Тіл ел мәртебесі
Ана тілі – белгілі бір этностың қалыптасып, ұлт деңгейіне дейін үздіксіз дамуына ұйтқы болып келген және өзара қауымдаса тіршілік етуіне қажет.
Этникалық тегі географиялық қоныстану аумағы, шаруашылық жүргізу тәсілдері ортақ адамдар қауымы мен мүшелерінің ана тілі арқылы ортақ дүниетанымы, ұғым-түсінігі, мінез-құлқы, наным-сенімі, сезіну қасиеттері – бір сөзбен айтқанда, ұлттық ділі қалыптасады.
«Ана тілі» ұғымы барлық этносқа тән. Дегенмен бұл ұғым «туған тіл», «ұлт тілі», «ата-баба тілі», «ана тілі» түрліше атала береді. Қазақ этносының дәстүрі бойынша, шыр етіп дүниеге келген нәрестенің құлағына алғаш шалынған ананың үн-әуезі оның ақ сүті арқылы баланың болмысына дарып, адамға ғана сыйланатын құдіретті күш – тілге ұласады. Қазақ тіл білімінде ана тілі терминін алғаш ұсынып, ғылыми айналымға енгізген Ахмет Байтұрсынұлы. Қазіргі уақытта қазақ халқының үштен бірі, яғни 4 млн-ға жуығы, Қазақстаннан тыс Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Иран, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан жерлерінде диаспора болып отыр. Бұл топтар қандай тілдік ортада қытай, ұйғыр, моңғол, пүштүн, парсы, түрік, өзбек, орыс, қырғыз, түрікмен болсын өмір сүрсе де, ол тілдердің қанша әсері болса да қазақ тілі олар үшін ана тілі болып саналады.
Әрбір азаматтың ана тілін қастерлеуі мемлекеттің мәртебесіне қатысты қоғамдық көзқарас пен қамқорлыққа да тікелей байланысты. Сондықтан әркімнің өз ана тілін құрметтеуі тек анасының ақ сүтін өтеу ғана емес, қоғам алдындағы азаматтық парызын ақтау, сол арқылы елдің елдігін сақтау болып саналады.
Айдын БЕГІМБАЙҰЛЫ,
Қазалы АПб кадр саясаты тобының
инспекторы полиция майоры