Ұлтты ұйыстыратын ұлы құндылық
Қазіргі коғамының басты мәселесі – экономикалық дағдарыс емес, рухани дағдарыс. Мұндай құлдырау адамды бір-бірінен алшақ етеді, бірлігін жояды. Ал рухани жағдай – адамдардың ниеті мен табиғат құбылыстарымен үндес келеді. Жойқын табиғат апаттары да халқы рухани жағынан құлдыраған елдерде болып жатыр.
ХХІ ғасыр және одан кейінгі ғасырдағы адамзаттың өмір сүру жолы, жер шарындағы өмірді жүйеге түсіру, қоғамның рухани даму және жаһандану мәселесінде ұлтқа тиімді бастамаларда жатыр. Елбасы ұсынып отырған прагматизмнің түпкі астарында терең мәдени құндылықтар жүйесі орын алған. Президенттің ұлттық сана, ұлттық мәдени-генетикалық код, туған жер қасиеті, латын әліпбиіне көшу байыбына қатысты инновациялық тың ұсыныстары халықтың көкейінен шығып, ол құндылықтар жүйесі қоғамда үлкен қолдау тауып отыр. Бұл бүгінгі өркениет болмысында орын алған мегаөзгерістер мен үдерістердің даму динамикасын терең түсінуге жол ашты.
Адамзат тарихында қордаланған асыл дүниелер мен қазақ халқының мәдениеті мен әлем өркениетінің тарихында елеулі орны бар ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің өмір жолымен, олардың елеулі еңбектерімен таныстыру бүгінгі күннің басты мақсаты болып отыр.
Туған жерімізде туып-өскен адамдардың адамзаттың дамуына, өркениетке қандай үлес қосқанын білуіміз керек. Еліміздің әрбір азаматының мемлекетімізге арқа сүйейтіндей мақтаныш сезімі болуы үшін даламыздың кеңдігін, қойнауындағы байлығын айту аз, біздегі ақыл-ой потенциалы басқалардың алдында мерейімізді үстем етуі керек. Әлемнің басқа түкпірінде жүрген адамдарға мысалы, «сенің еліңде – Монтескье, Руссо болса, менің елімнен – әл-Фараби, Бейбарыс, Аттила, Абай, Махамбеттер шыққан» деп айта алатындай жағдайға жетуіміз керек. Өкінішке қарай, олардың енбектерімен ұрпақтарымыз жеткілікті таныс емес. Жас ұрпақ үшін олардың өмір ұлағаты тұтас ерлік пен өрліктен тұратынын ұмытпағанымыз абзал. Сондықтан рухани және патриоттық тәрбие – үлкен мектеп.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Дала ұлағаттары» кітабында: «Елімізге бойына ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егемен елге аянбай қызмет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да саламатты азаматтар қажет» деген сөздеріне зер салар болсақ, бұл жерде «саламатты» сөзінің астарында деннің саулығы ғана емес, адам жанының, рухани әлемінің де тазалығы, мықтылығы меңзелетінін аңғару қиын емес.
Осы ретте тарихқа көз жүгіріп өтейік. Өйткені, тарихтың ізі – тұнып тұрған тағылым. Оның бойында ата-бабадан қалған асыл ой, терең білім, ғасырлар тереңінен жеткен тектілік бар. Дәл осы тағылым біздің ұранымыз болуы тиіс. Мұндай ұранды өзінің даму көкжиегінде ту етіп көтерген ел¬дер бар. Мәселен, Жапон елі. Оның даму тарихында «Қолға алған ісіңде жеңу қажет» деген ұлттық идея алға шықты. Жапонияда «Игілікті мемлекет» ұранын көтерген Исибаси үкіметінің, одан кейін Икэда үкіметінің «ұлттық табысты екі еселеу» ұранын жалау еткен жоспарлары жапон жұртынан кең қолдау тауып, соғыстан қалжыраған елдің экономикасы өрлей бастады. Жалпы ішкі өнімі 30 жыл бойы 10 пайыздан өсіп отырған Күншығыс елі ақыр соңында әлемдегі көшбасшы мемлекетке айналды. Жапон ұлттық идеясы мен реформасының шынайы жетістікке жетуінің себебі жапон тілі мен жапон менталитетіне негізделген ақыл-ой жатты.
Жоғарыдағы Елбасы айтқан қоғамға саламатты азаматтар қажеттігін жапондар ерте қолға алған. Олар «Қартайдым, енді қоғамға да, ешкімге де керегім жоқ» деп сары уайымға салынбайды екен. Қашанда оптимистік көңіл-күйде болуға тырысады. Мұндай адамдар қартайса да, олардан ауру-сырқау алшақ болады. Ауруға шалдыққан күннің өзінде, одан тезірек айығатын көрінеді. Өйткені, оптимизм адам өмірін айтарлықтай ұзартатынын санасына енгізіп алады екен.
Түбекте бір орналасқан Оңтүстік Кореяның ұлттық идеясының мәні – Жапонияны экономикалық даму жағынан қуып жетіп, басып озу бо¬лып отыр. Кінәсін мойындау идеясы және оны жалпыеуропалық құндылықтарға қосу соғыстан кейінгі Германияға өзінің ұлтшылдық болмысын жеңіп шығуға жағдай туғызды. Неміс экономикалық ғажайыбының авторы соғыстан кейінгі Эрдхард реформаларының басты жетістігінің құпиясы экономикалықпен қатар, рухани кеңістікте жатты. Сондай-ақ генерал Шарль де Голльдің «Ұлы Франция» ұлттық идеясы барлық француздардың бірігуіне әкеліп соқты.
Жапондар өз идеяларын жүрген жерлерінде де таратып жүрді. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында жапондық ғалымдар Түркияның білім беру жүйесіне зерттеу жүргізді. Зерттеу соңына қарай ғалымдар мен осы іске араласқан дипломаттар сол тұстағы Түркияның президенті Тұрғыт Өзал және басқа да түркі зиялылары жиналған ортада кез-десу өткізіп, өздерінің идеялық ұсыныстарын береді.
Басқосуда жапондық зерттеушілер Түркия қоғамының білім беру жүйесіне қатысты ойларын білдіре келіп: “Сіздердің білім беру жүйелеріңізде ұлттық рух жоқ!” – деген қорытындыға келеді. Түркия президенті Тұрғыт Өзал оған таң қалады. Оның: «Мұны қалай түсінеміз сонда?» деген сөзіне жапондық зерттеушілер уәжін былай түсіндіреді: «Біз жапонияда мектеп табалдырығын аттаған балаларымызға ұлттық рух екпесін жасаймыз. Оларды топ-тобымен жүйрік пойыздарымызға отырғызып, алып зауыт- фабрикаларымызды, технологиялық орталықтарымызды аралатып, еліміздің қуатты күші мен жеткен жетістіктерін көрсетеміз. Кейін Хиросима мен Нагасакиге апарып атом бомбасы жарылып, жылдар бойы шөп шықпаған алқаптарды көрсетіп: «Егер сендер өздеріңді жетілдіріп, өмірімізге енгізіліп жатқан жаңа технологияларды игермесеңдер, ақырымыз осындай болады» деп айтамыз», – дейді. Осы кезде түркі зиялыларының бірі: «Бірақ бізде сіздердегідей Хиросимамыз жоқ қой», – дейді. Сонда жапондық ғалымдар: «Сіздердің Чанаққаладағы соғыс майдандарыңыз ондаған Хиросимаға тең емес пе?» – дейді.
Бұл мысал тарихта ата-бабалар бастан кешірген қасіреттерден сабақ алуды, сондай жағдайға тап болмау үшін білімді, еңбекқор болуды, еліне жанашыр, ұлттық рухты болуды дәріптеуді көрсетеді.
Біздің тарихымызда да ашаршылық, соғыс, тар жол тайғақ кешкен күндер аз емес. Семей полигонында сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды. Арал тағдыры да елді алаңдатқан жоқ па?! Осы мысалдағыдай жастарды өркениетке жетуге ынталандырып, елдің басынан кешкен оқиғаларын керсетіп, одан сабақ алуға, осылайша рухани жетілулеріне ықпал еткеніміз дұрыс болар еді. Қазір қуатты елдер көне қытай философы Сун-Цзы айтқан «Дұшпанды шайқассыз тізе бүктіру – өнердің төресі» қағидасын жүзеге асырып жатыр. Сол іспетті Қытайдың бүгінгі стратегиясында: «Мәдени ақпараттық агрессия» деген тармақ бар. Ал АҚШ-тың әскери стратегияға жетік ғалымы Поль Лайнбарджер ақпараттық соғыста таңдап алынған елдің салт-дәстүріне, тіліне, өмір сүру дағдылары мен мінезіне ықпал етуді ұсынады.
Біз осылардың бәрін мемлекеттік деңгейде ескермей, қорғаныс амалдарын қарастырмай ұлттық код туралы өрелі ойды төріне қондыра алмаймыз. Ұлтымыздың тұрмыстық кемшіліктерін теріп, жетістігін бетке басқаннан ештеңе шықпайды. Ұлттық дәстүр тарих жазган Ата Заң екенін ойлап, оған әлеуметтік- психологиялық және экономикалық тұрғыдан қарау – парыз.
Осы күні ұлттың салт-санасына кері ықпап етіп отырған ішкі фактор екені белгілі. Бұл жердегі басты фактор – нарық болып отыр. Ресей саясаттанушысы П.Я.Калашников: «Махаббат, патриотизм, асқақ илеяларды, бабалар дәстүріне адалдық секілді тұғырлы қасиеттер нарықтық емес, экономикалық тиімсіз қасиеттерге айналды», – дейді. Мұның салдарын көріп жүрміз. Ал тауарға айналған ұлттық қасиеттерді нарықтан қалай қорғаймыз?
Біз осы бағытта сыртқы әсерлерге тосқауыл қоя алмай отырмыз. Осы жөнінде бір мысал:
1972 жылы Америка Құрама Штаттарының президенті Конгресс жанынан арнаулы комитет құрып, әлеуметтік перспективалық ақпарат жүйесін жасау жөніндегі декретке қол қояды. Бұл комитетті сенатор Э.Кеннеди басқарады. Аталған жүйе арқылы АҚШ ұлттық қауіпсіздік стратегиясының басты мақсаттарының бірі ретінде өмір салтын қорғау міндетін белгілейді. Арада белгілі бір уақыт өткенде президент Б.Клинтон: «Біздің ұлттық қауіпсіздігімізді – халықты, территорияны және өмір салтын қорғау менің әкімшілігімнің басты мақсаты және конституциялық міндеті болып табылады», – деп мәлімдейді. Міне, содан бері бұл комитет өз міндетін қалтқысыз орындап келеді.
Елімізде қолға алынып отырған «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы ұлт руханиятына ауадай қажет міндеттерді орындау ісінде ұстын боларлық үлгі орасан зор.
Қазір Қазақстан рухани-мәдени, экономикалық жаңғыру жолында тұр. Алайда бұл реформалардың барлығы – рухани бастамашысыз еш мағынаға ие бола алмайды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру ісінде жергілікті тарихи тұлғалардың есімдерін, аты аңызға айналған жерлерді жаңғыртуға баса назар аудару керек.
Мемлекет басшысы «Туған жер» бағдарламасынан бөлек «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасын жедел жасап шығаруды тапсырып, жат идеологияларға «ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп береміз», – деп тура жолды көрсетіп берді. Осы бағытта «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениетті қалыптастырудың жобасын» жасауды тапсырды. «Әлем Қазақстанды қара алтынымен емес, мәдениеті бәсекеге қабілетті ел және сол мәдени жетістігімізбен тануы тиіс», – дейді.
Мемлекет басшысы: «Рухы берік, санасы ояу, мәдениеті озық, әдебиеті ерен өрен елдің болашағы да баянды болады», – дей келе, әлемнің озық елдерімен бір қатарда тұруға үндейді.
Бұл бағдарлама – ұлт руханиятын XXI ғасырдың биігіне көтеретін ауқымы кең сала болып отыр. Ұлы даланы мекендеген халықтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін дүниежүзілік қоғамдастыққа паш ету – бүгінгі ұрпақтың ізгілікті міндеті болмақ.
Ұлттық рух биік болса, еліміздің болашағы жарқын, іргесі берік болатыны айқын. Демек, рухани санамызға серпіліс берген стратегиялық құжат еліміздің ұлт ретінде жаңғыруына жаңа серпін берері сөзсіз.
Бүгінде елімізде рухани жаңғыру бағыты бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіліп келеді. Біз білім, ғылым, әдебиет, мәдениет, өнерді өрістету арқылы ғана рухани жаңғыра аламыз. Сайып келгенде, елі мен жерінің тарихын, тілін, салт-дәстүрін жетік білетін, шет тілдерін терең меңгерген озық ойлы студент жастар қазіргі қоғамымыздың идеалына айналуы тиіс.
Әлемдік ойшылдар ұлт табиғатын, оның климатымен байланыстырады. Мысалы, Шарль де Монтескье былай дейді: «Климаттың билігі – барлық биліктен күшті».
XVIII ғасырдан бастап ұлттың табиғатын оның территориясы, атамекені, әсіресе, жер бетінің көрінісі, өсімдіктер және жануарлар дүниесімен байланыстыратын көзқарастар жүйесін қалыптастыруымыз қажет.
Осы бағдарлама аясында еліміздегі киелі жерлер мен рухани кұндылықтар, олардың рекреациялық-туристік әлеуетін көрсететін арнайы буклеттер, бейнероликтер жасап, оны оқу орындарында, еңбек ұжымдарында көрсетіп отыруымыз керек.
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ