Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазыналы қарияның сынағы

Қазыналы қарияның сынағы

Ертеде еліне елеулі, халқына қалаулы қазыналы қария ғұмыр сүріпті. Ол екі жолдың түйіскен жерінде әлі қабырғасы қатая қоймаған бозбалаға кездесіп, жөн сұрасыпты. Бозөкпе жігіттің есімі Ұғымтал еді. Көпті көрген ақсақал көкөрім жасты сынамақ болады. Арада аз ғана уақыт өткенде оған әңгіме арасында:
Балам, мың кісінің түрін білгенше, бір адамның атын біл. Өзіңе таныс емес ортада отырсаң, есіктен кірген адамға орныңды берме. Бөтен жұртта қалтаңда асыл зат болса, ешкімге көрсетпе! – дейді. Жас өскін барлығын үнсіз тыңдап, құптаған сыңай көрсетеді.
Бір кездері қария Ұғымталға:
– Мен білерде мына алдымыздағы төбеден ассақ, төменде ауыл жолығады. Сен сондағыларға алдымен жетіп, бір ақсақал келе жатыр деп хабарла, – деп бұйырады.
Балғын жігіт сапарлас атасының айтқанын екі етпейді. Астындағы жирен қасқасымен құйғыта шауып, ауылға кіре бере:
– Халайық, бір құрметті ақсақал келе жатыр! – деп айқайлап, айналаны басына көтереді.
«Ей, мынауың жынданып кеткен бе?» – деп үрпиіскен көпшілік оны ұстап алып, бағанға байлап тастайды.
Ұзақ іркілмей, мұның артынша жеткен жаңағы қарияны ауылдастар арқа-жарқа қарсы алып, еңселі ақ боз үйге кіргізеді. Далаға шығып, серігін іздеген қария Ұғымталдың байлаулы тұрғанын көреді. Қол – аяғын босатқызып, қасына отырғызады.
Ақсақалға сәлем берушілердің қарасы көп. Ұғымтал қарттың айтқан ескертпесін есінен шығарып алады. Ішке бас сұққан адамдарға орнын беремін деп ауыз үйге шығып қалады.
Сәлден кейін дастархан жайылып, ортаға ас келеді. Сол сәтте Ұғымтал жалма-жан қалтасындағы алтын сапты бәкісін алып, етті турай бастайды. Жағалай жайғасқандардың арасынан: «Ой, мынау біздің бәленбай байдың баласына лайық бәкі екен» деп жағымпаздар әдейі сыбырласа жөнеледі. Бұны естіген байдың ерке ұлы Ұғымталды далаға алып шығып:
– Менің жоғалған бәкімді сен ұрлаған екенсің, – деп ұрып-соғып, арбаға байлатуға мәжбүрлейді.
Тамақтан кейін кешкі намазын оқу үшін дәрет алмаққа сыртқа беттеген ақсақал арбаға байланған Ұғымталды байқайды. Аңғал бозбалаға жала жабылғанын білген қария:
– Ертең сені дарға асуға алып барады. Сонда әрекетсіз қалмай, «дат тақсыр» де. Сосын сені менің алдыма әкеледі. Маған келгеніңде «Бәленбай жылы әкем аңнан қайтпады. Қамқоршымды іздеп жүріп, өлігінің үстінен түстім. Суыт оқиға кезінде осы бәкі әкемнің төсінде қадаулы тұрды. Сондықтан анда-санда көпшілік жиындарда елге әдейі көрсетіп қоямын. Себебі кімде-кім бәкіні таныған болса, өлтіруші жанның табылғаны деп ойлайтын едім. Міне, енді ізін суытқан нағыз қылмыскер табылып та отыр дегейсің», – дейді.
Ертеңіне жазықсыз жалаға іліккен жас жігіт қамаудан босанып, әкесінің құнына ат басындай алтын алыпты. Жолаушылап жүріп, бірнеше сынақтан өткен Ұғымталға данагөй қария қоштасарда: «Қарағым, ақылды азамат боламын десең «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген ең жаман батадан аулақ бол!», – деген ақ тілегін жеткізіпті.

Дайындаған
Сахи ҚАПАР,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
17 маусым 2023 ж. 1 317 0

Сақ патшайымы – Зарина

11 қазан 2024 ж. 82

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 143

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 146

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031