Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қыз бұзылса, ұлт бұзылады

Қыз бұзылса, ұлт бұзылады

Мен аштық деген нәубетті көрмедім. Мен соғысқа да бармадым. Бірақ жеті қырдан асқан өмірімде қандай қиындықты көрсе де мойымаған, қандай қасіретті, қиянатты көрсе де елдігін, ар-ожданын, адами қалыбын жоғалтпаған қазақ деген халықтың қоңыр тіршілігіне куә болып келдім. Тарих өз алдына бөлек әңгіме. Мені бүгіннің біршама толғақты мәселелері алаңдатады...
  
Шынымды айтсам, неден бастап жазарымды білмей біраз қиналдым.
Істің нәтижесі деген бар. Бұл дәл сол уақытта, сол мезетте көрінбегенімен, жылдар өте өз қорытындысын көрсетеді. Бүгінгі қоғамның көп кеселі ондаған жылдардың нәтижесі. 1990 жылдары – тоқырау заманында ел-жұрт күн көрістің қамымен тарыдай шашылып, қу тірліктің соңында кетті. Тұрмыстан қажып, сынғаны да қаншама. Міне, осы кезеңдерде ескерусіз қалған өскелең ұрпақ, жастар өз бетінше жаңа өмір әлеміне кірісіп кете барды. Сол кездері шетелдік видеолар кез келген бұрышта күндіз-түні қойылып сары ауыз балапандарды үйіріп байлап, матап алды. Одан қала берді теледидардан ашықтан-ашық зинақорлықтың небір сұмдық түрлерін көрсете бастады. Бұдан кейін интернет деген техника жетістігі келіп, ешқандай бұғаусыз, тоқтаусыз әлемдегі адам айтқысыз сұмдықтарды көрсетумен жастарымызды улады, рухани тамырына балта шапты. Осылардың кесірінен кәмелетке толмаған жастар шетелдіктердің өмір салтына, өнерпаздарына қызығушылық танытып, еліктеушілікке бойалдыра бастады. Осылардың басында әсіресе, жаңалыққа жабыса қалатын да, жаңалықтың жаршысы болатын да өнерпаз жастар көп болды. Содан қыздарымыздың жалаңаштанып ән айтып, би билеуі, ұлдарымыздың шашын бояп, сырға тағуы, т.с.с. дүниелер бүгін де кең етек алып, теледидарда жиі көрсетілетін жағдайға жетті. Тіпті, мұндай ерсі қылыққа ешкім мән бермейді. Бейне бір «өткінші нәрсе ғой» деген ой жетегінде жүргендейміз. Осы жерде ақын Исраил Сапарбай жазған: «Ұрты тоқтай, мұрты шаптай, сақалы ақ, Біздің қазақ әлі күнге шақалақ», - деген өлең жолдары еске түседі. Міне, осылай елемей, ескермей жүріп, кеселімізді көбейттік.

Бүгінде еліктеудің аяғы азғындауға жол ашты. Жас бойжеткендер жалаңаш денесін, әлеуметтік желіде «жарнамалауды» бастады (олай демеске шарам жоқ). Бұл аздай «түнгі көбелектер» деген атпен Алматыда, Саин көшесінде тәнін ақшаға сататын қыздар пайда болғанын ақпарат құралдарынан көріп, естіп опындық. Тілшілердің «түңгі көбелектер» деп ат қойған сол қарагөздер сіз бен біздің мәпелеп өсірген аяулы қыздарымыз бен сүйікті қарындастарымыз екенін ұмыттық па?! Бұған мән беріп, «бұл не сұмдық, мұны неге доғармаймыз?» деген бірде-бір ұйым, не билік өкілі жоқ. Енді түнгі көбелектер әрбір қалада өздерінің ұйымдарын құрып, топ тобымен көшеде тұратын болды. Бұл қасіретке тосқауыл қоюдың орнына, оларды «түнгі көбелектер» деп атын дәріптеп, тірлігін заңдастырып, салық жиып, елді байыту туралы әңгіме де бола бастады. Биліктегілер өздері айтып, өздері қойып, ырду-дырду болып жүргенде, көшеге бала тастап кету үрдіске айналды. «Пәлен жерге біреу сәбиін тастап кетіпті, ол ұсталды, қамалды» деген ақпаратты да көп естиміз. Құлақ ести-ести – бой үйренді. «Түнгі көбелектердің» де «жұмысы» кәдімгідей ерлерге көрсететін қызмет ретінде қалыптасып қалды. Әлі де оны заңдастыру туралы анда-санда теледидардан хабарлап, үгіт-насихат жүргізулуде. Кімді қалай, қандай албасты басқанын білмеймін, бірақ халық жаппай меңіреу сияқты күй кешуде. Билік салғырттық танытып, халық қауқарсызданып жүргенде іс одан әрі насырға шапты.  Жаққаның өшіп, өсіргенің өлетін кезге жеттік.
Тәрбиенің түбіне жетіп, енді басқа істер іс таппағандай, мектептегі ұл балаға мүше қап таратып, (оны да бизнеске айналдырмасына кім кепіл?) екі қабат болған жас өспірім қыздарға ата-анасының ұлықсатынсыз аборт жасату жайлы әңгіме жүргізілуде. Әр деңгейдегі тілшілер мен журналистер халықтың пікірін сұрастырып білгенсымақ. Егерде осы мәселеге халық қолдау көрсетсе, ол парламентке ұсынылмақшы. Сонда не, енді қалғаны мектепті зинақорлық ошағына айналдырмақ ойлары бар ма? Бұл не масқара?! Неге ел болып, жұрт болып, бұл бейбастықты тоқтаудың жолын іздеп, түсік жасату жөнінде үгіт-насихат жүргізіп жүрген адамдарды да, осы мәселеге бүйрегі бұрған мамансымақтарды, журналистсымақтарды да жауапқа тартқызбайды?

Тілшілерге да таңым бар. Жастық па, әлде қызметін өз дәрежесінде меңгере алмағандығынан ба, істерін шала-пұла, жүрдім-бардым атқарады. Бір бағдарламада осы мәселе бойынша көшедегі адамдардан интервъю алғанда кілең жастардан, не бір-екі ғана баласы бар немесі баласы жоқ орыс азаматтарынан, болмаса орыстанып кеткен адамдардан алады. Неге қазақтың желі есіп тұрған, балалы-шағалы орта жастағы, өмірден көргені бар, өзіндік ой-пікірі бар, айтылып отырған жәйттің байыбын түсінетін ата-анадан сұрамайды?

Дәрігерлер неге үнсіз? Жас қыздарға түсік жасатудың қаншалықты зардабы бар екенін неге айтпайды? Қыз бала ата-анасына білдірмей түсік жасатқан кезде дүниеден өтсе, кім жауапты болады? Әрине, Жасаған иеміз мұндайдан аулақ қылсын. Қазір түсіктен алынған «нәжістен» - (басқаша айта алмадым) өте қымбат опа-далап шығарады екен, сонымен қоса қоспа қосу арқылы адамдар ішсе, жасаратын дәрі-дәрмек жасалатыны да айтылып жатыр. Ой, тоба-ай, он екіде бір гүлі ашылмаған, абайсызда от басқан жасөспірімнің болашағын ойлап жүрген адамдар ма десем,  мұның түбірінде де түсініксіз тұңғиық сыр сақтаулы сияқты.  

Мал екеш мал да, жыртқыш та өз төлін қауіптен қорғау үшін  қарекет жасайды. Ал біз ше?! Біз – құдайдың жаратқан құлы ел аман жұрт тынышта, соғыс жоқ, қырғын жоқ, бейбіт күнде ұрпағыңды – қызыл гүліңді, болашақ ананың тағдырын қалай тәлкекке тастаймыз?! Қызымыздың ғұмыры қыл үстінде тұрған заманда, айналайын, жастарға кері әсер ететін, жолдан тайдыратын азғындататын бағдармаларды теледидардан көрсетілуін тоқтатуды неге талап етпеске?! Мысалы, «Кел, келінім» бағдарламасы кімге керек? «Қалаулым»бағдарламасы қоғамға керек пе?!  Бұрын отбасын құрған, түрлі себептермен ажырасқан жігіттер мен қыздар болса мейлі. Олардың да өмірде өз жолы бар. Ал жас қыздардың осы бағдарламаға баруының өзі - ұят. «Мен сені ұнаттым» деп жігіттің алдына баруы – барып тұрған масқара әрі көргенсіздік. Бағдарламада бірін-бірі сөгіп, сөз таластырып балағат сөздер айтып отырғанын көріп, күйінесің де қынжыласың. Шіркін-ай, «биязы да сыпайы сызылып тұратын, ұяң мінезді қазақ қыздарының қалмағаны ма?» деген ой көкейіңе оралып, ішің удай ашиды. Бет-аузын бояп, әлеміш күйге енген, жан-жағын жапыра жігіттермен салғыласып отырған қыздарды көріп, апыр-ай, осыларды да ана көрген қазақ қыздары ма дегенге сенгім келмейді. Болашақ аналар осылар болса, ұрпағымыз не болмақ?! Қазіргі статистика бойынша, үйленген жастардың жартысы ажырасып жататының бір себебі осында жатқан жоқ па екен?!
Оян, ағайын! Оян да ойланып қозғал, ағайын!
Сегізбаев  Әбдісамат
зейнеткер-ұстаз.
21 қаңтар 2019 ж. 1 245 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 43

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930