Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жан жарасы

Жан жарасы

Адам баласы алдында не күтіп тұрғанынан қай кезде де ­хабарсыз ­болады емес пе?! Жаратушының жазған тағдыры ма, 2000 жылы жұмыс үстінде оң көзімнен жарақат алып, облыстық ауруханаға түстім.

Бір бөлмеде жатқан төрт адамның екеуі қазалылық, біреуі Қызылордадан, енді бірі Шиеліден. Кемедегінің жаны бір деген. Жағдайымыз ұқсас болған соң, тамақ, ұйқы, күлкі арсыздың кебімен жас шамамызға қарамай бір ауық әзіл-қалжыңның тиегін ағытсақ, кейде өткеніміздің ащылы-тұщылы кезеңінен сыр шертеміз.
Домаланған, шоқша сақалды, оң жақ қабағының үстінде бармақтай қалы бар, жүзінен де, дауыс ырғағынан да ерекше мейірім лебі сезіліп тұратын Жанұзақ ақсақалдың айтқан әңгімесі есімде қалыпты.
– Біз әке-шешеден үш ағайынды екенбіз, екі ағам және мен, – деп бастады бірде сөзін ақсақал. – Ашаршылық жылдарында мен шамамен 4-5 жаста ғана екенмін, яғни әлі ес біле қоймағанмын. Ел тұрмысы нашарлай бастағанда, «Ташкент тоқ қала» деген дақпыртпен, аттылы-жаяулы босқындарға ілесе әке-шешем бізді ертіп, Өзбекстанға бет алыпты. Жол үстінде белгісіз науқастан көз жұмған әкемнің сүйегі бір төбенің астында қалады. Итшілеп Ташкентке жеткен шешем бізді әркімге жалдана, қайыр сұрай жүріп әзер аман алып қалған. Арада бір жылдай өткенде «елдің жағдайы түзеле бастады» дегенді естіп, кері қайтуға бел буыпты. Бұл кезде мен еміс-еміс есімді біле бастағанмын. Шешемнің ағаларым мен мені қарны қабақтай, көзі аларған, түрінен адам шошырлық бай өзбектің ауласына алып келіп, оның аяғына жығылардай болып жылап-еңіреп бір нәрселерді айтып жатқаны, сосын екі ағамды ертіп, артына қарауға қорыққандай асыға ауладан шығып бара жатқаны көрген түстей ғана жадымда қалыпты.
Мұның сырын мен кейін ғана ұқтым, елдің жағдайы бұрынғысынша болса мені тірі қалсын дегені екен. Бойым тым аласа болғанмен, қағілез, тіл алғыш, нағыз барып кел, шауып келдің баласы едім. Әдепкіде мені ұсақ-түйек жұмысқа салып, арасында сәл жаза басқаным үшін шықпыртып алып жүрді де, ыңғайымды байқаған соң тыным беруді қойды. Тірі қалды деген атым болмаса, бұл жердегі көрген күнім «дозаққа» бергісіз болды. Су тасимын, нан пісіретін пешке от жағамын, бордақыға қойған екі өгіздің жемі, шөбі, суын беріп, тезегін, одан қалды аулада үюлі жатқан базарға шығаратын көкөністерді тазалаймын. Маған әдейілеп тамақ та берілмейді. Осынша молшылықтың арасында кешке дейін аш құрсақ жүремін.
Осындай сүреңсіз күндердің бірінде өзегім талып бара жатқасын тау болып жатқан сәбіздің біреуін аузыма апара бергенім сол екен, «атаңа нәлет қазақ» деп желкемнен бүре ұстаған байдың дауысын ғана естіп үлгердім. Онан кейінгісін үсті-үстіне тиген таяқтан шала-шарпы ғана білемін, есімді үйреншікті орнымда, қорадағы сабанның арасында жидым. Бұдан артық бұл жерде қалудың бекер екеніне көзім жетті. Ебін тауып сытылып сыртқа шықтым да, ­басым ауған жаққа безіп кете бардым. Қала шетіндегі өзеншенің бойындағы талдардың арасына барып бір-ақ тоқтадым. Қалың талдың бірінің төбесіне шығып бұтақтарын сындырып, орын дайындадым да сол жерде үш күн жаттым. Аштан өлетін болған соң төменге түсіп, қорқасоқтап қалаға кірдім. Базардың айналасына келіп оны-мұны сұрап жеп, кез келген жерге түнедім. Осындай күндердің бірінде әдетімше базар жағалап келе жатып:
– Ей, балақай, сен қазақ емессің бе? – деген дауысқа жалт бұрылсам, бір жігіт маған күлімсіреп тұр екен. Аңтарыла қарап қалған менің жауабымды күтпестен қасыма келіп: «Атың кім, әке-шешең бар ма, қайдан жүрсің?» – деп сұрастыра бастады. Құлағыма сіңіп қалған Жанұзақ деген есімнен басқа ештеңе айта алмадым. Жағдайымды түсінді ғой деймін, сөзін жалғастыра бастады.
– Менің атым Бекболат, сен маған бауыр боласың ба? Әзірше менімен бірге жатақханада тұрасың, елде әке-шешем бар, реті келгенде соларға апарып тастаймын. Ондағы тірлігің жаман болмайды, – деп ­бастырмалатып жатыр. Мелшиіп тұрған маған бәрібір екенін байқады-ау деймін, қолымнан жетектеп жатақханасына алып келді.
Бұл жерде менің жағдайым түзеле бастады, өздері не ішіп-жесе мен де соған ортақпын, киімім де дұрысталды. Үш-төрт айдан соң оқып жатқандарды жұмысқа алып кететін болды да, Бекболат аға мені Шиеліге, әке-шешесінің қолына әкеліп тастады. Аста-төк болмағанымен, ел өмірі жөнделе бастағанын бала болсам да байқадым.
Ол кісілер маған өз баласындай қамқорлық жасағасын, мен де бауыр басып үйренісіп кеттім. Анам, бауырларым көңілде елес сияқты қылаң беріп қойғанымен, күндер өте келе өткеннің бәрі ұмытыла бастады.
Өмірім осылай жалғаса берер ме еді, бір күні бұл кісілердің жақын туыстары болып келетін бір қартаңдау апа келмегенде. Бала болсам да менің байқағаным, әлгі кісі шай ішіп отырып та, кіріп-шығып жүріп те маған қарай берді. Келесі күні де келді, қарай бергенімен қоймай, үй иелерінен бір нәрселерді сұрағыштап жатқаны да білініп тұрды.
Қызықтың көкесі үшінші күні болды. Әлгі апа өзімен бірге бір әйелді ертіп келгені сол екен, ол бір сәт маған аңтарыла қарап қалды да, жүгіріп келіп құшағына қыса көтеріп бетімнен, әсіресе, бармақтай қалым бар оң жақ қабағымнан сүйгіштеп дауыс шығара бастады:
– Құлыным-ау, сенен біржола айырылдым ба деп едім. Көзімнің жасын көріп сені маған қайтып әкеліп берген Жаратқанға мың да бір тәуба!
Түкке түсінбеген мен танымайтын әйелдің үнінен қорқып, бар күшімді салып сыртқа сытылып шықтым да, көршінің қорасына қойып кеттім. Іле-шала соңымнан келген кісілер тартыншақтағаныма қарамай алдап-сулап, жаңағы әйелдің мені жоғалтып алып, әзер тауып отырған шешем екенін, ағаларым барын, мені алып кетуге келгендерін айтып, сүйрегендей үйге алып келді. Ал менде, келген жақтағы тозағыма қайта алып кеткелі жатыр дегеннен басқа ой болған жоқ. Менің табылуыма себепші болған анамның айтқандары арқылы біздің отбасымыздан жақсы хабардар көршіміз болып шықты. Үш жылға жуық уақыт өтсе де, соншалық өзгере қоймаған түр-тұлғамнан, оң қабағымдағы белгімнен анам мені айнытпай таныса керек.
Осылайша мен шешем, бауырларыммен қайта табыстым. Мектепке бардым, төрт кластық білім алдым. Сосын Ұлы Отан соғысы басталды. Менің өмірімнің оңға басуына себепші болған Бекболат ағам, өзімнен үлкен екі бауырым майданға ­кетіп, оралмады.
Соғыстың соңына таман менің де жасым келіп әскерге алындым. Шындығы керек, қару ұстағаным болмаса, шайқасқа қатысқаным жоқ. Бір жағы жастығым әрі әлжуаздығымнан болса керек, қасымдағы түрлі ұлт өкілдері мені қорғаштаумен болды. Құдай да сақтаған шығар.
Қырық сегізінші жылы елге оралдым. Үйлі-баранды, балалы-шағалы болдым. Үш ұл, екі қызым бар, бәрі де өмірден өз орнын тапқан. Қазір үлкен ұлымның қолындамын, анам 1975 жылы қайтыс болды. Құдайға шүкір, жаман емеспіз, тек сол кездердің көңілге кірбің түсіретіні болмаса, – деп әңгімесін аяқтады Жанұзақ ақсақал.
Бір ғана отбасының, бір тағдыр иесінің тартқан тауқыметі мен жан жарасы біздің көз алдымызда көлбеңдеп көпке дейін тұрып алды.
Әлімжан ӘЛКЕБАЙҰЛЫ
07 желтоқсан 2019 ж. 1 311 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 71

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 66

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930