Байқаудың бәсі биік
«Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп ту алған» байқауы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында айтылған міндеттерді орындау мақсатында ұйымдастырлып отыр. Осы жайында Қазалы аудандық білім бөлімінің әдіскері Эльмира Ержановамен пікірлескен едік.
– Халқымызда басқадан байрағын биік тігіп, ұлтарақтай жер үшін ұйқы көрмей, ат үстінде күн кешкен батыр бабалар аз емес. Солардың ерлігі туралы жазылған жырларды насихаттап, жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеу басты мақсат болып табылады.
– Байқауға қатысу талаптары қандай?
– Республика бойынша 6-10 сынып оқушылары қатыса алады. Олар «Қобыланды батыр» жырының 132 беттен тұратын Марабай жыраудың нұсқасын жатқа айтуы тиіс. Жырдағы көнерген тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиет оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді.
– Мега жобаның ерекшілігі туралы айтып өтсеңіз?
– Жас өрендердің ұлттың рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілігін оятып, бұрынғы жыраулар апталап, айлап жатқа соққан ауыз әдебиеттің бұл түрін қайта тірілту өте құптарлық іс. Қазіргі таңда оқушылар арасында түрлі жарыстар өтіп жатады. Бірақ жеңімпаздарға қомақты қаржылай жүлде тігілген гуманитарлық бағыттағы бәйгенің көптен бері болып тұрғаны осы. Бұл да оқушылар мен жетекшілердің қызығушылығын арттыруда.
– Байқауға қатысуға ауданнан қанша талапкер ықылас танытты?
– Қазіргі уақытта ауданда 37 білім беру мекемесі бар. Барлығы дерлік бұл додаға біркісідей атсалысуда. Қазалыдан 340 оқушы бағын сынап, бәйгеге түспек. Есте сақтау қабілеті жоғары, әдебиетке бейім балаларды жетекшілері іріктеп алған. Олар қазір үлкен қызу дайындық үстінде. Ата-аналар да балаларын баптап, аламанға алаңсыз дайындалуына жағдай жасауға бел буған.
– Алғашқы кезең қай уақытқа белгіленген?
– Бірінші кезең қыркүйек айында өткелі отыр. Ауданнан жеңімпаз үш оқушы ғана жарыстың облыстық іріктеуіне жіберіледі. Ол жақтан топ жарып шыққан жағдайда ақтық сынға қатыса алады. Соңғы айналым тартысты өтетіні белгілі, себебі онда әрбір аймақтан сараланып келген кіл мықтылар, нағыз дарындылар қатысады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ