен танылып келе жатқан жас ақын бұған дейін де көптеген аудандық, облыстық жыр бәйгелерінде асығы алшысынан түсіп, аудан мерейін үстем етіп жүр.
Біз де өз кезегімізде жас ақынның шығармашылық жолына сәттілік тілей отырып, айтулы жеңісімен шын шүректен құттықтаймыз!
(Әбілда Тәжібаевқа арнау)
Қасиетіңді шалқытқан шығар Құраным.
Қасіретіңді табытқа салдым, жыладым.
Аруана жұрттың, ақ сүтін емдің ақ адал.
Пәруана жүрек, өлең аңқыған тұмарым.
Өгей өмірден бар ма еді алар бәсірең.
Басыңнан ауып бақилық болды мына күн.
Жесір мұңындай қара жамылып Қара өлең.
Жетім жырыңның обалын елден сұрадым.
Алақандай ақ ауылдан жарып уызға.
Алатаудан да биік боп кеттің мұнарым.
Заман-ай, заман, зарықтық...
Көбіктей жеңіл күлкіге қойды ау қарық қып.
Табыттай ауыр тағдырға жатыр налып құт.
Қабылан жатыр Сыр Ана менің сүт анам.
Алты Алаш сен де жарық күт !
Әбілда сен де жарық күт !
Ұлы Мағжанның әруағының алдында.
Мына менің көкірегімді тырналап,
Дар-дар жыртып жүрегімді жұлмалап,
Сенің рухың күбірлейді жарықтық !
Естимісің ей меңіреу боз дала !
Шемен қатқан, шер көңілді қозғама.
Әбілда - ол абыз ақын ендігі
Әбілда - ол аңыз ақын ендігі.
Қара баспа, тоқтат, ғасыр боздама.
Ақын деген сыймау емес табытқа.
Ақын деген жұмақта да тамұқта,
Құдай иісі аңқып тұрған - сөз ғана !
Алалау жоқ,
Арамызда
жік те жоқ.
Жүрегіме сияр ма еді жүк пен от.
Бір Құдайдың құдіретіне ғаламда.
Ешкім әлі қойылған жоқ нүкте боп.
Батырлары өлген елде намыс жоқ.
Ақындары өлген елде түк те жоқ !
Қайыр сұрап қалай барам көрге мен ?.
Шайыр сосын шерлі өлең.
Балбал тасқа басын сүйеп,базынасын мөрлеген.
ХХІ - ғасыр қандай сорлы едің.
Әбілданы көрмеген.....
(с) Ақжол Түменбай