«Біз соншалықты кедей екенбіз ғой»

Бірде байлығы басынан асатын әкесі баласын жер жаһанды көрсетіп келейін деп саяхатқа өзімен бірге алыпты. Оның бар ойы баласына кедейлердің өздерінен қаншалықты төмен адамдар екенін ұғындырып, тұрмысының сиқын көрсету арқылы олардан жиіркендіру болады. Себебі бай кедейлерді жек көрді, оларды адам орнына санамайтын өр көкірек еді. Сонымен әкесі мен баласы жолға шығады. Бай әдейі әр өңірді аралап тұрмысы тіпті нашарларын іздейді. Бірнеше күнді жол үстінде өткізген екеу ақыры ең кедей деген адамның фермасына келіп тоқтайды. Құдайы қонақты құшақ жая қарсы алған кедейдің отбасы екі күн бойы алдарына барын қойып, шын көңілмен күтіп жібереді. Әкесі кедейлермен қоштасып болғаннан соң қара нанның дәмін татып, қара су ішіп, сызды жерде ұйықтаған баласының ойын білмек болып былай сұрайды: «Қалай балам, саяхатымыз саған ұнады ма, кедейлердің қалай өмір сүретінін көрдің бе?» дейді. Баласы «Ия, саяхатымыз маған қатты ұнады» дейді. «Енді көргеніңнен түйгеніңді әкеңе айта қойшы» дегенде кішкентай перзентінің жауабына қайран қалады. Себебі баласының түсінгенін әкесі осы уақытқа дейін өңі тұрмақ түсінде де ұғынып көрмеп еді. Сондағы баланың жауабы мынау еді:
«Мен кедейлерде төрт бірдей иттерінің барын байқадым, ал бізде біреу-ақ. Біздің үйдің хауызы бақшаның жартысын алып жатса оларда ұшы қиыры жоқ бұлақ бар екен. Біздің бақта жасанды жарықтар жанып тұрса, олардың түндерін мыңдаған жұлдыздар жарық етеді екен. Біздің терасса ауладағы есікке дейін ғана жетсе олардың жайылымдары көкжиекке дейін жетеді екен. Біз азғантай ғана жер учаскесінде өмір сүрсек олар қарасаң көз талатын кең далада еркін өмір сүреді екен. Біз жеміс-жидек, көкөніс, тағамдарды сатып алсақ, олар өздері өсіріп жейді екен. Біздің айналамызды ұшқан құс кіре алмайтын биік қорған қоршап тұрса, оларды адал достары қорғап тұр», Сөз соңында айтарға сөз таппай тұрған әкесіне қарап тұрып «Біздің қаншалықты кедей тұратынымызды енді ғана түсіндім» дейді ақылды бала.
Ия, бұл балақай кішкентай болса да бай мен кедейді бөліп тұрған материалдық жағдай емес сана-сезім, түйсік екенін аңғартты. Шынымен де айналаға әлгі баланың көзімен қарасақ бұл дүниеде кедей жандар жоқ. Тек жұтып отырған ауасы, ішіп отырған суы, басып жүрген топырағы ортақ адамдар ғана. Қолында дәулеті бар бағландар ұл-қыздарына адамдардың барлығын тең көруді, өздерінен жоғары қоймауды, сыйластықты үйретсе екен деймін.