Балаға ең жиі қойылатын ТОП-20 есімнің мағынасы немесе ат қоярда нені ұмытпаған жөн
Әрбір ата-ана өмірге келген сәбиге әдемі, көркем есім таңдауға тырысады. Бүгінде елімізде қазақы аттардан бөлек, басқа тілдерден енген, көпшілік арасында кең таралған заманауи есімдер жиі қойылады
Адамның есімі оның өмірі мен тағдырына әсер етеді дегенді жиі естиміз. Тіпті "адам өзінің азан шақырып қойған атына сай өмір сүреді" дейді дана халқымыз. Сондықтан болар, қазақ халқы шыр етіп дүние есігін ашқан сәбиге ат қою рәсіміне ерекше мән берген. Біреулері жаңа туған сәби болашақта елге сыйлы, абыройлы, атақты болсын деген ырыммен белгілі тұлғалардың есімін берсе, енді бірі заман көшінен қалыспайық деген оймен айтылуы да, естілуі де әдемі "сәнді" есімдер таңдайды. Sputnik Қазақстан тілшісі Қазақстанда сәбилерге ең жиі қойылатын есімдердің мән-мағынасына тереңірек үңіліп, ат қою дәстүрін зерттеп көрді.
Азан шақырып, ат қоярда сәбидің ата-анасы ырымдап, жасы үлкен, сыйлы адамға қолқа салады. Ағайын-туыс жиналып, ат қоятын адам сәбиді қолына алып, "Аллаһу әкбар" деп азан шақырып, сәбидің оң құлағына есімін үш рет қайталап айтады. Бұл баланың есінде сол есім қалсын, құлағына сіңсін деген ниетпен жасалады. Сондықтан азан шақырып, ат қою қазақ халқының мұсылмандық жоралғысының қалыпты қағидаларының бірі болған.
Бүгінде Қазақстанда қазақы аттардан бөлек, араб, иран, грек, тіпті испан тілдерінен енген, жақсы мағына беретін есімдерді қою кең тараған. Оны сәбилерге ең жиі қойылатын есімдердің шығу төркінінен-ақ аңғаруға болады.
Ұлдарға жиі қойылатын ТОП-20 есімнің мағынасы
Әлихан – араб тілінен енген ғали мен ханның қосындысы. Ғали "әлидің" синонимі, биік, аса, зор, заңғар деген мағына береді.
Айсұлтан – "ай" мен "сұлтан" сөздерінен жасалған есім, сәби айдай болсын, өз ортасында сұлтандай қадірлі болсын деген ниетпен қойылады. Сұлтан араб тілінен – "билеуші, әкім".
Нұрислам – "нұр" мен "ислам" сөздерінен құралған. Араб тілінде нұр – жарық, сәуле, ал "ислам" дініміз болғандықтан, Алланың нұры жаусын деген ниетпен қойған.
Әмір, араб тілінен – бастық, әкім, билеуші. Біріккен тұлғалы есімдер: Әмірбай, Әмірбек, Әміржан, Әміртай, Әмірәлі.
Әлинұр – "әли" мен "нұр" сөздерінен жасалған есім. Әли, араб тілінен – аса, зор, заңғар; Нұр – жарық, сәуле.
Ерасыл – аса аяулы, нағыз батыр.
Әли – араб тілінен ғали – биік, аса, зор, заңғар. Біріккен тұлғалы есімдер – Әлиасқар, Әлиакпар, Әлиахмет. Синонимдері: Ғали, Қали, Әлі, Алы.
Рамазан – араб тілінен рамадан – күйдіруші, жандырушы. Араб елдерінде бұл өте ыстық ай. Мұсылман жыл санауының тоғызыншы айы, осы айда туған балаға осындай есімдер қойылған.
Санжар — көне түркі тіліндегі Саншора есімінің дыбыстық тұрғыдан өзгерген түрі. Көне түркі, қазақ тілінде сан – "он мың", "шора – ер, батыр" деген мағыналарды білдіретінін ескерсек, "бір өзі он мың қолға тең ер, батыр" мәнінде қойылған есім екенін байқаймыз. Ғасырлар бойы айтыла келе, Саншора-Саншор-Саншар-Санжар болып өзгерген. Тағы бір мағынасы – бұзып өтуші.
Мирас — араб тілінен мұра, артта қалатын көз, тұяқ.
Арсен, Арсений – көне грек тілінен "арсениос" – батыл, ержүрек деген мағына береді.
Нұрасыл – "нұр" мен "асыл" сөздерінің қосындысы. Асыл – араб тілінен алынған әсил – 1) негіз, түбір, түп нұсқа; 2) шынайы, нағыз; 3) қымбатты, ардақты.
Ислам – түп-тамыры "салима", "юслиму", "ислам" яғни, бейбітшілік, аманшылық деген сөздерден бастау алады, ол Алла тағаланың "әс-Сәләм" деген көркем есімімен сабақтас. Ал шариғаттағы мағынасы – толық мойынсыну, Алланың алдында парыздарды орындау, одан басқа жалған құдайларға табынбау.
Алдияр, араб-иран. аллайар – Алланың досы; тақсыр, ұлы мәртебелі.
Расул, араб тілінен – 1) хабаршы. 2) елші, уәкіл.
Артем, грек тілінен "артемес" – аман, аурусыз, сау.
Мансұр, араб тілінен – 1) жеңімпаз, жеңіске жетуші. 2) құдіретті.
Диас – испан тілінен – күн, күндіз. Испания көтерілісшілерінің көрнекті басшысы Хосе Диас құрметіне 1936 жылы қойылған есім.
Дамир — түрік тілінде темірді осылай атайды. Мұндай есім қойғандағы ниет "темірдей мықты болсын" дегеннен туса керек. Тағы бір мағынасы – ар, ождан. Дамир есімді азаматтар іскер келеді, ерік-жігері мықты. Жақтастары көп.
Дінмұхаммед – Дін + Мұхаммед; Мұхаммед – "аса мақтаулы, мақтауға лайық".
Қыздарға қойылатын ТОП-20 есімнің мағынасы
Айзере, қаз. ай+зере, иран тілінен "зер" – алтын. Алтынай есімінің синонимі.
Раяна – араб тілінен — 1) толық, тегіс, түзу; 2) дамыған, кемелденген, жетілген. Тағы бір мағынасы – жұмаққа кіретін қақпа.
Айару – "ай" мен "ару" сөздерінің қосындысы. Айдай сұлу ару болсын ниетпен қойылған.
Айша – араб тілінен гайшә – көне евр. айше – ұзақ өмір сүруші, өмірге құштар. Түрлері – Ғайша, Қайша.
Айлин – бұл есім, негізінен, түрік қыздарына жиі қойылады. "Ай нұры" деген мағына береді.
Әмина – араб тілінен – 1) адал, сенімді; 2) зиянсыз, сәтті, игілікті.
Кәусар – араб тілінен – пәк, жомарт, мөлдір. Жәннаттағы өзеннің аты.
Аяла – қаз. мәпелеп өсіру, әлпештеу.
Інжу – араб тілінен – маржан.
Медина (Мәдина) – "қала", Мадинат ән-Нәбий ("Пайғамбар қаласы") деген тіркестен алынған. Мұсылмандардың қасиетті қаласы.
Айым – менің бақытым, ырысым, айдай сұлуым деген мәнде қойылған есім.
София – грек. – ақылды, білімді, дана. Сафия есімімен үндес, Сафия – "саф таза, тұнық; таңдаулы" деген мағына береді.
Аяулым – "менің жаным, қымбаттым" деген мағына береді.
Асылым, асыл – "текті, бекзат". Түп-төркіні осы сөзден шықса керек.
Адина, иран тілінен одина – 1) әдеміленген, безенген; 2) жұма күні, аптаның бесінші күні туған балаға қойылатын есім. Бұл есім бізде қыз балаларға ғана қойылады. Ал Иран тілдерінде көбіне ұл балаларға қойылады. Синонимі – Әтина.
Амина – қазақша "Әмина". Араб тілінен – 1) адал, сенімді; 2) зиянсыз, сәтті, игілікті.
Аружан – сұлу, көркем деген мағынада қойылады.
Аяна – араб тілінен – өз көзімен көру, айқындылық, анықтық, ақиқат, шындық.
Айкөркем – ай + көркем, "айдай сұлу көркем болсын" деген тілекпен қойылады.
Әдия – араб тілінен "хадия" – сый, сыйлық, тарту.
Сәбиге қашан ат қойылады?
Нәресте өмірге келгеннен кейін оған көркем, әдемі, құлаққа жағымды естілетін ат қою – әрбір ата-ананың міндеті. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне сай сәбидің есімі туғаннан кейін бірнеше күн өткен соң қойылады. Сахаба Әнас ибн Мәліктен (р.а.) жеткен хадисте "..нәрестеге туылғаннан үш күн өткен соң ат қойылады" делінсе, Сумраның келтірген дерек көзінде "…жетінші күні қойылады" деп айтылған. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларының балаларына есімдерін туған күні қойғандығы жайында да риуаяттар бар.
Нәрестеге кім ат қоюға құқылы әрі лайықты?
Балаға, ең бірінші кезекті, ата-анасы ат қоюға құқылы. Егер олар ортақ шешімге келе алмаса, әкенің құқығы басым болады. Сондықтан әкесі қаласа, сәбидің атын өзі қояды немесе жұбайына ұсынады. Қаласа, екеуі өзара жеребе тастау арқылы бұл мәселені шеше алады.
Сондай-ақ, баланың есімін әке-шешесінің рұқсатымен атасы мен әжесі, немесе әулеттегі құрметті ақсақал, я болмаса танымал тұлғалар да қоя алады.
Үлкендерге әрдайым құрмет көрсетіп, жол беретін қазақ халқы баланың есімін көбіне ата-әжелерге қойғызып жатады.
Сәбиге ат қоярда неге мән берген дұрыс?
Баланың есімі оның өмірлік жолдасы болғандықтан, ат қойғанда, көркем, мән-мағынасы жоғары, жақсы есімдерді таңдаған абзал. Осы тұста айта кететін бір жайт, Алла Тағаланың 99 көркем есімі бар. Оның қай-қайсы да ең жақсы есімдердің қатарына жатады. Алайда бұл есімдерді қояр кезде арабша "абдун" деген қосымшасын тіркеп қою керек. Мысалы, Раззақ – Абдурраззақ, Саттар – Абдуссаттар т.б.
Міне, осы көркем есімді білген дана бабаларымыз балаларының аттарын қазақшалап, Әбдіразақ, Әбдісәттар деп қоятын болған. Айтылуы да, мағынасы да жағымсыз есімінің болашақта балаға жаман жағынан әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Міне, Ислам шариғаты бұған аса мән берген.
Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жаман, жағымсыз есімді кесірдің басы деп есептейтін.
Балаға қандай есім қоюға болмайды?
Кей есімдерге шариғат тұрғысынан да, тілдік тұрғыдан да тыйым салынатын кездер болады. Пайғамбарымыз Алла Тағалаға қарсы келетін мағынаны білдіретін есімдерді қоюдан тыйған.
"Құл" деген мағынаны білдіретін "абдун" сөзін Алла Тағаланың есімі мен сипаттарынан басқа атауларға тіркеуге болмайды. Мысалы, Абдулузза – "Уззаның құлы" (Узза Исламнан бұрын табынатын пұттың аты болған), Абдулқағба – "Қағбаның құлы" деген сияқты есімдер.
Алла Тағаланың көркем есімдерін сол күйінде балаға есім етіп беруге болмайды. Мысалы, Алла, Рахман, Халиқ, Ахад, Разиқ, Бәрии, Раббы деген сияқты.
Жын-шайтандардың, кәпірлердің, дінсіздердің көсемдері мен тағы басқа халық арасында жаман жағынан танылған кісілердің аттарын қою да мұсылман баласы үшін дұрыс емес. Мысалы, Ібіліс, Ифрит, Перғауын, Һаман, Жалұт, Әжүж, Мәжүж, Хосрау, Цезарь, Ленин, Сталин, Энгельс, Маркс, Тельман, Дарвин, Коммуна, Партия тағы басқа.
Сонымен қатар "Патшалардың патшасы", "Әкімдердің әкімі", "Сұлтандардың сұлтаны" деген мағынаны білдіретін есімдер.
Деректер "Дін мен дәстүр, II", "Қазақ есімдері" энциклопедиялық анықтамалығы, "Есімдер сыры" (Телғожа Жанұзақ), "Қазақ есімдері" кітаптарынан алынды.