Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ер сәні – ер-тұрман

Ер сәні – ер-тұрман

Ел аузында "Жайдақ мінгеннің жаны әлсіз" деген тәмсіл бар. Осыдан-ақ байқауға болады ықылымнан қазақтар мал шаруашылығында ат үсті қимылдарында және оған қатысты ойындарына қолданатын құрал-саймандарға ерекше мән ­берген.
Қару-жарақ, ер-тұрман, жүген-құрық, арқан-жіп кем болмауы тиіс маңызды құралдарға жатады. Соның ішінде арқан мен қамшы және жүгенге де айрықша көңіл бөлген. "Қамшысыз жігітте қатын құрлы айбар болмайды" деген содан шыққан. Бұл жабдықтардың бәрі жылқы мінген ерлердің иен далада төрт аяқтыны басқаратын көмекші құралы саналады. Осы ретте ер қосу – қазақ шеберлері игерген ер-тұрман жасайтын кәсіпке баланады. Ежелден көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқы үшін жылқы көліктің негізгі түріне жатады. Сондықтан барлық балаларына түгелдей ер-тұрман дайындайтын. Кейбірі ұлды болғанда атақты ершілерге оны әзірлететін. Бала 4-5 жасқа толғаннан кейін шағын ер "ашамайға" отырғызып, атқа мінуге үйреткен. Ер қосу ісімен шұғылданған шеберді "ерші" деп атаған.
Кейде ершілер бір ердің жұмысын екі-үш шеберге бөлген. Мәселен, ердің ағашын ерші шапса, екінші шебер – қайыс, былғары жабдықтарын, келесісі – күміс әшекейін зергер жасап беретін. Көпшілік жағдайда ер-тоқым бүкіл жабдықтарымен бір ершінің қолынан шығатын. Оны жасауға ағаш, темір, жез, алтын, күміс, асыл тастар, түрлі-түсті шынылар, сүйек, былғары, көн, шұға, барқыт, киіз, қыл, тарамыс, желім, тоз сияқты заттар пайдаланылды.
Жалпы ер-тоқымды дайындауда әр өңірде қалыптасқан аймақтық өзіндік ерекшеліктері болды. Осыған қарай "қазақ ері", "шошақ бас ер", "үйрекбас ер", "құранды ер", "қозықұйрық ер", "қазық бас ер", "қан бас ер", "найман ер" деп бөлінді. Бұлардың ішінде кең тарағаны – қазақ ері. Бұл тұрман түрі Солтүстік пен Шығыс Қазақстан, Семей, Талдықорған, Павлодар, Көкшетау, Ақмола, Қостанай, Орал, Қарағанды облыстарында кеңінен қамтылды.
Қазақ ерін қосудың тәсілін белгілі этнограф-ғалым Х.Арғынбаев жазып алған. Оның дерегінше, аталған ер қайың ағашының бес бөлігінен қосылады. Нақтылағанда екі қас, екі қаптал және орта ағаш деп аталатын бөлшектер жеке-жеке шабылып барып біріктіріледі. Әрқайсысы шабылып болған соң, тек өңдеу жұмыстары қалғанда тұзды суға қайнатады. Сосын көлеңкеде кептіреді. Мұндай суда қайнатылған ағаш еш уақытта қаңсымайды, жарылмайды.
Елдің солтүстік аудандарында ерлерге арналған ерді қайыңның безінен шабатын ершілер кездескен. Бұйраланған қайың безінен қосылған ерді өсімдік майымен майлап, реңін келтірген. Мұндай ерлер көп әшекейді қажет етпеген. Ердің алдыңғы қасы көбіне айшық етіп ойылып, оның екі басына және қастың ортасына тастарды орнататын болған.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
29 қаңтар 2022 ж. 1 495 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 53

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930