Ғалымдар құрлықтардың қалай пайда болғанын анықтады

Жер құрлығы миллиардтаған жыл бойы таңғаларлық тұрақтылығын сақтап келеді. Дәл осы тұрақтылық таулардың, экожүйелердің және адамзат өркениетінің қалыптасуына негіз болды. Алайда бұл құбылыстың себебі ұзақ уақыт бойы ғалымдар үшін жұмбақ болып келген еді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
АҚШ-тағы Пенсильвания және Колумбия университеттерінің зерттеушілері жүргізген жаңа ғылыми жұмыс бұл сұраққа жауап берді. Nature Geoscience журналында жарияланған зерттеу нәтижесі бойынша, құрлықтардың беріктігі мен ұзақ өмір сүруінің басты себебі – аптап ыстық. Дәл осы аптап ыстық континенттік қыртыстың қатайып, төзімді болуына мүмкіндік берген.
Ғалымдар анықтағандай, тұрақты континенттік қыртыстың түзілуі үшін шамамен 900°C-тан жоғары температура қажет болған. Мұндай шектен тыс ыстық жағдайда уран мен торий сияқты радиоактивті элементтер қайта бөлініп, ыдырау кезінде жылу бөледі. Олар терең қабаттардан жоғары қарай қозғалғанда, Жер қойнауындағы жылуды «сорып алып», төменгі қабаттардың суып, қатайып қалуына жол ашқан.
Құрлықтардың тұрақтылығы – тіршіліктің жалғасуы үшін маңызды шарт. Бірақ тұрақты болу үшін олар алдымен суып үлгеруі керек еді, – дейді зерттеу авторы Эндрю Смай. – Ол үшін неден жылу бөлінсе, уранды, торийді, калийді терең қабаттардан шығарып тастау қажет болды. Әйтпесе жер қыртысы еріп, қайта жұмсарып кетер еді.
Неліктен жаңа құрлықтар пайда болмайды?
Қазіргі континенттік қыртыстың түзілуі шамамен үш миллиард жыл бұрын басталған. Бұған дейін Жердің қыртысы мүлде басқа – кремнийге кедей, әлсіз құрамда болған. Ғалымдар бұрыннан-ақ ежелгі жыныстардың балқуы континенттердің тұрақтануына әсер еткен деп болжаған, бірақ жаңа зерттеу бұл үдеріс күткеннен әлдеқайда жоғары температурада жүргенін дәлелдеді.
Біз, шын мәнінде, континент түзу процесінің жаңа формуласын таптық: ол бұрын ойлағаннан әлдеқайда ыстық ортада жүруі тиіс екен, – дейді Смай.
Бұл тұжырымды нақтылау үшін ғалымдар Альпі, АҚШ-тың оңтүстік-батысы және басқа да аймақтардан алынған жүздеген тау жыныстарының үлгілерін зерттеген. Талдау нәтижесінде 900°C-тан жоғары температурада балқыған жыныстарда уран мен торийдің мөлшері айтарлықтай аз екені анықталды. Бұл континенттердің түзілуі кезінде радиоактивті элементтердің расымен де төменгі қабаттардан жоғалып отырғанын көрсетеді.
Ғалымдардың айтуынша, ежелгі Жер қазіргімен салыстырғанда шамамен екі есе көп жылу өндірген. Сондықтан қазір жаңа құрлықтар бұрынғыдай белсенді қалыптаспайды.
Бұл процестерді түсіну геология үшін ғана емес, сонымен бірге сирек кездесетін минералдарды іздеу мен экзопланеталардың тіршілікке жарамдылығын бағалау үшін де аса маңызды. Өйткені тұрақты жер қыртысы – кез келген планетада өмірдің ұзақ сақталуының басты алғышарты.