Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді
Салт-дәстүр күнделікті тіршіліктің бір бөлігіне айналған әдет-ғұрыптардың жиынтығы сынды. Ғасырлар көшімен өзгеріске түсетіні, елеусіз ұмытылатыны тағы бар. Дегенмен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы қазақстандықтар үшін өмір талабына айналып, жоғымызды қайта бір түгендеуге түрткі болды.
Есті адам үшін ескірмес салттың, қарапайым адами қағиданың бастауы сәлемдесу болса керек. Бауыржан Момышұлы: «Бір жерге барғанда сөзді сәлеммен бастамау – әдепсіздік. Қалтаңда он диплом болғанымен, сәлем парызын білмесең, біліп тұрып оны өтемесең, жолын жасамасаң нағыз мәдениетсіз адамсың. Мәдениеттілік адамның рухани өрісімен өлшенеді. Сәлем беру – ізеттіліктің, кісіліктің баспалдағы. Сәлем беру – сөз бастаудың беташары. Сәлем беру – танысып-білісудің, достасудың дәнекері» деген екен. Осы орайда қазақтың амандасу әдебі жайлы айтпақпыз.
Есті адам үшін ескірмес салттың, қарапайым адами қағиданың бастауы сәлемдесу болса керек. Бауыржан Момышұлы: «Бір жерге барғанда сөзді сәлеммен бастамау – әдепсіздік. Қалтаңда он диплом болғанымен, сәлем парызын білмесең, біліп тұрып оны өтемесең, жолын жасамасаң нағыз мәдениетсіз адамсың. Мәдениеттілік адамның рухани өрісімен өлшенеді. Сәлем беру – ізеттіліктің, кісіліктің баспалдағы. Сәлем беру – сөз бастаудың беташары. Сәлем беру – танысып-білісудің, достасудың дәнекері» деген екен. Осы орайда қазақтың амандасу әдебі жайлы айтпақпыз.
Сәлемдесу салты
Адамдардың жолығып қалғанда жылы шыраймен амандасуы – хан мен қара деп ажыратылмайтын, адамзатқа ортақ қасиет. Адамзат баласы бағзы заманда бір-бірімен кезіккенде өзінің қарусыз, қастықсыз, адал екенін айту үшін алақанын жайып, қолын көрсетіп, жауаптасқан. Мамандар осы әдетті қазіргі амандасудың арғы төркіні деп болжайды. Қазақ дәстүрі бойынша кездесе қалған екі адам бірін-бірі танысын-танымасын сәлемдеседі. Әуелі «Ассалаумағалейкүм!», «Уағалейкүмассалам» деген шартты сөздер қолданылса, артынан «мал-жан аман ба?» – деп сұрасқан. Малдың амандығын сұрауы тұрмыс пен күнкөрістің көзі төрт түлікке тікелей қатысты болуына байланысты нормаға айналған. Оған дағдылы жауап: «Құдайға шүкір, өзіңіздің мал-жаныңыз аман ба?».
Қазақтар қонаққа барғанда, киіз үйдің жанына жақындағанда аттан түседі, ал үй иесі қолғанат ересек балаларымен қарсы алып, амандық-саулығын сұрайды. Осы кезде әйел адамдар үй-ішін реттеп, қонаққа арнайылап көрпелерін салады. Келген мейманның өзі киіз үйге енгенде «Ассалаумағалейкүм» деп жалпыға сәлем беріп кіреді. Тіпті, баспанада адамдар жоқ болса немесе тек қана әйелдер отырса да «Ассалаумағалейкүм» деп шаңыраққа сәлем беру әдеті қалыптасқан.
Бір адам көпшілікке, жасы кіші үлкенге, аттылы жаяуға, кіріп келген адам отырғанға сәлем беруі тиіс. Амандасу тәртібіне сүйенсек, аттылы адам тұлпарынан түспесе де, сәлем бергенде қол алысса да, алыспаса да болады. Сыртта жүрген жастардың жанынан қария не жасы үлкен адам жанап өтсе, жастар қарияға, жасы үлкен адамға әдейі бұрылып барып, сәлем берген. Үй толы адам жайғасса, отырғандардың жасы ең үлкенінен кішісіне дейін алма-кезек қол беріп, амандасып шығады. Осыдан кейін барып үй иесі мен келген қонақ асықпай амандық-саулық сұрасқан. Үй толы адамға бір-бірден қол беріп амандаспай-ақ, жалпылама «Ассалаумағалейкүм» деп сәлем беруге де болады.
Әр ұлттың ерекшелігі амандасу әдебінен-ақ көрінеді. Қазақтар ұзақ сапардан келгенге жиналып барып, сәлемдескен. Керісінше алыс сапарға аттанғалы отырған адамға жиылып, «Жолың болсын!» деп тілек айтқан. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» деген мәтел осының айғағы іспетті.
– Салт бойынша жасы кіші бірінші амандасуға міндетті. Бір адам көп адамға, жасы кіші жасы үлкенге, атты адам жаяу адамға, келе жатқан адам отырған адамға сәлем береді. Амандасу тәртібінде атты адамдар түзде жолыққанда, жасы кіші жасы үлкен адамға қолын беріп, көкірек түйістіре амандасқан.
Бұлай амандасу кезіккен адамдардың өзара алыс-жақындығына да байланысты. Ал әйел адамдарға жұмсағырақ “Аман-есенсіз бе?” дейді. Қыздарға “Шырағым, амансыңдар ма?” деген сөздерді қосады. Бірақ жасы үлкен адамға ешқашан қалжыңдасып амандаспаған, – дейді тарих ғылымдарының кандидаты Гүлжан Мейрманова.
Бір қызығы, иен далада бірін-бірі танымайтын екі аттылы адам жолыққанда бірінің жанынан екіншісінің оза шабуы ұят саналған. Тек жақындап келіп, аман-саулық сұрасқаннан кейін асығыс екендігін айтып, ары қарай шаруасымен жүре берген. Осындай қарапайым қарым-қатынас қазақтың ұлттық мәдениеті мен тектілігін танытқандай.
Адамына қарай сәлемі
Байқағанымыздай қазақ халқында адамның жас ерекшелігіне, абырой-беделіне байланысты сәлемдесу рәсімдері түрліше болып келеді.
Ертеде хан немесе ірі сұлтандарға одан төмен саналатын таптағы адам екі қолын кеудесіне қойып, төмен қарай иілмесе, оларға жақындай алмаған. Сұлтан қайырым ретінде қолын созғанда ол бір тізерлеп жерге отырып, оның қолын екі қолымен қысады. Әлеуметтік дәрежесі орташа адам ел басшысына тек басын иіп амандасқан. Хан немесе ел билеуші қарамағындағылардың сәлеміне жауап ретінде оның иығына қолын қойып, сыйлайтын кісісі болса қолын қысып амандасатын болған. Егер ханды жолай кезіктірсе, онда қарапайым халық жолда тоқтап тұрып, оның өтіп кетуін күтуге міндетті. Әрі өз елінің басшысына басын иіп, қолын кеудесіне қойып дауыстап сәлем беруі шарт. Қараша халық өкілі сұлтандарға сәлемдескенде тізесін бүгіп, көбіне «Алдияр, тақсыр!» деп сәлем берген.
Л.Ф.Баллюзек сонау XIX ғасырдың соңындағы қазақтың амандасу салты туралы: «Сұлтан әулетінен шыққан барлық адамдарды көрген кезде және олар біреуге жылы сөз айтқан кезде жауап ретінде: «Амансыз ба? Сізге құрмет білдіремін, сау болыңыз, рақым етіңіз, сізден өтінемін, қайырымдылық жасаңыз, рахмет, алғыс білдіремін!» деген сияқты сөздерді қолданған. Дәрежесі тең, бірақ, жақын таныс емес адамдар бір-бірінің қолын алып қана амандасқан», – дейді.
Дәстүрлі сәлемдесу салтында әйелдер де жалпы қабылданған әдетті сақтаулары тиіс болған. Егер аға сұлтанның әйелдерімен кезігіп қалса, қарапайым әйелдер жанарын төмен түсіріп, ізет көрсетіп иілген. Жас әйел үлкендердің алдында бір тізесін бүгіп, иіліп сәлем салады.Әлеуметтік жағдайлары тең әйелдер кезіккенде қол алыспайды, тек бірі екіншісіне жәй ғана иіледі. Жалпы барлығы да беттен сүйіп амандаспаған. Бұл дана бабамыздың амандасу мәдениетін сол кезде-ақ білгенін көрсетеді. Еуропалық этикет бойынша адамды сүйіп амандасу, арақашықтықты сақтамау әдепсіздік.
Бір ғана сәлемдесу салтында қаншама игілік жатыр. Алысты жақындататын, жақынды туыс қылатын, бір ғана отбасы емес, бүкіл ұлттың тәрбиесін көрсететін амандық сұрасудың мәні уақыт өткен сайын кеміп бара жатқандай. Дегенмен, амандасудың адамдық парыз екенін ескерсек, бүгінгі жас ертеңгі қария ретінде кішіден ізет көрмекке ұмтылуды осы сәттен бастаса дейміз.
Дина БӨКЕБАЙ