Теңіз табанындағы қалашық
Бір замандарда «Арал мен Каспий теңізі қосылып жатқан» десе сенер ме едіңіз? Ал «Сол жерде киттер жүзген» десе ше? Әрине қисынсыз секілді көрінеді. Әйтсе де солай болған. Бірақ жақын мыңжылдықтарда емес. Сонау есте жоқ ертегіге ұқсас ескі заманда. Яғни кайнозой дәуірінде. Нақтырақ айтқанда бұдан 21 миллион 1200 жыл бұрын. Иә, бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда тым әріректе. Археолог ғалымдардың Ақеспе ауылының тұсынан 80 метр тереңдікте тапқан ірі ұлу, қызыл балық пен тек мұхиттарда жүзетін киттердің тасқа айнала бастаған омыртқа сүйектері сөзіміздің дәлелі.
Жалпы Арал жайында жазған тарихшылар мен зерттеушілер жетіп артылады. Мысалы, Ибн Хордадбех, Ибн Руста, Әл-Масуди, Әл-Истахри, тағы басқалар теңіз жайында құнды мәліметтер қалдырған.
«Тарихты білмей өткенді, қазіргі жағдайды білу, болашақты болжау қиын» деген шығыс ғұламасы әл-Фараби. Ал туған жердің, өмір сүріп отырған айналаңның тарихын білудің жөні тіпті бөлек. Бүгінгі айтпағымыз – Арал емес. Ұлы теңіздің айналасындағы Арал-Асар деп аталатын қалашық болмақ. Аталмыш мекен Қаратерең елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 65,2 шақырым жерде орналасқан.
Көптің есінде бұл күнде ұмытылғанда шығар, 2001 жылы өзінің бұрынғы жағалауынан алыстап, құрып бара жатқан Арал түбінен тас пен күйдірілген кірпіштен салынған кесене табылды. Кесененің салынуын ғалымдар XIV ғасырға жатқызады.
Сонымен бірге 2004 жылы табылған зираттардың орны мен ортағасырлық қалашық археологтардың назарын өзіне аударды.
Қалашықтың жалпы ауданы – 6 гектар шамасында. Оның жоғарғы қабатынан шаруашылық заттары: диірмен тастары, қыш ыдыстармен олардың бөліктері, темір және қоладан жасалған бұйымдардың сынықтары көп мөлшерде табылды.
Құрылыс-жай орындарының қандай болғанын қазір ажырату қиын. Оларды су шайып, әбден мүжілген. Қаланың өн бойын кесіп өтетін ені 2-2,5 м канал суғару жүйесінің жақсы жетілгенін және қала тұрғындары бұл араға суды ондаған шақырым жерден, шамасы Сырдария немесе Әмудариядан тартып әкелгенін көрсетеді.
Қала және қала маңының тұрғындары жер өңдеумен айналысып, астық өсірген. Ұн сақтауға арналған орын-хумданның жанынан диірменнің 14 тасы табылды. Бұл ұн тарту шаруашылығының жақсы жолға қойылғанын білдіреді.
Жиналып алынған көк, қара көк және қара түсті шыңылтыр жалатылған қыш бұйымдар қаланың XIII-XIV ғасырларда, тіпті XV ғасырдың басында да өмір сүруі мүмкін екенін көрсетеді.
Жерден 30 сантиметр төмен тереңдіктен бетіне күйдірілген кірпіштің сынықтары төселген тегіс алаң аршылып алынды. Оның ортасында үлкен ыдыс-хум тұрған. Хумның төрттен үш бөлігі жер астына көміліп, ал жоғарғы жағы тұтқасына дейін күйдірілген кірпіштермен қаланған
Шамасы, қалашық жердің тек бір ғана «қабатын» құрайтын болуы керек. Соған қарағанда, ол ұзақ уақыт тұрмаған. Бәлкім жүз жыл өмір сүрген шығар.
Қалашықтың жанынан табылғын зираттағы бір кесененің қалдығы мамандардың қызығушылығын тудырды. Бұл құрылыс-биіктігі 1,6 м болатын, әбден шөгіп кеткен төбе. Батыс бөлігі жайпақ және көлбеу, ал шығыс жағы керісінше тік. Төбенің үстінде күйдірілген төртбұрыш кірпіштер шашылып жатыр.
Кесененің сыртқы солтүстік қабырғасы іргетасының тастары анық көрінеді. Ені 2,2 м ол қашалған тастардан үш қатар етіліп қаланған.
Кесене екі бөлімнен тұрған деп шамалауға болады: жерлеу жоралғылары өтетін зияратхана мен көрхана. Көрхананың солтүстік-шығыс бұрышынан қабір табылды. Өкінішке орай, бұл қабірді тонап кеткен екен.
Кесенеге кірер есік батыс тарапта орналасқан. Портал секілдендіріп әрленген ол кезінде көгілдір және көк түсті шыңылтырмен қапталған кірпішпен қаланған. Құрылыстың төбесі күмбездеп жабылғанына күмән жоқ.
Зиратта көлемі жағынан кішілеу тағы да үш кесене ерекшеленеді. Кесененің айналасында ені 4,5 метрлік аула бар. Ол күйдірілген кірпіштен қаланған қабырғамен қоршалған. Сонымен қатар кесененің маңынан кірпіш күйдіретін үш пештің қалдығы аршылып алынды.
Зерттеушілер үшін аяқ асты табылған теңіз түбіндегі қалалар Аралдың қазіргі күнгі экологиялық мәселесі, яғни тартылып бара жатқандығы жайындағы мәселенің мәнін ашуға септігін тигізеді. Мұндай жағдай бұрын да қайталанған секілді.
Дайындаған С.АҚМЫРЗА