Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Елге аға болған Қалекең

Елге аға болған Қалекең

Абыз ақсақалмен алғашқы таныстығым жұмыс барысында басталды. 1969 жылы 19 тамызда Қазалы аудандық ауруханасы басшылығының бұйрығымен Карл Маркс совхозындағы ауруханаға дәрігер болып орналастым. Бірде түнгі мезгілде «Бала ауырып жатыр» деп бір жігіт ағасы келді. Ізіне ертіп, мен тұрып жатқан үйден онша алыс емес бір үйге алып келді. «Бұл Қали ағаның үйі» деп таныстырды ертіп келген кісі. Жеңгеміз көрсеткен баланың ыстығы көтерілген, сырқаттанғанына екі күндей уақыт болған екен. Науқас баланы тексеріп, тиісті дәрі-дәрмектерін беріп болғасын төр жақтағы бөлмеде отырған ағамызға сәлем бердім. Аты-жөнімді сұрап, ақыл-кеңестерін айтып, жұмысыма сәттілік тілеп шығарып салды. Жүздесуде мені жатсынбай өзіне тең санап, біраз сөйлесті. Соған риза болып, көңілді оралдым. Сол кездесуден кейін ол кісіге деген құрметім арта берді. Міне, сол абыз ақсақалдың өмірге келгеніне биыл 100 жыл толып отыр.
Қалекең 86 жасында дүниеден озды. 2003 жылы 26 мамырда ардақтап, арулап, мәңгілік мекеніне шығарып салдық. Қаралы митингіде сөйлеген сөзінде мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов: «Қали ағамыз облыс жұртшылығына белгілі ақсақал. Соғыс және еңбек ардагері, облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер, халқының құрметтісі, ақылшысы болған жан. Ол кісінің бойынан қарапайымдылық, адалдық, шыншылдық, еңбекқорлық, сыпайылық, мәдениеттілік секілді адами қасиеттердің барлығы табылады. Оны Қали ағамызды білетін адамдардың барлығы дәлелдей алады», – деген еді.
Қали ағамыз 1917 жылы қараша айында Қазалы ауданы, «Октябрь» совхозына қарасты «Қара арық» бойында дүниеге келген. 1931-1937 жылдары «Жаңатұрмыс» колхозында егін егіп, шөп орып, колхозшы болған. 1937 жылы қараша айында армияға алынған. 1939 жылы басталған Фин шайқасында барып, 1940 жылы жеңіспен аяқтайды. Фин соғысында жеңіске жеткен жауынгерлерді шекаралық әскери бекіністер салуға Латвия, Эстония жеріне апарады. Елдің елдігі мен азаматтың ерлігі сыналған Ұлы Отан соғысын Латвия жерінде қарсы алады. Қалекеңді бірнеше майдандастарымен Балтық бойынан Владивостокке кіші командирлер дайындайтын мектепке жіберген. Осында 11 ай оқып, «кіші командир» атағын алып шығады. Әскери жаттығулар мен ойындарды, тапсырмаларды орындауда ерекше көзге түскен ағамызды дивизия командирі генерал Апанасенконың бұйрығымен солдаттарды оқытуға, «резерв» дайындауға сол жерде қалдырады. Осында Қалекең 1941-1945 жылға дейін мыңдаған жас солдатты алғашқы әскери дайындықтан өткізеді. 1944 жылы Коммунистік партия қатарына өтеді. 1945 жылы фашизмнің Қиыр Шығыстағы ұясы Жапонияны талқандауға қатысады. 1945-1947 жылдары Қиыр Шығыстағы Жапон-Кеңес шекарасында күзетте болып, 1947 жылы қазан айында елге оралған. Қалекеңнің он жылғы өмірі қасиетті Отанын қорғау жолында өткен екен. Ұлы Отан соғысындағы ерліктері мен еңбегі бағаланбай қалған жоқ. «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен және «Ерлігі үшін», «Германияны және Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен, көптеген наградалармен, бағалы сыйлықтармен марапатталған.
Елге оралған соң сол кездегі аудан басшысы Махмут Бисенбиннің қабылдауында болып, «Жаңатұрмыс» колхозының басқарма төрағасының орынбасары және партия ұйымының хатшысы қызметіне жіберілген. Бұл уақыт баршаға аян. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар болатын. Басшы кадрлар мен жұмыс қолы жетіспейтін мезгіл. Осы қызметін екі жыл атқарғаннан кейін 1950-1953 жылдары Орал қаласындағы колхоз төрағаларын дайындайтын республикалық мектепте оқып, агроном мамандығын алып шығады.
1954-1962 жылдары Бозкөл, кейін «Октябрь» колхоздарын басқарған. 1962 жылы 23 ақпанда колхоздың мемлекеттік шаруашылыққа өтуіне байланысты Карл Маркс атындағы совхоз партия комитетінің хатшысы қызметіне ауысады. 1964-1972 жылдары осы совхозда мамандығы бойынша күріш егісіне басқарушы болған. 1972-1987 жылдар аралығында Жаңаталап, Майдакөл ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметін абыроймен атқарып, дербес зейнеткерлікке шыққан. 1999 жылы 16 қарашада өткен сайлауда Қазалы аудандық мәслихатының II шақырылымның депутаттығына сайланған. Міне, Қали ағамыздың қысқаша өмірдерегі осындай.
Елдің ағасы болған Қалекең шаруашылық және Жаңаталап, Майдакөл ауылдық кеңесін басқарған кезеңдерде жемісті еңбек етіп, сол кеңшарлардың экономикасын дамытуға, көркейтіп-көгалдандыруға, елдің ауызбіршілігін сақтауға көп еңбек сіңірді. Халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін ауыл орталығынан арық қаздырып, әр үйге аяғымен жарайтын су жеткізді. Халық осы уақытқа дейін соның игілігін көруде.
Жалпы ағамыз мықты диқан, судың жүретін жолын нақты білетін маман болатын. Бекарыстан би ауылы тұрғындарын үйіргелік жерлеріне бау-бақша егуге жұмылдырды. Майдакөл ауылдық кеңесі төрағасы кезінде Қали ағамыз 1980 жылы көгалдандыру-көркейту жұмыстарындағы нәтижелі еңбегі үшін «Социалистік жарыстың жеңімпазы» атанып, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің ауыспалы Қызыл Туын және 4000 сом ақшалай сыйлығын жеңіп алған.
Қазақта «Өліні сыйламай, тірі байымайды» деген нақыл сөз бар. Ағамыз зейнетке шыққаннан кейін де елдің бірлігін сақтау үшін түрлі мәселелерге араласып отырды. Бір ғана мысал, Бекарыстан би ауылында механизатор болып жұмыс істеген Амангелді деген азамат ауыр науқастанып қайтыс болды. Оның отбасында бас көтерер ешкімі жоқ еді, жағдайлары тым ауыр болатын. Мұны білген Қалекең елден қаражат жинап, марқұмды арулап, ел қатарлы жерлеуді ұйымдастырған. Бекарыстан би ауылынан үш шақырым жердегі «Жетім Толыбай» қорымын қоршатуға мұрындық болған да Қалекең еді.
Рүстем Жанаев ағамыздың «Жанайқай» повесінің «Өмір парақтары» бөліміндегі «Елу үшінші парақтан» үзінді келтірсем артық емес шығар.
«...Ұзақберген ағамыз бен Қали Мәкенов көп жылдар бойы ағалы-інілі болып, адам қызығарлықтай сыйластықта жүрді. Ұзекең қайтыс болғанда Қалекеңнің күні санаулы еді, соған қарамастан інісін жерлеуді өзі ұйымдастырып, тізесін бүкпей тік жүрді. Ұзекеңнің төртқұлағын да басында өзі тұрып салдырды. Бір күні маған телефон шалды: «Рүстем, маған бір машина қи керек, ағаңның басына ағаш ектіріп тастауым керек, сосын – всё шаршадым», – деді. Қи да барды, ағаш та егілді. Ұзекеңнің басын қарайтуға басшылық жасап, басына тал егіп кеткеніне әліге дейін қайран қаламын. Бұл не? Ерлік пе? Рухтың биіктігі ме? Досына деген адалдық па? Адал сыйластықтың ұмытылмас өнегесі шығар, сірә».
Тәуелсіздігіміздің арқасында бұрынғы Карл Маркс совхозына 1995 жылы Бекарыс­тан би бабамыздың аты берілді. 1996 жылы аудан әкімінің қолдауымен елдің ақсақалы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Қали ағамыздың басшылығымен Бекарыстан биге ас беру, ескерткіш қою мәселесі көтерілген болатын. Бұл шара республикалық дәрежеде жоғары деңгейде өткізіліп, соның куәсі болдық. «Асандар көтерілісі» құрбандарының 70 жылдығын атап өту мәселесінде де Қали ағамыз ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, қиыншылық уақытта ауданның барлық тұрғындарының басын біріктіріп, «Әлсейт» өткелінің шығыс бетіне ескерткіш орнатты. Ал, 2011 жылы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Асандар көтерілісі» құрбандарына қойылған ескерткіш жергілікті бюджеттен бөлінген 9 млн теңгеге қайта жаңғыртылып, күмбезделіп, ою-өрнектермен айшықталды. Тәуелсіздігіміздің құндылығы осында «Асандар көтерілісі» құрбандарының құрметіне өткен ғылыми-практикалық конференцияда ғалымдар мен тарихшылар баяндама жасап, республикалық дәрежеде мәдени-спорттық шаралар өткізілді.
1987 жылы Қалекең ұзақ та абыройлы, жемісті еңбегінің арқасында облыстық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты. Өзі өмірден өткенінше Майдакөл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін де үйде қарап отырған жоқ. 1991-1995 жылдардағы тоқырау кезінде өзі бас болып халықты ұйымдастырып егін, бау-бақша егіп, тығырықтан шығудың жолын үйретті. Елдің болашағына сеніммен қарап, еңбек пен табыстың көзін көрсете білді. Облыс жұртшылығына белгілі болған Қалекең әрдайым аудан, облыс көлемінде өтіп жатқан салтанатты шаралардың құрметті қонақтарының бірі болатын. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қызылорда қаласына келген сапарындағы салтанатты жиында облыс ардагерлерінің атынан сөз сөйлеу құрметіне ие болған. Ұлы Жеңістің 55 жылдық мерейтойында Астана қаласына арнайы шақыртылып, республика ақсақалдары атынан бата беруі де ағамыздың үлкен құрмет иесі екендігін дәлелдейді.
Ағамыз аудандық мәслихаттың депутаты болған кезінде де халқының жағдайын ойлаудан бір сәт шет қалған жоқ. Ел үшін маңызды идеялары мен ұстанымдарын облыс, аудан басшыларына жеткізе отырып, орындалуын қадағалайтын. Республикалық, облыстық дәрежедегі басшылармен тең дәрежеде сөйлесіп, өтінішін өткізе білгендігі ағамыздың ерекше бір қасиеті, сөзінің өткірлігі дер едім. Айта берсең, Қалекең атқарған игілікті істер көп-ақ. 
Қали ағамыз 1949 жылы құдай қосқан өмірлік жары – Балымбетқызы Ұлмекенмен бірге үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Барлығы да тәуелсіз еліміздің түкпір-түкпірінде, қоғамның әр саласында қызметтерін жасауда. Немере-шөберелері өсіп келеді. Өкініштісі, жанындай жақсы көретін екі баласы Меркамал мен Мараттың және сүйікті жары Ұлмекеннің өзінен бұрын мезгілсіз өмірден өткен қазасы еді. Бұл қайғы әрине, Қалекеңнің жүрегіне үлкен салмақ түсірді. Көпті көрген аға ғой, сыр бермеді. Шүкіршілік, Қали ағамыздың қарашаңырағында қазір баласы Күрішбек пен келіні Гүлсара бала-шағасымен отбасының берекесін келтіріп, киелі ошақтың түтінін түтетіп, Қалекеңнің орнын жоқтатпай отыр.
Қалекең ағамыздың 4 кластық қана білімі бар. Сол арқылы ел басқарып, жан-жағына шуағын түсіріп, ағайын-туысқа, жоқ-жітікке шексіз қамқорлық жасауы кез келген кісінің қолынан келе бермейді. Адамның өмір жолында білім-ғылым керек шығар, бірақ жоғары білімі болмаса да туа біткен дарынға жететін ештеңе жоқ секілді.
Қалекең ағамыздың өмірі шежіре, ғұмыры ғибратты, сөзі мұра, өзі қазынаға айналған ардақты адам. Өмірден көргені де, көңілге түйгені де көп. Еңбегі еленіп, ел құрметіне бөленген тұлға екені даусыз.

"ҚАЗАЛЫ" ақпарат
11 желтоқсан 2022 ж. 1 457 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 66

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 61

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930