Заманауи диагностика – сапалы медицина
Ауданда денсаулық сақтау саласы бойынша ауқымды істер атқарылуда. Жақында тұрғындарының денсаулығын нығайту мен медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында айтулы оқиға орын алды. Аудандық көпбейінді орталық ауруханасында заманауи компьютерлік томография (КТ) кабинеті салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілді.Бүгінде медицинаның дамуын озық технологиясыз елестету мүмкін емес. Осы орайда, аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасының нығаюы — халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Жаңа кабинеттің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Алмасбек Есмаханов жиылған қауымды құттықтап, денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістерге тоқталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемеұлы Тоқаевтың бастамасымен және аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен ауданда медицина саласы түбегейлі жаңғырып жатқанын жеткізді.
«Соңғы үш жылда Бозкөл, Кәукей және Абай ауылдарында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 3 бірдей дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілсе, Жалпақ және Жұбан елді мекендерінде жаңа медициналық бекеттер ашылды. Өткен жылы «Бекарыстан би» және «Болат жолы» амбулаториялары күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, елді мекендерге 26 дана жедел жәрдем автокөлігі табысталып, санитарлық көлік мәселесі түбегейлі шешілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылдық жерлердегі медициналық қызмет сапасын облыс орталығымен теңестіру — басты міндетіміз. Жаңа компьютерлік томография аппараты қазалылықтардың алысқа сабылмай, өз жерінде дәл әрі жылдам диагноз алуына мүмкіндік береді. Бұл — адам өмірін сақтап қалудағы шешуші фактор», — деді аудан басшысы.
Жаңа кабинеттің ашылу рәсімінде денсаулық сақтау саласаның ардагері Құлпыбай Ысқақов аудан тұрғындарының көптен бері көтеріп келе жатқан маңызды мәселенің шешімі табылғанына қуанышын жеткізді. Одан соң заманауи диагностиканың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатын кабинеттің лентасы салтанатты түрде қиылып, аудан әкімі мен шараға жиналған қонақтар жаңа аппараттың мүмкіндіктерімен танысты.
Аудандағы медицина саласы енді тек жабдықталу жағынан емес, күрделі оталар жасау бойынша да республикалық деңгейде алдыңғы қатарға шықты. Өткен жылдың желтоқсан айында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен құны 1 миллиард 810 миллион теңге болатын 42 төсектік кардиология және инсульт орталығы іске қосылды. Ең басты жаңалықтың бірі — 2025 жылдың қараша айынан бастап Қазалыда жүрек ырғағының бұзылыстары бойынша аритмологиялық жоғары мамандандырылған оталардың жасала бастауы. Бұл — республика көлемінде аудандар арасында тұңғыш рет Қазалы ауданында жүзеге асырылып отырған жоғары технологиялы медициналық қызмет түрі. Іске қосылған құны 326 миллион 699 мың теңгені құрайтын компьютерлік томография аппараты осы жүйелі жұмыстардың заңды жалғасы. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілген бұл құрылғы енді аудан тұрғындарына облыс орталығына бармай-ақ, өз жерінде жедел әрі дәл диагноз алуға мүмкіндік береді.
Компьютерлік томография — ішкі ағзалардың жағдайын ең жоғары дәлдікпен анықтайтын бірегей әдіс. Осы уақытқа дейін аудан тұрғындары бұл зерттеуден өту үшін облыс орталығына немесе көршілес қалаларға баруға мәжбүр болатын. Енді бұл мәселе түбегейлі шешімін тапты. Жаңа қондырғының ерекшеліктері қандай? Зерттеу жұмысы санаулы минуттар ішінде аяқталады. Инсульт, ісік аурулары және түрлі жарақаттарды алғашқы сатысында анықтауға қауқарлы. МӘМС жүйесі аясында жолдама арқылы тегін қызмет көрсетіледі. Мамандардың айтуынша, аппараттың мүмкіндігі өте жоғары. Ол тек суретке түсіріп қана қоймай, ағзаның үш өлшемді (3D) кескінін жасауға мүмкіндік береді. Бұл хирургиялық оталардың сәтті өтуіне және емдеу тактикасын дұрыс таңдауға септігін тигізеді.
Денсаулық — баға жетпес байлық. Аудандық аурухананың заманауи құрылғымен толығуы — өңір медицинасының белесі. Алдағы уақытта аурухананың жапсарлас ғимаратына заманауи МРТ (магнитті-резонанстық томография) медициналық құрылғысын орнату да жоспарлануда. Осылайша аудандық аурухана толыққанды аймақтық диагностикалық орталыққа айналмақ.
Айнұр ӘЛИ














