Беу, туған топырақ!
Беееу, туған топырақ!
Тарлан тағдырлы боз далам,
Аналар рухы аруана болып боздаған.
Бабалар рухы шер-шеменімді қозғаған.
Шындық Тәңірдің жұмақ мекені Қазалы.
Кіндік қанымның тамған жері де Қазалы.
Әлди де әлди, әз ғалам!
Аналар рухы аруана болып боздаған.
Бабалар рухы шер-шеменімді қозғаған.
Шындық Тәңірдің жұмақ мекені Қазалы.
Кіндік қанымның тамған жері де Қазалы.
Әлди де әлди, әз ғалам!
Әлди де әлди,
Әлдиім менің Түркілік,
Көне заманнан, көкірегіме жыр тұнып.
Дәруіш жүрек, домбыра болып бұлқынып.
Ақын да болдым алдаспан жырым арқырап,
Батыр да болдым қара бұлт ойнап күркіреп,
Содан соң,
Тіріліп кеттім жолбарыс рухым сілкініп.
Ееей, сортаңға біткен Сұлутам!
Қазалы жайлы,қилы да қилы аңыз бар.
Тарам да тарам,тақсыреті мол қан із бар.
Сүйемдей жерге, сүйегін берген абыздар.
Оғыздан шыққан Қорқыт бар,
Қорқыттан қалған қобыз бар.
Мың жылдық ұрпақ,Отан анаға қарыздар.
Құтпан мекені Қорқыттың!
Қасиет қонған, топырағыңнан маған да.
Өсиет қалған дін мұсылман аманда.
Туған жер жалғыз, алты құрлықты ғаламда.
Күмбір де күмбір күңіренеді қыл қобыз.
Күлдір де күлдір кісінейді кеп “Көкешкі”.
Соры қалың, бағы батпан даламда.
Тәңір даласы, Қазалы!
Алаш толғатқан, Сырдың баласы некелі.
Жырдың баласы, жұмаққа ауған бөкені.
Аққу боп ұшқан, адалдығының өтемі.
Бұлбұл құстары адам тілінде сайраған,
Балбал тастары бабам тілінде сөйлеген.
Төрт көзі түгел, әулиелердің мекені.
Ақжол ТҮМЕНБАЙ,
Ғани Мұратбаев атындағы республикалық
жастар сыйлығының иегері