Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қорықтық құю – қорқыныштан құтқарады

Қорықтық құю – қорқыныштан құтқарады

Балаға тұтас елдің келешегі ретінде қарайтын қазақ халқы қай заманда да оның көңіл-күйінің тұрақтылығы мен денінің саулығын басты назарда ұстағандығы белгілі. Салт-дәстүрдегі балаға қатысты жоралғылар да оның бойындағы оң өзгерістерге деген қуаныштың салдарынан пайда болған десек қателеспейміз. Сондай-ақ тосыннан келетін зиянды әрекеттер мен сәби көңіліне кірбің ұялататын дүниелермен күресуді де жақсы меңгерген. Мәселен, қорықтық құю арқылы бала бойын дендеген тылсым қорқыныштан аластауға болады. Емдеу әдісінің бұл түрі ертеректе пайда болғанымен, әлі күнге дейін қолданыстан шыға қойған жоқ. Бір айға жуық уақыт сәбиін жылаудан тия алмаған Ләззат Алмасова осы әдістің көмегімен бөбегін тыныштандырғанын айтады.

Алдияр есімді балақай дүниеге келгенде дәрігерлер оның жағдайы жақсы екенін айтқан. Салмағы мен бойы көңіл қуантарлық деңгейде болып, дене мүшелерінің дамуынан кінәрат табылмады. Ал алғашқы сәбилеріне жетуге көбінесе қасында болатын анасы да, кешке дейінгі жұмысының аяқталуын тағатсыздана күтетін әкесі де қатты асығатын. Уақыт өз ағысымен өте берді. Алдияр алты айғы толғаннан кейін Ләззат күнделікті бала күтіміне орай тоқтап қалған кәсібін қайта қолға алған болатын. Жас жұбайлар отау құрған жылы ауылдан осында көшіп келген еді. Үйде балаға қарайтын басқа адам болмағандықтан күніне 3-4 сағат Ләззаттың орнын басатын тәжірибелі бала күтуші іздеуге кірісті. Күйеуі екеуі ақылдаса келе әлеуметтік желіге сұраныс тастаған бойы хабарласқан жүзі жылы бойжеткенді жұмысқа алған.

Таныстарының сәбилеріне қарағанда сабырлы, күлкісі көп Алдиярдың себепсіз жылауы осы кезден басталған. Ата-анасы кешкілік үйге оралғанда бір сәт те дамыл таппай шырылдаумен болатын баласының жағдайына алаңдаушылығы күшейді. Себебі Алдияр бесікке бөленген бойы құс ұйқыға кетіп, бір сағат өтпей шошып оянатын да, таң атқанша жылайтын. Кейіннен Ләззаттың құрбысы бала күтушісінің психодиспансер орталығында есепте тұрғанын анықтаған. Осыдан кейін Ләззат оны жұмыстан шығарып, баланы өзі бағатын болды. Алайда Алдияр мазасыздықтан арыла қоймады.

Жас отбасы бала күтушісі оны ұрған болар деп дәрігерлерге де көрсетті. Түрлі тексеруден өткенінде Алдиярдың денсаулығынан өзгеріс анықталмаған. Баласының жылауынан көңілі қамыққан Ләззат та тыныш ұйықтай алмайтын хәлге жетеді. Немересінің жағдайына алаңдаған әжесі мұны естіген бойда ауылдан ат терлетіп осында жетеді. Мән-жайға қанық болғасын, бесіктегі сәбидің бойына үрей ұялаған деген шешімге келіпті.

– Анам ертерек айтпағанымыз үшін қатты ашуланды. Бірақ іске дереу кірісті. Түбінде шала қуырылған майы бар тапа сұрады. Сосын өзімен ауылдан ала келген қорғасынды балқытып кесеге құйды. Алдиярды қолыма ұстатып, қорғасын немесе май шашырамасын деп күйеуім үстімізді жауып, ақ мата ұстап тұрды. Бір мезетте қорғасын мен майдың жанасқан ащы дауысы естілді. Шошып кеттік, балам шыңғырып жылап жіберді, – деген жас ана өткен күндерді есіне алды.

Бұдан соң Алдияр ұзақ ұйқыға кеткен. Төрт сағаттан аса уақыт тыныш жатқан баласын көрген Ләззат өз көзіне өзі сенбей, қатты қуанған. Бір қызығы тапаға құйылған қорғасыннан шашы екіге бөлініп өрілген қыздың бейнесі шыққан. Бұрынғы бала күтушісі де шашын үнемі осылай өріп жүрген екен. Бойжеткеннің оған не істегені белгісіз, алайда шарана одан қатты қорқып қалған екен.

Баланың әжесі кетерінде Ләззатқа таза жүруін қатаң ескерткен. Себебі жаңа босанған әйел де, сәби де өте әлсіз келеді. Сондықтан бала емізер алдында дәрет алып, басына орамал таққан артық болмайды. Әже сәбидің анасына көптің көзіне түспей, оңаша бөлмеде емізуді де міндеттеп кеткен.

Қорықтық құю шынында да баланың мазасыздығын ретке келтіретініне көз жеткіздік. Көбінесе құйылған қорғасыннан жылан мен иттің сұлбасы шығатынын естідік. Бүгінгі күні тек жас балаларға ғана емес үлкендер де қорықтық құйдыртып жатады. Бұл адам бойын орынсыз қорқыныштан қорғайды дейтіндер көп. Не болса да дана қазақ кейінгі ұрпаққа өмір тәжірибесінен ұққан озық үрдісті қалдырған. Осыған ұқсас жағдайға тап болғандар қорықтық құйып көруден зиян көрмесі анық.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
13 наурыз 2019 ж. 15 243 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031