Бай да туған ел үшін
Бай десе, ескі санамызда қалып қойған дүниеқоңыз, арам, қанаушы надандарды көзге елестетеміз. Әрине, бұл кеңестік идеологияның жемісі. Төрт түлігі сай, жер қайыстырған жылқысы, белді басқан қойы, далаға сыймаған ірі-қарасы бар қаншама байлар болған қазақта. Олар шын мәнінде қандай болды? Ел-жұртына жанашырлық танытып, перзенттік міндеттерін атқара алды ма? Әлде өмірден қайырымнан жұрдай күйі өтті ме?
Қоғамның дәулетті адамдары мен үшін көп жағдайда қызығушылық тудыратын. Олардың қажырлы еңбегінің арқасында жеткен жемісті жетістіктері қарабайыр халықтың арасында теріс пікір тудыратына қалыпты жағдай болып көрінді. Бұл осы заманның көрінісі. Ал, ертеректе өмір сүрген халқымыз үшін бай адамдар қадір-қасиеттен кенде болған емес. Бабаларымыз ежелден-ақ рухани байлықты, еркіндік пен ерлікті материалдық байлықтан жоғары қойған "Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы" деген сөзді жанына жалау еткен олар сараңдықпен таныс емес-тін.
Бай-бағландардың беделі көбіне мектеп, медресе, мешіт салса, оқу-білімге көңіл бөлсе, асқақтайтын болған. Заман көшінен қалмай, халық ағарту ісіне ден қойған байларды іздесеңіз, қай өңірден болсын табатыныңызға сенімдімін. Кезінде қазақтың ең алғашқы газет-журнал, кітаптарының шығуына да демеушілік көрсеткен қазақтың бай жанашырлары болған. Түрлі кәсіп көздерін ашып, өңдеу саласын өрістеткен. 1840 жылы қазақ даласын зерттеген, қазақ тілінде еркін сөйлейтін орыстың Броневский деген генералы қазақ байлары туралы былай дейді: «Қазақтың «бай» деген ұғымы орыстың «богатый» деген сөзінің баламасы емес. Бай болу үшін атағынан ат үркетін үлкен тұлға болу керек. Материалдық игіліктерге иелік етумен бірге, ақыл-ойы толысқан адам болуы "бай" деген сөзді толықтай ашып бермек",-дейді.
«Жемесе де май жақсы, бермесе де бай жақсы» деген сөз сол замандағы байларға қаратып айтылса керек. Жомарт жүректі, қолы ашық жандар сараңдыққа салынбай, айналасында болып жатырған топырақты өлім мен торқалы тойларға дәулеттерінен еншілеп отырған. Осы ретте санада самсап, ел аузында жүрген қазақ даласының дәулетті тұлғалары туралы тарихи естеліктер келтіргенді жөн көрдік.
Тарих ғылымының докторы Ахмет Тоқтабай «Шығыс Түркістанда, мына Қытай елінде Баспай Шолақұлы деген бай болған. Ол 60 мың қой, 300 мың жылқы, 1000 ірі қара біткен дәулетті кісі. Сол қазақ 30 шақты адамды өзінің қаржысына үйлендіріпті. Ол отыз адамның ішінде қытай да, дұнған да, ұйғыр да, сарт та бар, тіпті орыс та кездеседі. Осыдан кейін әлгілердің бәрі Баспайдың құрметіне қазақша сөйлеген екен. Біз айтып отырған Баспай Шолақұлы өз заманының ең ықпалды тұлғасы болғаны ел аузында. Соншама дәулетті ел пайдасына жаратуды мақсат еткен бай үлкен өзендерге көпір салдырыпты, бірнеше кен орындары болған екен. Қазіргі таңда Қытай жерінде «Баспай тұқымы» деп аталатын қойдың екі миллионы бар дейді. Сірә, «Батыр болсаң жауға найзаң тисін, Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін» деген тәлімді сөзді сол заманның байлары санасына мықтап сіңірсе керек. Ал Баспайдың АҚШ экспанциясына қарсы корей халқына қолдау көрсеткенде, ұшақ сатып алып бергені әлі күнге аңыз», – дейді.
Ал, қазақтың белгілі қаламгері, ақын Қажытай Ілиясов: «Маман Тұрысбек «Мамания» мектебін салған. Одан бұрын Медеу Пұсырманов та ірі мектеп салуға мұрындық болған. Ал Маманның мектебі одан бұрын ашылған, әрі үлкен мектеп.12 сыныпты, 12-13 мұғалім ұстаған. Солардың жалақысы, бүкіл тауқыметі, жатын орны, азығы түгел Тұрысбек байдың мойнында. Өйткені, Қытайға жылына 300 мың бойдақ қой өткізеді екен. Халықтың қазынасы, елдің құты болған байлар қаламгерлердің шығармасына да арқау болған. Атап айтсақ, арқа өңірінің ауқаттылары атанған Нұрмағамбет байдың, Ерден байдың, Сүтемген байдың дәулетін қазіргі өлшеммен есептеу қиын. Ерден мен Тұрсын байларда 20 мыңнан жылқы болыпты. Бір ғана Нұрмағамбеттің дәулетін әкесі Сағынайға жасаған асынан көруге болады. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуінде» Сағынайдың дәулеті сөз болады. Ілияс Есенберлиннің «Құлагер» поэмасында, Сәкен Жүнісовтің «Ақан серісінде» аталған астың ауқымы мен оған кеткен ас та төк байлық суреттеледі», – дейді өз естеліктерінде.
Осындай жақсылықтарымен жалпақ жұртты жарылқай білген қазақтың байларын кім, қандай мақсатта ел аузына "сараң" деген сөзді салып бергенін біліп отырған шығарсыз. Бұл ойдан сіз де арылыңыз. Себебі, жоғарыдағы деректер ертеректегі ауқатты адамдардың бір парасы ғана. Жақсылықты тез ұмытқыш көпшіліктің есінде қалмаған естеліктері қаншама? Мәселен, ХІХ ғасыр ортасынан бастап елімізде капиталистік қатынастардың дамуының әсерінен қазақ жеріндегі қазба байлықтар игеріле бастады. Осы сәтте Мұса Шорман, Тана Мырза сияқты қазақтың дәулетті даралары Патша үкіметінен қазба байлықтарды өндіруге рұқсат сұрады. Бірақ, бұл сұраныс әр кез кері қайтарылып отырды. Қысқасы, қазақтан ғажап өндіріс адамдары шыққанын қаламады. Есесіне өз ішінен адамдар жіберіп, салықтан босату сияқты айтарлықтай жеңілдіктер жасады. Зерттеушілердің мәліметіне қарағанда сырттан келген келімсектер қарапайым қол күшіне қолданатын құралдардан бөлек айтарлықтай өнідірісті өндіруге жаңа технология алып келмеген. Осы мәліметтің өзі патшалықтың жасырғанын жайып салды. Себебі тағы да қазақты қараңғылықта қалдыру. Негізінде табыстары тасыған қазақ байлары 500-1000 шаңыраққа дейінгі ауылдарды бақылауында ұстап отырды десек болады. Себебі, өзінің мал-жайын қарап баптау үшін ауыл халқын қызметпен қамтамасыз етіп отырды. Егер сол байларға кен орындарын алуға мүмкіндік берер болса, патша үкіметі билігінің бәсеңдеп қаларын сезді. Өндіріс орындарына қазақ байларын жақындатпаудың бар амалын жасады. Уақыт өткен сайын бұйрығы батпай бара жатқандықтан ел арасына іріткі салып, қазақ даласының байларын байлап, малдарын сыпырып алды. Одан кейінгі жағдай баршаңызға мәлім. Аштықтың азабынан қаншама қандастарымыз қырғынға ұшырады. Оның орнын әлі күнге толтыра алмай келеміз. Осыдан кейін кезіндегі қазақтың байлары жаман болды деп қалай айтасыз?
Кішкентай бүлдіршіндеріміз көріп жүрген "Алдар көсе" мултьфилмінде де қазақ байларын соншама сүйкімсіз етіп көрсеткен. Бұны құлдық сананың қамыты деп білемін. Әйтпесе, біздің ұлт сияқты бір-біріне жанашыр халық бұл әлемде болмаған шығар.
Бүгінгі күні Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы осындай орны бөлек оғландарды дәріптеуді де қамтыса керек. Оның ішінде "Туған жерге тағзым" акциясы кешегі өткен ардақты ата-бабаларымыздың елге еткен еңбектерін, жақсылықтарын, отансүйгіштіктерін қайталауға үндейді.
Сөзіміздің құрғақ кетпеуі үшін қазіргі заманның байлары туралы тағы бір мәрте тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабайдың пікіріне зер салайық:
«Қазіргі байлар, жаңа қазақтар бұрынғы байлардың салт-дәстүрі, олардың салып кеткен сара жолынан беймағлұм. Тек өз қамын ойлайды. Бір нәрсеге қол ұшын соза қалса, соны айдай әлемге жария қылып, азаннан кешке дейін жарнамалап, титтей ісін мақтан тұтады. Ал бұрынғы байлар оны мақтан тұтпаған. Игі істі маңызды міндетіндей санаған. Әрине, қазіргі заман алпауыттары қайырымдылықтан шет қалып жатыр деп айтудан аулақпыз. Атымтай жомарттар бүгінгі күнде де кездеседі. Алайда олардың қарасы некен-саяқ. Қазіргі мырзаларға Медеу байдың мәрттігі, Баспайдың жомарттығы, Қаражанның қайырымдылығы жетпей тұрғандай. Әсіресе, ұлттық құндылықтарды насихаттау мен рухани байлықты көбейтуде қазақ қалталылары аянбаса екен дейміз. Тұтастай бір елдің әлеуетін көрсететін мұндай бақуатты жандардың есімі ел есінде қалмай, тарих беттерінде көмескіленіп кеткендері қаншама».
Иә, қазіргі байлар бұрынғыдан өзгерек екені рас. Бірақ, қиналғанға қол үшін беріп, жылағанды жұбатып жүрген ағаларды күніге болмаса да көріп жүрміз. Бүгінгі күні қайырымды жандардың қайырлы істері туралы ел көп естімейтіндігінің себебі – Ахмет Тоқтабай көкеміз айтқандай, ойдың халық арасында белең алуы. Бұл сын да болса сауабы көп істің сарынын кемітеді. Өйткені, жаман жегенін айтады екен. Ал, мұқтаж адамға жегізгенін айтқан адам жақсы адам болуы керек. Мұндай игі істің жасалып жатқанын естіген жұрт та жақсылыққа құмар болмайды ма? Мәселен, өзіміздің Қазалы ауданында да атын атап, түсін түстеуді қажет етпейтін ұлтжанды, қайырымды кәсіпкер ағаларымыз көптеп кездеседі. Сол кісілердің жақсы істерін көріп, бой түзеп өсіп келеміз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген көрегенді тәмсіл бекер айтылмаса керек, ендеше.
Сабыр Адай көкем елжіреп тұрып "Әр қазақ – менің жалғызым" дегенде жұрт оны төбесіне көтерді емес пе? Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі. Көненің көздері болса да қазіргі заман үшін ата-бабаларымыздан алар үлгі-өнегеміз көп-ақ. Бастысы, жүрегіңіз қазақ деп соқса болғаны. Қалғаны ақырындап бола берер. Жақсылық жасап жарысайық, қазағым!
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ.