Дархан даланың дара шынары
Қазақстан және Орта Азия жастарының жалынды жетекшісі, шығыс жастарының ұйымдастырушысы болған белгілі қоғам қайраткері Ғани Мұратбаев есімі – елге ғана емес, өткен кеңес одағына белгілі тұлға. Егер сарғайған тарих парақтарына көз салсақ, он бес жасар баланың аласапыран кезеңде мәртебелі де лауазымды ұйымның мүшелігіне қабылдануы тектен-тек болмаса керек.
Ғани 1902 жылы Қызылорда обылысының Қазалы ауданында дүниеге келген. Ғанидың әкесі Мұратбай қарасақал руының сыйлы адамы ретінде он сегіз жыл болыс болып, Қуаңдария бойында «Ақ ишан», «Кәлен ишан», «Өтер ишан» мешіттерін салдырады. Шенділер мен шекпенділерге бас ие қоймағаны үшін абақтыға да жабылады.Ол жақтан оралған соң да кедейлерге болысып өмір сүрген екен. Мұратбайдың асырап алған Жанет есімді қызы Қарасақал Ерімбеттің тұңғыш ұлы Махамбетке тұрмысқа шығады. Олай болса Мұратбайдай әкеден Ғанидың тууы заңды құбылыс. Зерттеу жұмысын жүргізу барысында мені таңғалдырған оқиға - Ғанидың анасының ақындығы. Қанында намыс қайнаған қасиет иесі ақын анадан тумаса, Ғани бойындағы лықсыған шешендік қайдан келсін!? Бұлай дейтінім, Ғанидың шәкірті Симан Құлмырзаның қызы 70 жастағы Пірімов атындағы кеңшардың тұрғыны Күлпәш әжемен кездескенімде, әкесінен естіген естеліктерімен бөлісіп: «Ғанидың Ленинмен кездесуінде Ленин Ғаниды сынамақ болып:
- Қыс қыстауың қайда? Жаз жайлауың қайда? - деп сұрайды. Сонда Ғани: «Қыс қыстауым - басым, жаз жайлауым - жүрегім. Жүрегімнің қалауын басыммен ойланып шешім қабылдаймын»,- деп жауап береді. Ғанидың тапқырлығына тәнті болып, басын шайқап «Менен кейін Қызылдар үкіметін басқаратын Ғани болады», - деген көрінеді. Күлпәш әже Ғанидың тілі бай, терең ойлы, тапқыр жігіт екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп бергендей болды. Тәрбиелі отбасының, көреген, ақылман әкенің, өнерлі, парасатты, он саусағынан өнері тамған, бойында ақындық қабілеті бар ананың, аузы бір, тілегі бір елдің тәрбиесімен өсті. Ғани төрт жасында әкесінен, он төрт жасында анасынан айрылып жетім қалады. Салықбай деген ағасының қолында тәрбиеленіп жүргенде, оның бойындағы білімге деген құштарлықты байқаған Салықбай «теміржолшы отбасынан шыққан» деген жолдамамен Ташкентке 1918 жылы оқуға жібереді.
1919 жылы Коммунистік Жастар ұйымына мүше болып қабылданып, бірер жыл қалалық, уездік комитетте жұмыс істеді. Жетісу облысында мұғалімдер даярлайтын курстар ұйымдастырды, Жетісу облысы және Ташкент, Самарқан, Верный қалалары комсомол ұйымдарының негізін қалауға атсалысты. Ташкенттегі жетім балаларды интернатқа, балалар үйіне орналастыруға белсене кірісіп, олар үшін ұйымдастырылған интернаттың директоры болды. Интернатқа орналастырған балалар өз заманының біртуар азаматтары болды. Олар: А.Тоқмағамбетов, Ү.Тұрдықұлова, Ж.Баянбаев, Качуринер, С.Құлмырза.т.б. А.Тоқмағамбетов «... Аудан шеңберіне сыймай өлкелік өрге,аймақтық ауқымға,қала берді Орта Азияның, асырмай айтқанда, Шығыс жастарының қамқоршысы болуға құлашын созды,талант пен дарындылық,талап пен ынта , қайрат пен жігер оны жалындаған жас шешендік дәрежеге алып шықты. Жас болса да сөзінде данышпандық, өзінде ағалық, мінезінде әкелік басым жатты» деп Ғани туралы ойларын тұжырымдайды.
Азғантай біліммен, тамтұмдаған тәжірибесімен 1921 жылы Самарқанда өлкелік комитеттің хатшысы болды, кейін Түркістан Республикасы комсомол ұйымы ОК-нің бірінші хатшысы болып сайланды.
1922 жылы Ғани Түркістан комсомолының VI өлкелік сьезін ұйымдастырады. Түркістан жастарының алдында тұрған күрделі мәселелерді атап өтті. Олар батрақ-жарлы жастардың ахуалы, завод-фабрикаға тартылған жастардың ахуалы, қолөнерші және кедей жастардың мәдени дәрежесін көтеру міндетін атап өтті. Ғани өзбек мектеп-медреселерінде оқудың көне әдісі басым екендігін жете түсіндіріп, жаңа әдіске көшуге ұмтылуды, сауат ашумен шектелмей басқа пәндерді де оқытуды ұсынды. Мұғалімнің жетіспеушілігі өз алдына үлкен мәселе ретінде қаралды. Өзбек ағартуында жаңа орфография-латын жазуына өту саясатына Ғани табандылық танытты. Қазіргі күні көтеріліп отырған латын алфавитіне көшу мәселесінің маңыздылығын 20 жасар Ғани жете түсініп, замандастарынан озық туған дара екендігін дәлелдегендей болды.
Кешегі Верный, бүгінгі Алматы қаласында Ғани Мұратбаев 1921 жылы комсомол жиындарының бірінде жастар газетін шығару туралы ойын білдіреді. Ілияс Жансүгіровпен бірге ұйымдастырған бұл газетке бір ұран беруді ойластырады, содан «Заманға қожа болу, тұрмысқа тұтқа болудың кілті - бірігіп ұйымдасуда. Ояныңдар, ұйымдасыңдар, езілген Күншығыс жастары!» деп ұран береді. Сол тұста Ғанидың да жастар ұйымдарының жұмысына қатысты мақалалары шығып жатты. Мақалаларының бірінде ол «Бізде Түркістанда интеллигенцияны ұлықтауды жақсы көреді. Көпшілікте интеллигенция қайда жүрсе, бұқара соның соңынан ереді деген ұғым пайда болған. Оны ешкім жоққа шығармайды, бірақ біздің негізгі тірегіміз - жұмысшы бұқара» деген екен. Ғанидың айтқаны айдай келді, өмірдің өзі сол кездегі жиырма жасар жігіттің сөзінің дұрыс екенін дәлелдеп берді. Сол кездің өзінде комсомол ұйымына мүше жастардың 5% ғана орта білімі болса, 25% мүлде хат танымайтын. Сондықтан Ғани замандастарының көзін ашу үшін оларды білімге тартып, мектеп салуға, баспа-ағарту ісін дамытуға, газет-журналдар шығарып, кітапханалар ашуға, тіпті жастар біреуге жалданып жұмыс істесе де жалданушы мен жұмыс берушінің арасында келісімшарт түзуге барынша күш салды .Ендеше, Ғани қолға алған бір ғасыр бұрынғы мәселелер бүгінгі жастар ұйымдары үшін әлі де өзекті болып отырғанын жасыруға болмас.
1925 жылы Мәскеудегі «Биік тау» санаторийінде ауыр дертпен емделе бастайды. «Правда» газеті 1925 жылы 17 сәуірдегі №88 (3019) санында мынадай қазанама жариялады:
«Коммунистік жастар Интернационалы Атқару комитеті КИМ-нің барлық сексияларына сәуірдің 15-і күні кешкі сағат 17-ден 50 минут кеткенде Коммунистік Жастар Интернационалы Атқару комитетінің мүшесі Ғани Мұратбаев жолдастың ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін қайтыс болғанын хабарлайды». Мәскеу Ғаниды үш күн аза тұтып, денесі салынған табыт Шығыс Еңбекшілері Коммунистік университетінің залына қойылды. Қаралы митингіге он бес мың адам жиналып, Балтық теңізінің екі жүз сарбазы құрметті қарауылда тұрды. Мұның өзі, Ғанидың қоғамда алатын орнының ерекшелігін, мемлекеттің көшбасшыларының бірі екендігін көрсетеді.
«Ғани - жазуға да, айтуға да тұрарлық, жалындаған жас күйінде биік тұрған мәңгілік тұлға. Ол есітпесе де, ұрпақтары естісін, жырлайық, шын жүректен жырлайық!» деп А.Тоқмағамбетов айтқандай, Ғаниды жырына қоспаған Сыр перзенті жоқ шығар, сірә... Бірнеше адамның тағдырына сиярлық Ғанидың қысқа ғұмыры көптеген том-том кітаптар мен сырға толы әндерге арқау болды. «Жалындап өткен жастық шақ», «Ғани тағылымы», «Всегда юный», «Утренняя звезда», «Ғани жұлдызы»,т.б. кітаптар жарық көрді.
2012 жылы Ғани Мұратбаевтың туғанына 110 жыл толды. Қазалы ауданы үшін «Ғани жылы» деп аталып, Мұратбаев ауылында жалпы ауданы 4743 метр болатын «Атамекен» алаңы салынды. Онда Тәуелсіздік стелласы, доғалы қақпа орнатылып, Ғанидың ескерткіші қойылды.
«....Заманның қожасы да, тұтқасы да - жастар» деп Ғани Мұратбаев айтқандай, қарыштап дамып келе жатқан егеменді Елімнің болашағы бүгінгі жастар келбетімен танылады. Ғани жұлдыздай жарық еткен ерекше тұлға болса, Елбасымыздың үміт артар әрбір жасы, Ғани жұлдызымен жарқырауға тиісті! деп ой қорытқым келеді.
Гүлбағида ҚОСБАРМАҚОВА,
Қожабақы ауылы №25 мектептің
тарих пәнінің мұғалімі
тарих пәнінің мұғалімі