Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Достық туын желбіреткен

Достық туын желбіреткен

Өмір көшкен керуен секілді. Бір көш кетіп, бір көш келіп, ұрпақ алмасып жатады. Сол секілді әр елде, әр ауданда сол көштің ауыр жүгін көтеріп, еліне, туған халқына қызмет етуде ізінде есте қалар іс қалдырған дара адамдар болады. Мұндай жандар биік таулар сияқты алыстан өзіне тартып, жанына келгенде құпиясын ашпас­тай болғанмен, шын мәнінде бауырына келгендердің ешқайсын алаламайды. Айналасындағылардан жан жылуын аямайтын көпшіл, әрі бауырмал болып келеді.

«Адамдық борышың – туған еліңмен халқыңа қызмет көрсету» деп ұғынатын жандар өмірдің қай саласында болмасын ел ертеңі ұрпақ үшін еңбектеніп, тер төгеді. Алдын болжай біліп, алысқа көз салған жандар еліміздің өркендеуіне хал-қадірі жеткенше білімі мен өмірлік тәжірибесін пайдаланады. Ауыл шаруашылығы, оның ішінде Қазалы ауданында мал шаруашылығының дәуірлеп дамуына өзіндік үлес қосқан, ел экономикасының қарыштап дамуына, қалыптасуына ерен еңбек сіңіргендер қатары ауданымызда көптеп саналады. Сондай еліне елеулі азамат болған жандардың бірі де бірегейі бірнеше медальдардың иегері, үш дүркін облыстың құрмет грамотасымен марапатталған, аудандық атқару комитетінің шешімімен үш рет депутат болып сайланған, еліне елеулі болған марқұм – Құбайдула Сарқұлов бар десек қателеспейміз. Оның жасаған игі шаралары әлі күнге дейін ел игілігіне қызмет көрсетіп, абыройын асқақтатып түрғанына сол тұстары еңбек еткен көзі тірі жандар куә.
Құбайдула Сарқұловтың кіндік қаны тамған жері Қазалы ауданы. Мектепті бітірісімен ауылшаруашылығы техникумына оқуға түсіп, 1950 жылы оқуын ойдағыдай тәмамдап, мал дәрігері мамандығын алып шығады. Жас маман көршілес Арал ауданының Қарақұм шаруашылығына мамандығы бойынша жұмысқа тұрып, алғашқы еңбек жолын бас­тайды. Құбайдуланың өзі таңдаған мамандығын игеріп кетуіне әріптес алдыңғы буын ағалары көмек көрсетіп, өмір тәжірибелерін үйретеді. Елгезек жас маман күн өткен сайын жұмысында тәжірибе жинақтап, көзге түсе бастайды. Мал дәрігерлік халатты әскери киімге айырбастауға тура келеді. Ер азаматтың отан алдындағы міндетті әскери борышын өтеуге аттанып, үш жыл үш күндей болмай өте шығады. Елге оралысымен өз мамандығын жалғастырып, еңбек етеді.
Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, аман елге оралған жас маман Қарақұм беткейінде мал өсірудің, оның ішінде қой басын көбейтіп, одан алынатын өнімдерді молайту жолда аянбай тер төкті. Араға жыл салып өзі таңдаған мамандығы бойынша тәжірибе жинақтай бастаған маман, шаруашылық басшыларының назарына ілігіп, түрлі жиындарда аты атала бастады. «Жас келсе іске» дегендей, күн-түн демей жұмыстың ұтымды жағын қарастырып, маусымдық атқарылатын істердің тетігін таба біліп, атқарған жас маманның еңбегі ескерусіз қалмады. Оған үлкен үміт артылып, партия қатарына қабылданды.
Уақыт жылжып, айлар алмасып, жылдың төрт мезгілі өз қызықтарымен қатар қиындықтарымен алмасып өтіп жатты. «Мал – баққанға бітеді» дегендей, мал бағып өсірудің қырымен сырын үйрене бастаған жас маманның қабілет-қарымын көре білген басшылар Құбайдулаға жоғарғы оқу орындарынан мамандығын жетілдіруге кеңес береді. Сол саланы дамытудағы қабілет-қарымын көрсете білген жас жігіт ағаларының кеңесін қабыл алып, Алматы қаласындағы зооветеринарлық институтына оқуға түсіп, 1964 жылы ғалым-мал дәрігері деген мамандық алып шықты.
Құбайдуланы аудан басшылары іскерлігіне орай жоғарлатып, аудандық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы етіп тағайындады. Жауапкершілік жүгі бүрынғыданда ауырлағанын, өзіне барлық ауданның мал шаруашылығының жүгі артылғанын жете сезінген маман уақытпен санаспай еңбек етті. Мал басын аман сақтаумен одан алынатын өнімдердің жоғары әрі сапалы болуына баса көңіл бөлді.
Қазалы ауданының Қызылқұм мал жайылымы беткейінде 1971-72 жылдары бұрын-соңды болмаған қыс болды. Аспаннан жауып жерден бораған қар Қызылқұм беткейін басып қалды. Аудан орталығымен қарым-қатынас қиындап, малға жем-шөп жеткізіп беруде үлкен кедергілерге тап болды. Шаруашылықта әр қой басы үшін күрес болды десе артық айтқандық болмас. Қаншама еңбектеніп, қиындыққа аудан халқы болып қарсы тұрғанмен қой шығыны көбейіп, қойшы таяғын қолына ұстап қалған шопандар болды. Шаруашылық жұмысын жолға қойып, мал басын қалпына келтіруге іскер басшы қажет болды. Облыс басшылығы ойласа келе Құбайдула Сарқұловты Қызылқұм шаруашылығына директор етіп тағайындады.
«Туған жердің түтіні де ыстық» дегендей, кіндік қаны тамып, туып-өскен, балалық бал дәурені өткен, май топырағын белуардан кешіп, ер жетіп, ат жалын тартып мінген туған жерге келісімен іске бел шеше кірісіп кетті. Шаруашылық аудан орталығынан шалғай орналасқандықтан тұралап тұрған жұмыстарды жандандыруға қиындықтармен кедергілерге тап болды. Ауданнан қажетті заттарды шаруашылыққа жеткізудің өзі үлкен күшті талап етеді. Дегенмен жігерлі жас басшы қиындықтардан жол таба білді. Істің тетігін мамандар шешетінін жадынан бір шығармаған Құбайдула әр салаға маман бөлімше басшыларын тауып, тағайындауда елдегі көне көз қариялармен ойласуды да қолға алды. «Ойласып пішкен тон келте болмас» демекші, біртіндеп шаруа өз жолына түсіп сала берді. Сол кездегі «Қазақстанда қой басын 50 миллионға жеткізу» ұранына қомақта үлес қосу жолында мал басын артыруға ден қойды. Сәтін салып сол жылдың қысы шаруаға жайлы болды. Қыс айларында қой малы аяғымен жайылмға шығып, қоңы төмендемеді. Жем-шөптен де таршылық болған жоқ. Қыстан жайлы шыққан қой көктемде төлді жақсы беріп, төскей қозыға толды. Мал басы өз төлі есебіне көбейе бастады. Қажырлы еңбекпен, өмірден жинаған тәжірибенің нәтижесінде араға екі-үш жыл салып шаруашылықтың аты алдыңғылар қатарында аталатын болды. Бұл істерде шаруашылық басшысының іскерлігімен маңдай терінің табы жатты. Бес жыл ішінде шаруашылық ауданның бетке тұтар алдыңғы қатардағы қой өсіретін шаруашылығына айналып шыға келді.
Шаруашылықтың орталығы қызылдың қиясында аудан орталығынан өте шалғай жерге орналасқан. Құбайдула Сарқұлов аудан басшылығы мен ойласа келе шаруашылық орталығын «Кәукей» ауылына көшіруге шешім қабылдады. Ауыл шаруашылық орталығына айналған соң әкімшілік үйі, орта мектеп, аурухана ғимараты, клуб, ақшаңқай тұрғын үйлер салынып, жаңа көшелер бой түзеді. Елді мекен өркендеген ауылға айналып шыға келді.
Қызылқұмның мал жайылымы Қарақалпақ АССР-ның аумағымен шектесіп жатты. Ол жақта Өзбекстан демесең, Қарақалпақ жерінде тағдыр тәлкегімен барып қалған өзіміздің, өзіміз болғанда Сырдан көшкен ағайындар баршылық. Сол мүмкіндікті пайдалана білген Құбайдула тығыз қарым-қатынасты барлық сала бойынша пайдалана білді. Көршілес ағайындарда жоқ заттарды бізден жеткізіп, қажеттерін олардан алып отырды. Қой малын қолдан ұрықтандырып, мал басын өз төлі есебінен көбейтудің бірден бір тәсілдерін Қарақалпақ ағайындардан үйренуге, тәжірибе алмасуға аса ден қойды. Нәтижесінде айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Ағайындармен арадағы байланыс шаруашылықта ғана емес ауданға пайдасын тигізді. Аудан басшылығына көршілес ағайындармен байланыстың оң нәтижелерін түсіндіріп, көздерін жеткізе білудің арқасында облыспен байланыс күшейіп, үкімет деңгейіне дейін жетіп, Қарақалпақ АССР-нің Қызылорда облысындағы онкүндігі салтанатты түрде ашылды. Көршілес ағайынмен берік қарым-қатынасты бұрынғыдан да бекіте түсуге Құбайдула Сарқұловтың еңбегі ерекше болғанын атап өткен жөн. Көршілес достық одан ары қарай жалғасын тапты.
1977 жылдың 15 қазанында аудан орталығында Қызылорда обылысындағы Қарақалпақстан әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне байланысты ауданымызға келген қарақалпақ әдебиеті мен өнер қайраткерлерінің аудан еңбеккерлерімен кездесуіне арналған салтанатты жиынға Қарақалпақстан АССР-ы Министрлер Советі председателінің орынбасары Әлима Ғайыпова жолдас батаған Қарақалпақстан халық жазушысы Жолмырза Аймырзаев, Қарақалпақстан АССР-інің халық әртісі, композитор Әлімжан Халимов, Қарақалпақстан халық суретшісі Қауендер Бердімұратов, Қарақалпақстан АССР-ның халық ақыны, Қарақалпақ АССР-ы телевизия және радиохабарларын тарату жәніндегі мемлекеттік комитеті председателінің орынбасары Тажиддин Сейтжанов, республикалық кітап саудасы мекемесінің директоры Меңілбек Әбдірейімов және басқа да бір топ қонақтар қатысты.
Қарақалпақстан әдебиті мен өнерінің ауданда өткен кездесуін халық депутаттары аудандық Советі атқару комитетінің председателі Қ.Бекқожаев ашып, Қазақстан Компартиясы аудандық комитетінің бірінші секретары Қ.Әбуов құттықтау сөз сөйледі.
Көршілес қарақалпақ ағайындармен достық уақыт өткен сайын тамырын тереңге жайып, жалғасын тауып жатты. Барыс-келіс жиілеп, қой малын өсіріп, өз төлі есебінен көбейтудегі тәжірибе алмасу Құбайдула Сарқұлов басқаратын шаруашылықтан бастау алып, барлық аудан малшыларына үлгі ретінде таратылды. Қызылқұм беткейіндегі мал жайылымын қосарлана тел емген көршілердің достығы аудан эканомикасының өркендеуіне бірден-бір септігін тигізді.
1975-77 жылдары Сырдариямен келетін судың мөлшері күрт азайып кетуіне байланысты ауданда егіс көлемі азайып, көлдер мен шабындық жем-шөп дайындайтын жерлер сусыз қалды. Ауданда қуаңшылық болды. Мал азығы үшін қыстық шөп дайындауда үлкен қиындықтар туындады. Осы тұста да Құбайдула Сарқұлов қиындықтан жол таба білді. Қарақалпақстанның көршілес жатқан Кал Маркс, Дмитров, Тақтакөпір шаруашылықтарына аудан басшыларымен келісе отырып, жаз жайлауға жайылымдық жер берді. Көршілер Қызылқұм шауашылығының малдары үшін бір қыстық мал азғындық шөп дайындап беруге келісім жасады.
Көршілестер арасындағы қызу жұмыстар басталып кетті. Қарақалпақстаннан шөп тасымалдауға аудандық автотранспорт кәсіпорны автокөліктерімен қатар шаруашылықтардан тіркемелі жарамды доңғалақты тракторлар жұмылдырылды. Қарақалпақтың «Кендірлі» деген жерінен шөп тасымалдаушыларды басқарып отыратын штаб құрылып, оған жетекші етіп Ақжолан Балымбетовты тағайындалды. Штаб байланыс құралы рациямен қамтамасыз етіліп, күнделікті атқарылған жұмыс қорытындысы ауданға хабарланып отырды. Қарақалпақтық ағайын көршілердің көмегімен Қызылқұм шаруашылығының малдары қыстан қоңды шығып, мал өнімдерінің барлық көрсеткіштері бойынша ауданның алды болды. Ұйымдастыра білген ұтады деген міне осы болуы керек. Ұшан-теңіз атқарылған жұмыстарда шаруашылық басшысы Құбайдула Сарқұловтың өлшеусіз еңбегі жатты. Шаруашылықтың қол жеткізген мол табыстары аудан көрсеткіштерінің облыста алдыңғы қатарда болуына үлес қосты.
Қарақалпақстан мен аудан арасындағы байланысы одан ары қарай дами берді. 1979 жылдың күзінде Қарақалпақ пен қазақ шекарасындағы «Қосқақ» жерінде көшпелі қой ұрықтандыру пунктін ашып, екі ел арасындағы тәжірибе алмасу кездесуі болды. Кездесуге Қызылорда облысының басшысы Исатай Әбдікәрімов, Қазалы, Арал аудандарының бірінші хатшылары Қозтай Әбуов, Тәкей Есетов, Қызылқұм совхозының директоры Құбайдула Сарқұлов, Қарақалпақстан АССР-і Нүкс облысының басшысы Қалыбек Камалов бастаған бір топ қарақалпақ қонақтар келді. Біздің ауданның сауда, мәдениет саласы қызметкерлері қонақтарға қызмет көрсетуге көшіп барды десе артық айтқандық болмас. Бір күндік тәжірибе алмасуға арналған кездесуді мамандар қарақалпақ жағынан бастап, біздің ауданымызда да мал өнімдерін арттыруға арналып жасалып жатқан жұмыстарман танысады. Қосқақ ұшақтар қонатын шағын алаңға айналып, 7-8 АН-2 ұшақтары қонып тұрды. Сол кездесу өткен жер қазақ пен қарақалпақ ағайындардың құрметіне арналып «Достық төбе» аталып кетті.
Құбайдула ағамыз еліне ерен еңбек етуімен қатар тамырын кеңге жайған әулеттің басшысы, қамқоршысы бола білген. Мәрияш Сарқұлова екеуі жанұяда тоғыз ұл, екі қыз тәрбиелеп, білім алуына, өмірден өз орындарын табуына ата-аналық қамқорлық жасаған. Ұрпақтарының барлығы дерлік жоғары білім алып, республикамыздың түкпір-түкпірінде ата жолын жалғастырып еңбек етіп жүр.
Екі ел арасындағы достықты байланыстыруға Құбайдула Сарқұлов ағамыздың сіңірген еңбегі ерекше. Шаруаның көзін тани білетін, мәселені оң шешуге дайын тұратын, еліне елеулі еңбегін сіңірген. Құбайдула Сарқұлов қандай құрметке де лайық жан болған.
Қасқырбек МӘМБЕТЖАН,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

11 қазан 2022 ж. 613 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 53

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930