Үш жүздің рухани ұстазы болған баба
Талайсыз уақыттың емін тарих ғана тапқан деседі көне дүние кемеңгерлері. Уақыт пен адамның қадірін түсіну үшін самайыңды ақ шалып, көзіңнің қарауытуы керек емес екен. Ол үшін сергек ақыл, саналы ой болса жеткілікті. Бала күнімде ауыл шетіндегі үлкен күмбезбен көмкерілген, шығыстық стилге тән өзіндік ерекшелігі бар, төбесі ашық көк түспен боялған әрі биіктен менмұндалайтын кесенеге көп қарайтынмын. Үйіміз ауылдың шетінде болғаннан болар бәлкім, бар назарым сол бір алыстан күнмен шағылысып көрінген нәрсеге қарай назарым ауды да тұрды. Тіпті, осы кесенеге кірместен бұрын түсімде көрдім. Бір таң қаларлығы, әлі аттап баспаған сол кесененің іші айна қатесіз көз алдымда әлі де тұр. Мүмкін бұл белгі болар деп ойладым.
Кесене ауыл шетінен пәлендей алыс та емес, десе де тым бала болғаннан болар маған өте алыста тұрғандай көрінетін. Өз қиялыма өзім мас болып жүріп, балалық шақты артқа тастап есейе бастағанда үйдегілерге айтпастан иығыма дорбамды асып, кәнігі ортағасырлық жиһанкездерше қолыма қағаз-қалам алып, жолға шықтым. Мақсатым сол бір ескерткіштің кімге арнап салынған, неге салынғанын, ондағы адамның кім екенін білу еді. Барар жол мен ойлағаннан жақын болып шықты бірақ құм мен тікенектер аяқты бастырмай, әр жүріс сайын оратыла берді. Өзімді Ибн Батута, Фадлан мен Хордадбектей сезіндім. Себебі, осы уақыттары кітапханада түнеп, ортағасырлық ғалымдардың өмірімен ауырып жүрген шағым болатын. Сонымен не керек, өзім бір көруге армандаған ескерткіштің жанына да келдім. Ауыл тым ыстық, күн төбеде шақырайып, ми қайнатар боп тұр. Оның үстіне ауық-ауық жел суырып, мазаңды кетіреді. Бұл кесененің салынған тұсы үлкен құмды төбе екен. Төбесіндегі аспан түстес бояуы сонадайдан күнмен шағылысып, керемет көрінеді. Оның үстіне артқы бөлігінде көп алыс емес үлкен қазақы қорымдар орналасқан. Бұл жалғыз аяқ жолмен алғаш келе жатқан адамға ортағасырлық минареттер һәм сарайлары күмбездермен көмкерілген ортаазиялық қаланы елестетеді. Қазір басқаша көзқараспен қарайтын болған соң ба, әлде олай еместігін білгеннен кейін бе, әйтеуір ондай дүние туралы көп ойламаймын. Көз алдыңызға елестетіп қараңызшы.
Шексіз құмды дала. Сирек өскен жыңғылды бұталар мен тікенекті өсімдіктер. Арасында үлкен құмды төбешіктер мен суырыла ұшқан құмды дауылдар. Алдыңызда қызыл һәм қоңыр тастармен қаланған қорымдардың біріккен тұсы, кейбірінің үстінде күмбездей шағылысар боялармен көмкерілген. Негізінен ортағасырлық дәуір адамзат есінде өзінің ғажайып құрылыстарымен, ерекше тұлғалары һәм қаһарлы патшаларымен қалды ғой. Араб ренессансының пайда болған жері Арабия түбегі болғанымен, гүл ашқан тұсы Орта Азия жері болатын. Бұл тұрғыдан алғанда мұсылмандық оқу-ағарту ісінің мәдениетке, ғылыми әлемге, салт-дәстүрлердің қайта жаңғыруына, мемлекетті басқару ісіне тигізген әсері орасан болды. Мұның түп негізі дінге келіп тірелетін еді. Мұсылмандық дәстүр мен салттың алтын қазығы осындай ерекшеліктерімен еліміздің тарихына өз өрнегін түсіре білді. Ал мұның басты өкілдері ретінде кезінде әз Тәукенің ақылшысы болып, Жеті жарғыны қабылдауда үш биге жетекшілік еткен, Үш жүздің пірі Мүсірәлі Сопы Әзіз бабамыз болатын.
Тарихи уақыттар тарихи тұлғаларды қажет етеді. Сондай қиын кезеңдер туғанда ел басына тіпті ойға кірмейтін тұлғалар мен қайраткерлер көтеріледі. Әдетте мұндай қимылдарда табиғаттың қатып қалған заңдылықтары болмайды. Мүмкін ол адам ғұмыр бойы маңдайының терін төгіп келді ме немесе ойламаған тұстан бағы жанып жұлдызы жарқырайды ма оны болжап білу мүмкін емес. Мұның пәлсапасын тағдырдың еншісіне қалдыралық. Себебі, біздің санамыз қанша шарқ ұрғанмен білуге болмайтын дүниелерге қауқарсыз. Бұл біздің адамдық болмысымыздан. Қазақ жұрты жоңғарлар аласапыраны тұсында өзінің ғасырлар бойы жиған құндылығынан бір сәтте айырылып қалуға шақ қалды. Сол дәуірдің атақты қайраткерлерінің басты мақсаты қалайда елді аман сақтап қалу еді. Бірақ қалай сақтап қаламыз деген сұраққа ешкім де нақты жауап қата алмады. Ханның қырық ақылы қаңсып, жұртына қырғидай тиген билер ісінің қиюы кетті. Қара нарға артылар жүкті қара халық көтерген заман туды. Салқам Жәңгірдің қаһарынан ыққан қалың жоңғар Орбұлақтан соң табандатқан он жылға дейін қазақ топырағына аяқ басуға жүректері дауаламады. Алайда Батыр мұнымен тыншымады, 1652 жылы бір қақтығыста Жәңгірдің түбіне жетсе де, түпкі мақсатына жете алмай ордасына оралды. Іс осымен тәмәм еді, бірақ жоңғарлардың басты арманы сонау Шыңғыс заманынан бері есесі кетіп келген қазақ хандары мен сұлтандарын түгелдей қырып, ата-қонысты еншілеу болатын.
1680 жылы Күлтөбе басында үш жүздің жұрты Тәукені хан етіп сайлайды. Бірақ хан – біреу, қараша – мың. Ханның қызметі халықты басқару, билер қызметі сот пен әділдікті орнату. Бірақ бұл толыққанды қоғам ба? Әрине, жоқ. Бұл жерде ең басты мәселе халықтың, қарапайым жұрттың жан дүниесі, оның сенімінде жатыр. Ал сенімнің бастауында халықтың ғасырлар бойы сеніп келе жатқан нанымы һәм діні екені белгілі. Тыныш кезеңді айтпағанның өзінде дәл сол уақыт халықтың тозғындап, өмір мен өлімнің табалдырығында тұрған сәтінде киім мен тамақтан да басты мәселе әр адамның өзіне, болашаққа деген сенімінде. Егер сенім деген бір ғана сөз болмаса қалған нәрседен үміт күту керек емес. Ел басына күн туғанда осындай сенімді, болашаққа деген, тағдырға деген ақиқатты ұғындыратын рухани ұстаз ауадай қажет болды. Міне, әңгімеміздің қисыны қайдан шыққанын енді бажайлауға болады. Осыдан кейін бүкіл қазақтың басын қоса білетін пірді сайлауды дұрыс көреді. Бұл сәтте елдің таңдауы Мүсірәлі бабамызға түседі. Бұлай болуы да тегіннен-тегін емес. Үш жүздің билері сынақтан өтеді. Дегенмен Мүсірәлі бабамызға халықтың ықыласы ерекше ауады.
Қазақ даласының Ликургі атанған дана Тәуке ханның тұсында қазақтың «Жеті жарғысы» өмірге келді. Заңды дайындауда қазақтың бетке ұстар игі жақсылары Күлтөбенің басында күнде кеңес қылып, туралықтың қылын хатқа түсіреді. Солардың қатарында Мүсірәлі бабамыз да болған. Ханның жанында елдің діни сенімін нығайтуда дін қайраткерінің өз орны болды. Себебі, Құран Кәрімде жазылған тәртіпті негізге ала отырып, ел басқарудың жарғысын дайындау кезек күттірмейтін мәселенің бірі саналатын. Дала заңы саналған «Жеті жарғының» алғашқы бөлігінде «Халықтың ханы, сұлтаны, пір әзіреті қастықпен өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін» деп нақты атап көрсетілген. Осыдан-ақ пір әзіреттің орны қандай деңгейде екенін аңғаруға болады.
Қорытындылай келе мұсылмандық дәстүрде өзіндік нақышын бұзбай, келер ұрпақтарына тура жолдан таймауды, Алланың ақ жолымен жүруді аманат еткен осынау Әзіз бабамыздың ұлағатты өсиеті иісі қазақ жұртына, күллі түркі өркениетіне асыл мұра болмақ. Тарих толқынынан сыр шертіп, түбінде талай құпия жасырылған қасиетті Қазалы жері бүгінде өз тарихын жаңа көзқарастармен толықтырып келеді. Жас буын өкілдері жоғалған һәм ақтаңдақ тарихтың түбіне терең бойлап, бабаларының даңқты ізін саралау жолында талмай еңбектеніп жүргені жүрек қуантады.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат