Қазақстанда қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 16,3 пайызға азайған

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында Angels Initiative бастамасы мен Қазақ инсультологтар лигасы қоғамдық ұйымының ұйымдастыруымен «Train the Trainer Workshop» халықаралық білім беру воркшопы өткізілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Аталған іс-шара Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) мүше мемлекеттерінің арасында жасалған қолданыстағы меморандумның шеңберінде Орталық Азия елдерінің арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында ұйымдастырылып, жедел инсульт кезінде медициналық көмек көрсету саласында тәжірибе алмасуға және озық практикаларды енгізуге арналған маңызды алаңға айналды.
Инсульт өлім-жітім мен мүгедектіктің негізгі себептерінің бірі болып қалып отырған жағдайда, медициналық көмекті тиімді ұйымдастыру — пациентті уақтылы бағыттаудан бастап жоғары технологиялық диагностика мен емдеуге дейін — ерекше маңызға ие.
Қазақстан инсульт қызметін дамытуда айтарлықтай ілгерілеуді көрсетіп отыр. Бүгінде республика бойынша нормативтік қажеттілікті толық қамтитын 85 инсульт орталығы құрылған — әр 250 мың халыққа 1 орталық.
Ми қан айналымының бұзылыстарын ерте анықтау мақсатында скрининг енгізіліп, инсульт әлеуметтік мәні бар аурулар тізбесіне енгізілді. Инсульттан кейін пациенттерді диспансерлік есепке алу мерзімі 30 күннен 15 күнге дейін қысқартылды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ем қабылдаған пациенттердің саны 8,3%-ға - 49 мыңнан 53 мыңға дейін өсіп, тромболизис жүргізу үлесі 11%-ға артты, ал инсульттен болатын өлім-жітім 4%-ға төмендеді.
Қазіргі уақытта инсульт қанайналым жүйесі ауруларынан болатын жалпы өлім-жітім құрылымының 32%-ын құрайды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы екі айында қанайналым жүйесі ауруларынан жалпы өлім-жітім 16,3%-ға төмендеді.
Іс-шара бағдарламасына интерактивті мастер-кластар, клиникалық жағдайларды модельдеу және шешім қабылдау бойынша практикалық сессиялар енгізілді. Мұндай формат кәсіби білімді тереңдетіп қана қоймай, жедел медициналық көмек көрсету кезінде аса маңызды болып табылатын тиімді командалық өзара іс-қимылды дамытуға ықпал етеді.
Воркшопқа Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінен медицина мамандары қатысты. Инсультолог дәрігерлерін, денсаулық сақтау ұйымдастырушылары мен жедел медициналық көмек қызметтерінің өкілдерін қосқанда әр елден 8 қатысушыдан қатысты.














