Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ізгілікті үлгі еткен

Ізгілікті үлгі еткен


Қашанда ұлттық құндылықтар ел дамуының алғышартына баланады. Оларсыз өрелі өркениетті мемелекет болу мүмкін емес. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», – деп атап көрсеткен болатын. Қазақ халқының тарихы сөз болғанда оның шын мәнінде тамыры өте терең екендігіне көз жеткіземіз. Тарихты зерттеу кезінде, ХV-XVII ғасырдан арғы кезеңдердің бірқатар өзіндік қиыншылықтары кездеседі. Оған кеңестік империя кезіндегі сойқанды солақай саясаттың халқымыздың асыл мұрасына тигізген салқынының салдары көп кедергісін келтіреді. Еліміз өз тәуелсіздігін алғанға дейін төл мұраларымыз бен рухани байлықтар көзі саналатын құнды жәдігерлеріміз өз дәрежесінде бағаланбай, олар туралы тарихи шындық бұра тартылып келді.
Тәуелсіздігіміз тұғырына қонып, өткеніміз жаңғырып, өшкеніміз жаңарды. Елбасының бастамасымен қазақтың арғы-бергі тарихы түгелденіп, өзінде бар игілікті ұлықтауға, ұлыларын ұмытпауға мүмкіндік алды. Осы орайда «Мәдени мұра» стратегиялық жобасы бойынша қабылданған бағдарлама тарихи-мәдени мұраны енгізуге қатысты орасан зор жұмыстарды атқаруға жасалған батыл бетбұрыс, құтты қадам деуге толық негіз бар. Ойымызды Президентіміздің: «Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды», – деген сөздерімен сабақтасақ, рухани құндылықтарымыздың шет қақпай қалып келгендігіне тереңдей түсеміз.
Осындай ұлтына ұран, қиналғанға қорған болып, жұртын әділеттілік пен тура жолға жетелеген тарихи тұлғамыз Мағдум Ағзам (Мағзаман әулие) да саяси салқынның салдарынан өз тұғырына көтеріле алмаған тұлға. Қазақ тарихы, қазақ ғылымы мен әдебиетінде өзіндік маңызға ие Мағдум Ағзам туралы ғылыми еңбектері өз халқына қызмет етуі қажет. Сол себептерді ескеріп, ұлтымыздың озық ойлы оқымыстысы, философия, музыка, геология, заң саласындағы трактаттарымен әйгілі Мағдум Ағзам өмірбаяндық деректерімен қалың жұртшылықты, ғылыми ортаны таныстыра отыруды мақсат тұтып отырмыз.
Мағзаман әулие (XV-XVI ғ.ғ.) – оқымысты, ақын, дін және мемлекет қайраткері. Толық аты-жөні Сайд Ахмат Жалаладдин Косани. Сайд қожа әулетінен Ферғана аймағының Косан шаһарында 1461 жылы Сайд Жалаладдин ибн Жамаладдиннің отбасында дүниеге келеді. Хазіреті Әлидің баласы Имам Хусейннің ұрпағы. Анасы Сайд Абдулла Аржанд нәсілінен болған Мир Сайд Жүсіптің қызы.
Алғаш Самарқандық ғұлама Маулана Мир Сайд Әлиден тіл білімінің синтаксис, морфология саласы бойынша үздік бітіріп, ұстазының кеңесімен Ташкентте тұратын Хазірет Ахрар Уалидің жақын шәкірті және орынбасары болған Маулана Мұхаммед Қазидың шәкірті болып қабылданады. Отыздан астам іргелі ғылыми еңбектер жазып қалдырады. Аса талантты шәкірт ұстазының ілтипатына ілініп, одан әрі Қожа Ахрар Уали, Абдрахман Жами секілді ғұламалардан дәріс алып, іліми кеңестеріне қатысады. Мағдум Ағзам «Хазіреттердің ұлығы» деген мағынаны білдіретін сөз, діни білімі мен іліми дәрежесіне берілген биік мәртебе. Олардың қатарында Имам Ағзам (699-767), Ғасул Ағзам (1079-1166), Мағдум Ағзам (1461-1542) болады. Бұл атақ Сайд Ахмат Жалаладдин Қосаниге отызға жетпей беріледі. Ол өзі өмір сүрген дәуірдің діни, саяси-әлеуметтік мәселелеріне араласып, мемлекеттік іс басқару жүйелері туралы еңбектер жазады. XVI ғасырда Самарқан, Бұқара, Хиуа хандықтарындағы ірілі-ұсақты тақ тартыстары мен тарихи төңкеріс кезеңдерін басынан өткеріп, оқиғаның бел ортасынан табылады.
Захраддин Мұхаммад Бабыр мырзаның дұшпандары оның діни кеңесші, ұстазы және пірі болған Маулана Мұхаммед Қазиды өлтірген соң, оның орнына шәкірті Сайд Ахмад-Мағдум Ағзам пір болып сайланады. Осы кезеңнен бастап Захраддин Бабыр мен Мағдум Мағзам өз биліктерін нығайту мақсатында Мәуреннахрдың иен даласын мекендеген Алшын бірлестігінің көмегіне жүгінеді.
Мұхаммед Шайбанимен болған ақырғы ұрыста Захриддин Бабыр мырзаның әскері жеңіліске ұшырап, Самарқанды тастап шығады. Осы мәліметтердің бәрі «Бабырнама» кітабында жан-жақты баяндалған. Бабыр патша Ауғанстанға қарай шегінгенде Мағдум Ағзам (Сайд Ахмад Жалаладдин Қосани) Алшын Аспан тайпасының перзенті, мүриті әрі досы Айтқұл бидің кеңесімен Алшын бірлестігінде қалың елге қосылып, Жаңадария-Сырдария аралығын мекендеп тұрып қалады. Алшын жұрты Мағдум Ағзамды пір сайлап, қол береді. Осы жерде Мағдум Ағзам Алшын Сарыбай бидің қызы Қамар анамызға үйленіп, одан Хаһназар (Ақназар) атты ұл туылады. Хаһназардан Есназар шейх, Қосназар шейх, Солтанай шейх, Мақұл шейх сынды төрт бала туылады.
Мағдум Ағзам ел-халқын жинап қоштасып, баласы Хаһназар он үш-он төртке келгенде Алшын жұртына пір сайлап, өзі досы Айтқұл бимен Самарқанға оралады. Бұл кезең Жәнібек сұлтанның (1582 жылы қаза болды) Самарқанд тағына отырған уақыт еді. Жәнібек сұлтан дін мемлекет ісіне Мағдум Ағзамды арнайы шақыртып, Самарқанд қаласы жанындағы Ақдария-Қарадария деген жерден Миянкөл атты аралды беріп, қоныстандырады. Мағдум Ағзам бұл кезде 52 жас¬та екен. Жаңа қонысқа өз қолымен он түп шынар отырғызады. Ол зәулім ағаш болып өседі. Ол жер Дахбед аталады. «Дахбед» – парсыша 10 түп тал деген ұғымды береді.
Өнегелі өмірімен өзгеге үлгі болған Мағдум Ағзам 1542 жылы 81 жасында өмірден өткен. Қабірі Самарқан қаласына іргелес Дахбед елді мекенінде.
Ишан Хабиболлахан айтқандай, Мағдум Ағзам бес уақыт намазының алдыңғы екеуін Меккеде, қалған үш намазын Самарқанда оқиды екен. Оның жаршысы: «Мені де Меккеге ала кетіңіз», – деп өтініш айтады. Мағдум Ағзам: «Жақсы, ала кетейін, көзіңді жұм да, менің шапанымның шалғайынан ұста, көзіңді ашпа», – депті. Бірақ жаршы уәдесін бұзып, көзін ашып алады, сол кезде Иран мемлекетінде екен. Сол сәт жаршыны ұры есепті таныған полиция мешрапқа алып кетеді. Меккеден қайтар уақытта жаршысын таба алмаған Мағдум Ағзам оны Иранда шынар ағашына байлаулы тұрған жерінен табады. Сол кезде Мағдум Ағзам шынарды жаршымен қосып жұлып алады да, Самарқанға алып келеді. Сол шынардың түбінен өткен адамның барлық армандары орындалады деген тәмсіл бар. Мағдум Ағзам туралы айтылған осы тақылеттес хикаялар көптеп саналады. Олардың барлығы дерлік өз бойына көптеген сырларды бүгіп жатқандығы дау тудырмайды.
Артына философия, геология, заң салалары бойынша отыздан астам іргелі еңбектер қалдырған Мағзаман әулиенің ғылыми еңбектерін қазақ халқына, ғылыми ортаға таныстыру және дамыту – ұрпақтар парызы. Осы орайда 1994 жылдың желтоқсан айында Самарқан қаласында ХV-ХVI ғасырдағы шығыс ойшылы Сайид Ахмад Жалалладин Қосани шығармашылығын дәріптеуге арналған Халықаралық симпозиум болып өтті. Оның еңбектері «Мажмуа ар-Расоил» (Трактаттар жинағы) жинағында жарияланған. Көлемі 668 бетті құрайтын аталмыш жинақ Өзбекстан Рес¬публикасы ғылым академиясының шығыстану институтында сақталған. Осы орайда тарихшы әрі зерттеуші Камилхон Каттаевтың еңбегін баса айтқан орынды. Өзінің «Махдуми Аьзам и Дахбед» кітабында Мағзаман әулие өмірі мен шығармашылығы туралы көптеген деректерді қамтып, оқырмандарға құнды мәліметтер береді. Сонымен қатар тарихшының Мағдум Ағзам еңбектерін назарға алған оннан астам кітабының да маңызы мол.
Ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деген сөздерін қаперге алсақ, біз сөз етіп отырған бабамыз Сайид Ахмад Жалалладин Қосани еңбектері өскелең ұрпаққа, болашақ жастарға өнеге беретін рухани азық пен ұлттық уыздың жарқын бір мысалы деуге негіздейді.
Осы еңбегімізді жазудағы мақсатымыз, Мағзаман әулиенің өмір деректеріне бойлау арқылы халық санасына қатталған жан-жақты тұлғаның өнегелі өмірі мен жарқын жолын жас ұрпаққа насихаттауды міндет ету болатын. Алда ғұлама бабамыздың трактаттарының зерттелуіне тоқталу мақсаты тұр. Сан қырлы саңлақ туралы өз пікірлерін білдіріп, ел арасындағы тың деректерімен бөлісуге байлам жасайтын азаматтар болса ықыластымыз.
Ұлт тұтастығының кепілі, жаңғырудың негізі ұлттық кодымызды сақтау бүгінгі таңда мемлекетіміз белгілеген батыл бағыт болса, осы жолда адасқанға жол сілтеп, хақ ілім мен дұрыс біліми жолды нұсқаған Мағдум Ағзамның өнегелі өміріне терең бойлап, зерттеу-зерделеудің маңызы зор.

Бекзада ҚОЖЕКЕЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты.
16 желтоқсан 2017 ж. 1 984 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 89

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930