Алуан-алуан адамдар
* Өзеуреп, өзінікін жөн дейтін. Өзгенің озық ойына көнбейтін. Қысыр қиялынан қылтанақ өнбейтін. Тамағы талықсып, босқа шөлдейтін. Төсін төмпештеп, ылғи “мен!“ дейтін. Ортасына осқырып, көңіл бөлмейтін. Шалдуар сөзінің шаласы оңайлықпен сөнбейтін. Берекесіз істі білек сыбана белдейтін. Ығына жығылмасаң ымыраға келмейтін. Алып қашып, жөн алдына желдейтін.
* Белгісіз бейшара болып, бұғып отыратын. Тасада тұрып жауын жағаласпай-ақ жығып отыратын. Қауқарсыз қаруын қойнына тығып отыратын. Жыны басымнан жылыстап ығып отыратын. Жуасты жүндеп, күштіні күндеп отыратын. Тісі батпайтынды сыртынан сыбап, тілдеп отыратын. Арызын оқтап, оқшантайына салып отыратын. Ілгері кеткенді іліп-тартып, сирақтан шалып отыратын. Көздегені қарақшыдан қалт кетсе, қайғыға батып налып отыратын. Бейкүнә жан жаладан зардап шексе, қуанғаннан қолын жылы суға малып отыратын.
* Есті әңгімені тұншықтырып, таптап болатын. Есірік сөзді тұтатуға дайын шақпақ болатын. Көрінгеннің аузына қолын қалқалап қақпақ болатын. Қашқанға да, қуғанға да шап-шақ болатын. Айыбы алақапқа сыймай жүріп, әппақ болатын. Алды - от, арты - шарпыған аптап болатын. Ұятты ысырып қойып, сөздің “сүлейін“ тілімен саптап болатын. Аталы сөзге келгенде “соқыр теке бақ-бақ“ болатын. Табан астында аунап түсіп елден ерек, таудан асқақ болатын. Өзінен зор шықса байлаулы баспақ болатын.
* Көкірегінде көзі жоқ, жаныңа жағатын жібі түзу сөзі жоқ. Рухани азықтан аш қалған, шаш ал десе басты алған. Нәпсіге басыбайлы құл болған. Ұлттық тағылымнан тұл болған. Ұялмастан бұйырмағаннан ішетін, көлеңкеңе қарап көйлек пішетін. Берекесіз іске бас болатын, қартайған сайын жас болатын. Арамнан жиғаны ас болатын, дос біткенің қас болатын. Қыста түтін, жазда ашық шарбақты аңдитын. Көше кезіп, шартарапқа шақырусыз қаңғитын. Түйсігіне кірмейді азалы ауыр қайғы. Басқаның наласына басы ауырмайды. Осылайша күнделікті нәпақасын тауып тұратын. Арасында бастарын қосып, әжептеуір “сауық“ құратын. Жаназадан алған садақасын жинап ащы суға ауыстыратын.
* Көршінің қаттырақ күлгенін, итінің аргідік үргенін қызғанатын. Өз-өзінен өзеуреп сызданатын. Өзгенің озғанын қаламайтын. Қуанышыңа титімдей ниет білдіруге жарамайтын. Қызғаныштың қызыл көз итін жетегінен жырақтатпайтын. Ілгері басқанды балтырынан қаптырғанша тұрақ таппайтын. Іштарлықтың найзасын саптап жүретін. Тауы биікті өзінше табанға “таптап“ жүретін. Аты озғанды көрсе қайғының қу жілігін кеміретін. Сүрінгенді сезсе ішпей-жемей семіретін.
* Жан-жағына шуағын шашып отыратын. Көңіл сарайыңды көтеріп, ашып отыратын. Өз ортасында көңіл пернесін басып отыратын. Жаны жадырап тасып отыратын. Жұрттың жақсылығын естісе марқаятын. Қарттығын қадір тұтып, жолын ұстап, жөнімен қартаятын. Отыратын орнын, сөйлейтін сөзін білетін. Ұлттық үрдістің, тамаша тағылымның көзін білетін. Ашу-дұшпанға оңайлықпен алдырмайтын. Бас қосудың бағын ашып, ұятқа қалдырмайтын. Аталы сөзге келгенде қамшы салдырмайтын. Шайпау сөзге шашасын шалдырмайтын. Өнегелі әңгімеге өзегіңді талдырмайтын.
* Қимыл-қарекеті көңіл көншітпейтін. Қоғамның ортақ байлығын өзіне меншіктейтін. Құлқынның құлақкесті құлына айналған. Ашкөздіктің арқанына маталып, белдігіне байланған. Күлшесіне күл тартуға келгенде алдына жан түспейтін. Адалдықтың ауылынан адасса да серт беріп, ант ішпейтін. Түйені түгімен, керуенді жүгімен жұтатын. Өмірдің ащысы мен тұщысынан ғибрат алмайтын. Көзі түскенді қарнының түгі кеткенше жалмауыздай жалмайтын. Бүлінгеннен бүлдіргі алатын, оңай олжаға өлімін салатын. Арын сатып, абыройын аямай төгетін. Таңдаған тәсілімен қу дүниені қопарып, көбесін сөгетін. Ақырында байлықтан баян таба алмай, қос қадым жерге жалаңаш шөгетін.
* Жасайтыны өзі жайлы жарнама. Сыймай жүрер адамшылық арнаға. Ісінетін, кебетін, күпінетін. Ісінің ақ-қарасын түстен кейін түсінетін. Өзі білмейтін, білгенді көзге ілмейтін. Айтқан тілді алмайтын, жанашырын жау санап, қыр ізінен қалмайтын. Өзінен басқаны ойламайтын, қулығына құрық бойламайтын. Жан біткеннен жасқанып қымсынбайтын. Керегенің көгінен тың тыңдайтын.
* Өзіне-өзі есеп бермейтін. Құлашын құр далаға сермейтін. Қоғам тынысына көңіл бөлмейтін. Оспадарсыз тірлігін жөн дейтін. Өзінен басқаға өмірі сенбейтін. Бір тұтанса оңайлықпен сөнбейтін. Қысыр сөздің көкпарын тартып шөлдейтін. Салқында сабасына түсе алмай терлейтін. Жақынды жау санап, жетегіне ермейтін. Берекесіз істе бел шешпей “ерлейтін“.Өзге емес өзінің ғана еншісіне тиген, мойнына қыңырлықтың қамытын киген. Айтқаны болмаса ауыздықпен алысып, көнбейтін. Өз көңілін өзі ғана делбейтін.
* Буырқанып, бұлқынып, бақырып отыратын. Жайына жүрген жынды қол бұлғап шақырып отыратын. Ауызын арамдайтын, әлдекімді әдейі жамандайтын. Өзін данышпан, өзгені ақымақ санайтын. Мұнысын елде жоқ ерлікке балайтын. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын. Жұртты жазықсыз жыпырып, “бір тесікке тығатын“. Yлкеннен ұялмайтын, теріс мінезін ауыздықтап тия алмайтын. Кішіден қымсынбайтын, ұлағатты жолға ұмсынбайтын. Аспанды жерге “түсіріп“ отырады. Шілдеде денеңді “үсіріп“ отырады. Жұмыс біткенді жалғыз “жапырады“. Сөз саумалын көпіртіп, саптаяқпен сапырады. Мұнысы өзіне “жарасады“. Жұрт жұп-жуас боп жөніне тарасады.
* Ар жолынан адаспай шапағатын шашып жүретін. Жағымсыз іспен жанаспай, қашық жүретін. Көптің сөзін сөйлейтін. Адамды алалап, сортқа бөлмейтін. Жалпыға жаны ашитын. Өз қотырын өзі қаситын. Жақсылыққа жаны жадырап қуанатын. Жамандыққа жабырқап суалатын. Сауапты істің басында жүретін. Көппен бірге мұңайып, көппен бірге күлетін. Ардан аттамайтын, біреуді бейкүнә даттамайтын. Көңілдегі кегін сары майдай сақтамайтын. Кісінің ала жібін аттамайтын. Ортақолды көлгірсіп мақтамайтын. Кінәліні қорғаштап, ақтамайтын. Жетім мен жесірді жебейтін. Мұңдыны мүсіркеп, қолтығынан демейтін. Кісі ақысын жемейтін. Қайта күйсеп, қайта құспайтын. Ардың туын әрдайым жоғары ұстайтын.
* Ұятты жерін ашып жүретін, күлін көкке шашып жүретін. Ерсілігі өзіне байқалмайтын. Тәмәм жұрттан қымсынып, тайсалмайтын. Шашылғанына шалабы шайқалмайтын. Ерсілігін ерлікке балайтын. Біреудің қаңсығын қалайтын. Өзінше кемерінен асып “тасып“ жүретін. Ұлттық үрдістен үркіп, қашық жүретін. Көрінгенді көзімен сүзіп өтетін. Жолыңды кеселеп қадым жерден үзіп өтетін. Әй дейтін әжеге де, қой дейтін қожаға да қыңбайтын. Сумеңіреудің кейпінде, құлағы жоқ тыңдайтын. Санасында жоқ сәуле. Өзімен өзі әуре.
* Тарысы піскеннің тауығына айналатын. Жағымпаздықпен жаны жадырап жайланатын. Бағы басымның босағасына басыбайлы байланатын. Күні үшін күштінің сойылын соғуға сайланатын. Маймөңкелікпен мұрты майланатын. Мансаптыны мақтаумен күнін көретін. Топ алдында ұялмай тірілей өлетін. Абыройын айрандай төгетін. Жат десе жатып, шөк десе шөгетін. Күштінің көлеңкесіндей бір елі қалмайтын. Бастық үшін басын бәйгеге тігіп, әлсіздерді арбайтын. Ауа-райын алыстан шолатын. Әлдекімге арқа сүйеп “арыстан“ болатын. Табынғаны тақтан тайса собықтай солатын. Yлкен басын кіші етіп құрдай жорғалайтын. Беттің арын белбеуге түйіп, жарамсақтықпен “бедел олжалайтын“. Ардан - ада, намыстан - мақұрым. Парасатсыз пақырын, ойламайтын ақырын.
* Өсектің өртін лаулатып, жандырады. Қысыр хабармен құлақ құрышыңды қандырады. “Жаны ашып“ біреудің қотырын қасиды. Жел сөзді сумаңдатып, арлы-берлі тасиды. Біреуді тірілей ана ауылға аттандырады. Енді бірін сүйіншілеп шаттандырады. Базардың тамырын басып отырады. Өсектің ұрығын маңайына шашып отырады. Жұртқа жұмбақты елден бұрын біледі. Алты қат аспандағы қаңқу сөзді қаршығадай іледі. Кадр мәселесін қапелімде шемішкедей шағып тастайды. Түске дейін барды түс қайта орнынан “қағып“ тастайды. Кітабын ашып, құмалағын шашып, бас жаққа да барысады. Азуы алты қарыс Ақиқатпен бәсекеге түсіп, жан бергенше жарысады. Өсегі өніп-өсіп, сағат сайын төлдейді. Ғайыптан қысыр қалса, кеңірдегі кеуіп, қаны басқа теуіп, суда тұрып шөлдейді.
* Мақтаған сайын марқайып ісе беретін. Қазандағы бастай ыржиып пісе беретін. Біреудің күлдіріп айтқан көбік сөзін шімірікпей қабылдайтын. Мақтаумен толған мамық көпшікке рахаттанып дамылдайтын. Мақтаудан мақұрым қалса таңы атып, күні шықпайды. Жөн сөзіңді, пәтуәлі пәлсапаңды ұқпайды. Буынына түссең буы бұрқырап шашылады. Ашыған қамырдай асып төгіліп, басылады. Мақтау сөзің жанына майдай жағады. Түк бітірмей-ақ содан рахат табады. Мырза десең мырза болады. Жақсы лебізіңе семіріп, өзіне өзі ырза болады. Мақтағанға шалықтап мас болатын. Татпайды десе көре көзге аш болатын.
* Аспан жерге түссе де саспайтын. Ызалы жерді баспайтын. Жақынға да, досқа да жанасатын. Ортаға тасталған ой-пікірмен санасатын. Иттің үргеніне бола керуенін тоқтатпайтын. Көп жиналған жерде жақсының орнын жоқтатпайтын. Барына шүкір деп, жоғына сабыр қылатын. Тағдырдың талқысын сыртқа шығармай іштен тынатын. Жалпақ шешей боп илікпейтін. Өзгенің шаруасына тұмсығын тығып килікпейтін. Жамағаттың сөзіне құлақ түретін. Өз жолымен жүретін. Ретті жерінде ойнап-күлетін. Қанағаттың құрығынан шықпай, жұрт қатарлы өмір сүретін.
* Күңіренген ортада ойсыздықпен күліп отыратын. Ұяттың туырлығын кескілеп тіліп отыратын. Қуанышта қабағына тон қатып ерімейтін. Ерсі қылықтан айылын жиып жерімейтін. Егделікті ескермей “бала“ болатын. Жүрген жері бықсыған шала болатын. Өмірдің мәнін білмейтін сада. Yлкендік ұлағаттан ада. Шарапты сән-салтанат, шаттыққа балайтын. Қарнының тойғанын тірліктің тірегі санайтын. Жөн сөзге жарымайтын. Қыршаңқылықтан тоны тозып, аты арымайтын. Дініне де, кіміңе де пысқырмайтын. Өзінікін жөн санап, өзгелерді мысқылдайтын.
* Ыммен ұғысатын, жыммен жұғысатын. Зәрін шашып, қалтасын ашып отырады. Қызметтің құнын тілсіз баяндайтын. Араны толса ешнәрседен аянбайтын. Саудасын сурдо тілінде айшықтайтын. Қадалған жерінен қалтасын қампитпай жай шықпайтын. Көлденең ақша десе делебесі қозып отаратын. Екі көзін алақаныңнан айырмай қолын созып отыратын. Айтқаны болғанша аузымен орақ оратын. Қолына бір түссең сүліктей соратын. Ұятын ығыстырып қоятын. Жұртты жегеніне тоятын. Қайырым мен мейірімге уызында жарымаған. Ақша десе арын сатқан қызыл көз жарым адам. Кезі келгенде кірерге тесік таппай тығылатын. Қанаудың қасіретін темір торда ұғынатын.
* * *
Ей, әлеумет!
Мінездің артық-кемі бар. Өзіңді тап та теліп ал. Жөнделмекке ден қойсаң, қолыңнан келер емі бар.
Жақсылық жағын жағала, өзіңді өзің бағала. Көшіңді түзу бастамай, лақпа құла далаға. Ғұмыр-мұзда өкінбей тұлпарыңды тағала. Ар-айдында адаспа, шуласа да шағала. Өмір - өзен иіріп, шығып қалма жағаға. Парасатты пір тұтып, айналғын абзал ағаға!
Әр нәрсенің парқы бар. Пенденің шама-шарқы бар. Мінездің мың сан қалпы бар. Кезің келді талқылар. Еркіндік тисе нәпсіге, санада салмақ сарқылар. Кірлетпей көңіл-көгіңді, өзіңді-өзің аршып ал. Мінездің мінсіз мәйегін, тағдырдан тылсым тартып ал. Салиқалы ойдың сарбазы шапағат шашып шарқ ұрар. Алып қашпа шолақ ой ақаба судай тартылар. Зердеңе сал да салмақта, өзіндік өмір салты бар. Өзін-өзі таныған жағымды жолға талпынар. Мінездің мінсе жорғасын, қадір тұтар халқы бар. Адалдық қылсаң арыңа жақұттай жаның жарқырар. Қаласаңдар, ағайын, қаймағын ойдың қалқып ал!
Кеңес АРЫҚБАЕВ,
еңбек ардагері.