Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Күйеу бала неге бата бермейді?

Күйеу бала неге бата бермейді?

«Қыз қартайса – құдағи, күйеу қартайса – құда» деп қазақ күйеудің мерейін көтеріп, қанша құрметтесе де, күйеу баланың өзіндік міндеттері бар. Сол міндеттерді мінсіз атқарған күйеу қайынжұртына өз ұлындай дәрежелі болады, сыйлы болады. Егер күйеу бала білуге тиіс міндеттерін дұрыс атқара алмаса, жаман атаққа қалуы да мүмкін. Қазақта тек қыз баланы болашақ келін ретінде тәрбиелеп, жатжұрттық екенін құлағына құйып, санасына сіңіріп өсіреміз. Қыз баланың барған жерінде тастай батып, судай сіңуі үшін қандай әрекеттерді жасап, қайсысын жасамау керектігін де жақсы білеміз.
Алайда болашақ күйеудің міндеттерін ұлдарымызға түсіндіре алып жүрміз бе?
Иә, қазір жаңарған заман, «күйеу бала босағада отырады, қайынжұртына келгенде қазан-ошақтың маңында жүріп, отын жарып, шай қайнатады. Етті мүшелеп, қонақтарға қызмет етумен жүреді» деген түсінікті біртіндеп артта қалдырып барамыз. Дегенмен ата-бабамыздың ұстанған салт-дәстүрлері де тектен текке шыққан жоқ қой. Күйеу бала қайынжұртына қонақ болып келгенде, босағадан кіргенде табалдырықты баспай, оң аяқпен кіріп-шығуы, табалдырықты табанымен баспауы, босағаға сүйеніп тұрмауы, маңдайшаны қолымен тартпауы, басын еңкейтіп, сәлем беріп кіруі керек. Күйеу болатын бала алғаш босаға аттағанда табалдырықты табанымен басып, үйге кірсе, қайын жұрты оны ауыр көреді. «Қызымызды таптап, дәстүрімізді атқармайды» екен деп мін тағып, құдалықты тоқтатуға дейін барған екен. Ал қазір, «Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» деп жөнді-жөнсіз кірісіп, төстен басып, төрге өрлейтін күйеу балалар көбейген секілді.
Оларға да жөн-жосықты айтып, түсіндіретін үлкендер болуы керек қой. Сондай-ақ қайынжұртына қонаққа келген күйеу бала, мейлі ол жасы үлкен жезде болса да қайынжұртының дастарқанына бата бермейді. Бата кез келген адамнан сұрала бермейтінін, оның да өз жөн-жоралғысы бар екенін естен шығармауымыз керек. Қазақ дәстүрінде жас күйеу бала табақтағы асқа бата жасамайды. Бата жасаса әдепсіздік саналады. Ол орнын білмеген білімсіз күйеу саналады екен. Сонымен қатар жаңа келген күйеуді қайын атасы мен қайын апасына және басқа да қайын жұртындағы туыстарға таныстырған кезде, күйеу жігіт бәріне басын иіп сәлем береді. Отырып алмайды. Бұл да қайынжұртына деген құрметтің белгісі.
Күйеу қай жаста болса да сол үйге күйеу болғаны үшін одан бата сұрамайды. Себебі, оның елі басқа, руы басқа. Әрбір ру, әр тайпа өз жұртын өзі басқарып, ел ақсақалдары бата береді. Сонымен қатар алыстан келген сыйлы қонақтардан бата сұраған. Ал күйеу баланың бата бермейтін себебі – күйеу баланың өз ұрпағы жоқ болып, қыз ұрпағы билемесін деген ырымнан шыққан.
Күйеуді төрге шығармауы, есіктен кіріп, төр менікі деме, шаңырағыма ие болар өз ұрпағым бар дегенді меңзеген. Ал қазір ата-баба салтын сақтап, дәстүрге аса мән бермеудің кесірі тиіп жатқан шығар, кей-кейде қайынжұртына келіп, ылаң шығарып, кеудесін ұрғылап, әдеп-ибаны ұмытып, қайынжұртының ішкі мәселесіне кірісіп кететіндерді де жоққа шығара ­алмаспыз. Келіннің міндеттері ата-ененің, ағайын-туыстың қызметін жасау болса, күйеу баланың да өзіне тән міндеттері болады, тек қана соны ұмытпай, әрдайым ескеріп жүрсе, отбасы деген ұғымның мәртебесі одан сайын биіктей түспек.
Дайындаған
Г.ЖҰМАДІЛДАЕВА
12 шілде 2022 ж. 4 445 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 71

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 66

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930