Топ-баннер
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі елдің есінде

Еңбегі елдің есінде

Жақында еңбегімен еленген, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген инженер-гидротехнигі, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Ержігіт Бозғұловтың туғанына 95 жыл толуына орай, Ғани Мұратбаев мемориалдық музейінің көрме залында, «Өнегелі өмір, өлшеусіз еңбек» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті. Тағылымды шарада тұлғаның өмір жолы мен ел игілігі жолындағы атқарған ісі кеңінен насихатталып, жас ұрпаққа үлгі ретінде ұсынылды.
Ержігіт Бозғұлов 1931 жылы 2 ақпанда Қазалы ауданы, Ғ.Мұратбаев ауылында дүниеге келген. 1949 жылы №17 қазақ орта мектебін бітірген соң, текті әулеттің тәлімін бойына сіңіріп өскен ол 1954 жылы Алматы ауыл шаруашылығы институтын тәмамдап, еңбек жолын Қазалы аудандық машина-экскаватор станциясында бастайды. Қарапайым қызметтен, құрылыс-мелиорация саласының білікті басшысына дейін көтеріледі. Ол Қызылорда плотинасының құрылысына, «Главриссовхозстрой» басқармасына қарасты облыс жайылымдарын суландыру жұмыстарына жетекшілік етеді. Қызылқұм мен Қарақұм жайылымдары суландырылып, Сыр бойындағы күріш алқаптары тегістеліп, көптеген каналдар салынуына атсалысады. Мыңдаған гектар жердің игеріліп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосады.
Ұзақ жылдар бойы облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңестің депутаты және Қазақстан Компартиясы XIV съезінің делегаты болған азамат тек білікті инженер-гидротехник қана емес, ел қамын ойлаған, қоғамға адал қызмет еткен нағыз қайраткер еді.
Ерен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Октябрь революциясы» және екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, сондай-ақ бірнеше медальдармен марапатталады. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінде жеті мәрте алтын, күміс және қола медальдардың иегері атанып, 1976 жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген гидротехнигі» атағын алады. Есімі Одақтық Су шаруашылығы және мелиорация министрлігінің «Құрмет кітабына» енгізіледі. 1991 жылы Республикаға айрықша еңбегі сіңген ардагер ретінде «Еңбек ардагері» атағына ие болды. Жаңақорған, Қазалы аудандарының және Қызылорда облысының Құрметті азаматы атануы – еңбекке берілген лайықты баға еді.
Ержігіт Сексенбайұлы 2009 жылы 9 қаңтарда 78 жасында дүниеден өтеді.
Ғұмырын адалдық пен жауапкершілікке арнаған азаматтың соңында қалған мәңгілік мұрасы.
Көрменің ашылу салтанатына ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, мәдениет қызметкерлері, сала мамандары, жастар мен мектеп оқушылары және тұлғаның ұрпақтары қатысты. Су символын білдіретін көк түсті лента қиылып, көрме ресми түрде ашылды. Оқушылардың «Өнегелі өмір – ұрпаққа аманат!» атты әсерлі көрінісі кештің мазмұнын тереңдете түсті. Қонақтар Е.Бозғұловтың жеке заттары, марапаттары, жазбалары мен құжаттарымен танысты.
Музейдің «Төрдегі сөз» атты сырлы сұхбат жобасына Ержігіт Бозғұловтың ұлы Марат Ержігітұлы арнайы шақырылды.
Әңігемелесуде ол ардақты азамат туралы естеліктерімен бөлісті. «Әкем бізге адал аттан артық байлық жоқ екенін үнемі айтып отыратын. Еңбек етсең ғана елге сыйлы боласың дейтін», – деп қарапайымдылығы, уәдеге беріктігі, адамға деген шынайы құрметі – балаларына қалдырған ең үлкен мұра екенін ерекше атап өтті.
Бүгінде Ержігіт Бозғұловтың есімі жас ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегіне айналып отыр. Әйтеке би кентіндегі №249 мектеп-лицейге оның есімі беріліп, білім ордасында арнайы музей ашылған. Музей қорында тұлғаның жеке заттары, марапаттары, сирек фотосуреттері мен тарихи құжаттары сақтаулы. Бұл рухани орда – оқушыларға адал еңбектің, кәсіби шеберліктің, адамгершіліктің үлгісін көрсететін тағылым мектебі.
«Өнегелі өмір, өлшеусіз еңбек» көрмесі музей төрінде бір ай көлемінде жұмыс істеп, қала тұрғындары мен қонақтарға кеңінен насихатталатын болады. Көрме арқылы еңбек адамының асыл бейнесі дәріптеліп, елге қызмет етудің маңызы жас ұрпақ санасына сіңірілмек. Бұл – өткенді ұлықтау ғана емес, болашаққа бағыт-бағдар беретін рухани бастама.
Ақзира САРМАНТАЙ
Ғани Мұратбаев музейінің
ғылыми қызметкері






28 ақпан 2026 ж. 22 0

Еңбегі елдің есінде

28 ақпан 2026 ж. 23

Қарғыс ұратыны рас па?

28 ақпан 2026 ж. 24

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728