Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тағдырыңыздың санын білесіз бе?

Тағдырыңыздың санын білесіз бе?

Жапондардың айтуынша, 1 мен 9 аралығындағы сандардың бірі сіздің пешенеңізге жазылған тағдыр саны болып есептеледі. Бұл сан сіздің мінез-құлқыңызды, өзіндік ерекшелігіңізді, қасиетіңіз бен қабілетіңізді анықтап береді.
Әрине, кім де болса өзінің қандай екенін білгісі келетіні анық. Алдымен тағдыр санын анықтап алайық. Ол үшін туған жылыңызды, туылған күніңіз бен ай санындағы цифрларды қосамыз. Мысалы, Сіз 1981 жылдың 16 желтоқсанында туылдыңыз делік. 1+9+8+1+1+6+1+2=29. Енді 2+9=11. Сосын 1+1=2. Яғни, «2» сіздің тағдыр саныңыз. Қысқасы, бір таңбалы сан шыққанша туған жылыңыз бен күніңіздің, айыңыздың сандарын бір-біріне қоса бересіз. Егер қосып болсаңыз, онда өз тағдыр санына қарай берілген мінездемеге назар аударыңыз.
Егер тағдыр саны «1» болса, онда жебеушіңіз — Күн. Өміріңіз қиыншылық пен қайшылыққа толы. Атақ-даңқ та, табыс та тек тер төгумен келеді. Сізде өзімшілдік, менмендік, бірбеткейлік басым. Өз ойларыңыз іске аспаған жағдайда, айналадағыларды кінәлау сіз үшін түк те емес.
Егер тағдыр саны «2» болса, онда сізді Ай қорғап-жебейді. Жүзіңіз нұрлы, көңіліңіз кең. Бойыңыздағы табиғи имандылық, жұғымдылық айналаңызға достарды көп жинайды. Қай тірлігіңіз болса да оңынан келіп жатады. Соған қарай өзіңіз де ештеңені күштеп, зорлықпен алуға ұмтылмайсыз. Бар жақсылық өздігінен келеді.
Егер тағдыр саны «3» болса, онда аспандағы қорғаушыңыз — Юпитер планетасы. Сіздің басты қасиетіңіз — кісіге үйірсектігіңіз. Ешкімге жамандық ойламайсыз. Өте зерделі, сөзге шешенсіз. Әлдеқандай сәтсіздікке ұшырасаңыз, қалпыңызға тез келесіз. Ал, жұмыс істесеңіз, алаңсыз беріліп, жапырып тастайсыз. Сезім дүниесі де сіз үшін ауадай қажет.
Егер тағдыр саны «4» болса, онда сіздің жұлдызыңыз — Сатурн ғаламшары. Сіздің еңбекте қол жеткізген табысыңыз тек өзіңіздің табан ақыңызбен келеді. Айналаңыздағылар сізге қашан да сенім артады. Бірақ достарыңыздың көбі бәтуасыз келеді. Мінезіңіз отбасына жайлы. Реалистік көзқарас ұстанасыз.
Егер тағдыр саны «5» болса, онда сізді жебеп жүрер аспан «шырағыңыз» — Меркурий планетасы. Мінезіңіз тік, күш-қайратыңыз буырқанып тұрады. Біркелкі өмір ырғағына, күйбең тірлікке төзбейсіз. Ішкі әлеміңіз, жан-дүниеңіз бай, сезімтал адамсыз. Нендей мәселені болса да шешуге құлшына кірісесіз. Бірақ өзіңізге жауапкершілік алуға құлықсыздаусыз. Сізге өмір деген тек қозғалып, алға жылжудан тұрады. Сондықтан да қызметте де шірене бермейсіз.
Егер тағдыр саны «6» болса, онда Сізді қорғайтын планета — Шолпан. Жебеушіңіз Шолпан планетасы Сізді мақсатыңызға қарай жетелейді. Өмірдің мәні сұлулық пен үйлесімділік деп ойлайсыз. Сұлулыққа, әсемдікке әуессіз. Сыншылсыз. Біреуге сын айтсаңыз, тігісін жатқызып, сылап-сипап жеткізесіз. Сөйте тұра өзіңізді сынағанды ұнатпайсыз.
Егер тағдыр саны «7» болса, жебеушіңіздің Уран планетасы болғаны. Ол сізді әрдайым ойға, философиялық толғаныстарға бағыттайды. Содан кейін де болар, Сіздің кей кездері өзіңізбен-өзіңіз болып, жеке қалатын сәттеріңіз де аз емес. Техникалық ғылыми-зерттеу жұмыстарында зор табыстарға жетесіз.
Егер тағдыр саны «8» болса, онда сізді жебеп жүрер планетаңыз — Марс ғаламшары. Қалтаңыз ақшаға толы. Өмірде жолыңыз болғыш. Табысқа да тез қол жеткізесіз. Адамгершілігіңіз мол. Жақын достарыңыздың басына күн туса, алдымен қол созу — Сіздің тарапыңыздан болады.
Егер тағдыр саны «9» болса, онда қорғаушыңыз — Нептун планетасы. Мінезіңіз құбылмалы, аумалы-төкпелі. Жеке басыңыздың жағдайына мән бермейсіз. Өмір толқынына бағынасыз. Кейде қол жетпейтін шаруаға ұмтыласыз да, түк шығара алмай әуре боласыз. Басты қасиетіңіз — сезімталдық, әсершілдік. Бір сөзбен айтқанда, табиғаты өзгелерден алабөтен, құпиясы мол жұмбақ адамсыз.

28 наурыз 2019 ж. 3 257 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031