Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аяғыма кигенім былғары етік

Аяғыма кигенім былғары етік

Халқымыз «Терек – жапырағымен, дене шүберегімен сұлу» деп киім кию мәдениетіне ерекше көңіл бөлген. Киім үлгілерінде климаттық жағдайлар ескеріліп, ежелгі дәстүрлер негізге алынған. Олардың ішкі, сырттық, сулық, бір киер, сәндік және кейбірінде салтанат-ғұрыптық түрлері болған. Деректерге назар салсақ, салтымызда ер жігіт соғысқа барарда киімдердің ең жақсы, таңдаулысын киген.
Тазы жүгіртіп, бүркіт салып, саят құрған жұрт қанжығалаған аңының терісін илеп, оны қажетке жаратуға машықтанған. Етік – көне заманнан күні бүгінге дейін өзінің қадір-қасиетін жоғалтпай, қол өнерінің озық үлгісі ретінде ғана емес, пайдаланудан қалмай келе жатқан ұлттық киімдердің бірі. Өкініштісі, олардың кейбіреулерін ескінің көзі қарттар күнделікті киіп жүрсе, енді біреуін сахналық қойылымдар мен көріністерде ғана көзіміз шалып қалады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың 7 қыры» атты бағдарламалық мақаласында атқа міну мәдениеті жер жүзіне Ұлы даладан тарағанына тарихи толыққанды деректер келтіріледі. Асауды алғаш жуасытып, «дала гладиаторы» атанған көшпелі халық екендігін еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары айғақтайтыны айтылады. Жылқыны қолға үйрету арқылы дарабоздар киімнің үстіңгі, астыңғы болып бөлінуі, шалбардың қалыптасуы, жұмсақ өкшелі, үзеңгіге ыңғайлы етік алғаш бізде дайындалғанын нақтылайды.
Етікшілік өнердің дамып, өркендеуіне зер салсақ, шеберлер аяқ киім түрлерін олардың жасалған материалына, тұтынушысының жасы мен жынысына, әлеуметтік жағдайына байланысты түрлендіріп отырған.
Археологиялық қазбалар кезінде біздің заманымыздан бұрынғы V ғасырларда таулы Алтай өңірін мекендеген тайпалардың былғарыдан, жүннен тігілген аяқ киімдері табылған. Мұндағы әйелдер аяқ киімінің қонышы иірілген жіппен өрнектеліп, жұқа жез немесе алтынмен апталған. Жәдігер етікшілік өнердің біздің жерімізде ұзақ дәстүрге ие екенін білдіреді.
Әдетте отбасы мүшелеріне аяқ киім тіккізгісі келген адамдар етікшіні өз үйінде бірнеше ай бойы қондыратыны туралы жазба жеткен. Халық әніндегі «Аяғыма кигенім былғары етік» дегендей, аяқ киім тігумен тері, қайыс өңдеумен маманданған адамдар айналысқан. Олардың атадан балаға беріліп отыратын өзіндік технологиясы, яғни тәсілдер жүйесі қалыптасқан.
Этнограф Р.Шойбековтің айтуынша, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ даласына сырттан келетін былғарының тарауына байланысты, саптама етік пен жеңіл етіктерді қалың қара былғарыдан тігу өріс алды. Сонымен бірге, орыс үлгісімен қисық табан жеңіл етік тігу де біртіндеп орын ала бастаған. Ер адамдарға арналған кебісті көннен немесе қалың былғарыдан түзу табан етіп тігеді. Ер кісілердің етіктері мен кебістерінің өкшесіне темірден нәл қағады. Әйелдерге арналған кебістер түрлі түсті жұқа былғарыдан тігіліп биік өкше қағылады, әртүрлі жібек жіптермен кестеленіп көркемделеді. Әрине, мұндай әсем кебістерді ұзатылатын қыздарға арнап жасататын болған.
Қазақтың қолөнер мәдениетін зерделеуші Сұлтанқан Сағатжан етіктер түрлерін былайша бөледі.
Саптама етік – қазақтың ұлттық аяқ киімдерінің бір түрі, оның кең қонышы тізені жауып тұрады. Тақым жағы сәл ойықтау келіп, аяқты бүгіп-жазуға кедергі жасамайды. Ол қысты күні киілетін болғандықтан, ішіне киізден астар салып, сапалы былғарыдан, ертеректе жылқының немесе өгіздің терісінен ағаш кергішпен өкшесін аласа етіп тігетін болған.
Көн етік – иге салып, түгін түсірген ірі қара терісінен тігілген етік. Бұрынғы уақыттарда егін суарушылар, аңшылар тау-тасты, бұталы жерлерді аралағанда киетін аяқ киім. Көн етіктің шегірен етік сияқты өкшесі болмайды. Басы мен қонышы сыздықталып бекітілмей, тұтас пішіледі. Көн етікті кей жерлерде «шоқай» деп те атайды. Кебіс – мәсінің сыртынан киюге арналып, былғарыдан тігілген, қонышсыз аяқ киім. Оның басын жұмсақ қара былғарыдан, табанын қатты ұлтаннан биік өкшелі етіп тігеді, оюлап әшекейлейді. Оның шолақ қонышты, жай табан және кең ауыз деп аталатын түрлері бар. Мәсі – ерлер мен әйелдердің киетін жеңіл аяқ киімі. Жұқа ұлтан салып, жұмсақ былғарыдан, жұмсақ ешкі терісінен немесе құрымнан тігеді. Сыртынан кебіс киеді.
Қазақ әрбір киімді қастер тұтқан. Біз сөз етіп отырған аяқ киімге қатысты да танымымызда түрлі түсінік қалыптасқан. Мәселен, қазақ aяқ киімнің табанына қарамайды. Ол жер-жерді басқандықтан, былғанышты болады дейді. Егер байқаусызда көзі түссе, табанға үш мәрте түкіретін болған. Сондай-ақ аяқ киімді төңкеріп қоймайды, жоғары шығармайды. Төңкеріліп қалса, иесі қайғыға ұшырайды, шашылып жатса жолы кесіледі, жоғары қойса, дұшпаны басынады деп топшылаған. Табанға салынатын ұлтарақты маңдайынан тіліп қояды. Бұл жүргіншінің жолы ашық болады деген ұғымға саяды.
Бүгінде сапалы аяқ киім туралы айтылғанда, сән әлемінде озық орын алатын италиялық, германиялық былғары өнімдерге сұраныс көптігін аңғарамыз. Шыққан жері шалғай, жеткізілуі ұзақ уақытты алатын бұндай ­тауар түрлерінің бағасы шарықтауы қалыпты жағдай. Денсаулығы үшін отандастарымыз аяқ киімге соңғы ақшасын жұмсауға да әзір. Олай етуге негіз де жоқ емес. Қыз-келіншектердің құрсақ көтере алмауы, ерлердің ұрпақ өрбітуге, әскерге жарамсыз болып қалуы, буын ауруларының көбеюінің негізгі себебінің бірі нақ осы сапасыз аяқ киім салдарынан туындап отыр. Әркім де сапалы аяқ киім кигісі келеді, алайда барлығының дерлік әлеуметтік жағдайы сын көтермегендіктен, арзан қытайлық көшірмелерді тұтынуға мәжбүр.
Кеңес дәуірінде елден шыққан тері бұйымдарын өңдейтін зауыт-фабрикалар жұмысы жанданған болатын. Тіпті біз тұратын шағын ауданның да өз аяқ киім тігетін өндіріс орны болғаны бүгінде тек тарих бетінде қалып отыр.
Жақында Түркия елінде болып келген танысым ол жақта тері өңдеу өнеркәсібі өркендегенін айтты. Таңданысымды тудырған тақырып соңы, мұңды аяқталды. Себебі, ондағы ауыр жұмысты істейтін арзан жұмыс күшінің қатарында қандастарымыздың қарасы көп көрінеді. Егер солардың бірін елге әкеліп, бұл істі жүргізсе, экономикаға септігіміз тиіп, импорттық тауарға тәуелділіктен арылар едік.
XVI ғасырда Доспамбет жыраудың: “Күдеріден бау тағып, Кіреуке киер күн қайда?”, онан кейінгі Ақтамбердінің: “Күдеріден бау тағып, ақ кіреуке киер ме екеміз” дейтіні бар. Бұл жердегі күдері бау – теріден жасалған бау түрі болса, кіреуке – әбден иі қанып жұмсартылған бұғы, бұзау терілерінен иленіп, өңделген былғары екен.
Бұдан бір-екі жыл бұрын арзан тері қабылдаушылар өнімдерді қырғыз еліне асырса, қазір олардың шаруасы да тоқтаған. Нәтижесінде құнсыз қалған былғарылар қоқыстарды толтырып, қолданысқа қажетсіздер қатарын толықтыруда. Аяқ киім жасайтын басты шикізат бізде жеткілікті. Тек соны дамытып, Осман империясы мен Кашемирге дейін өнімімізді тасымалдаған бабаларымыздың ізін жалғай алмаудамыз. Соңғы жылдары ел бойынша бірлі-екілі аяқ киім жасаушы кәсіпкерлер бой көтеруде. Олардың бұйымдары жалпақ жұртқа жеткіліксіз, құны қымбат. Ұғынықты жағдай. Шикізаты мен дайындаушы қондырғы құрылғылар шет елден келеді. Сондай-ақ кәсібін дамытуға мемлекет тарапынан қолдау жеткіліксіз. Бұл жағдай шекара асқан киімдер әлі талай қалта қағатынын көрсетеді. Ата-бабадан қалған технологияны заманауи талаптарға лайықтап бағындыру арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ұлттық құндылығымызды ұлықтап, елге табыс пен береке кіргізуге болар еді... Алайда сана саңылауында жылт еткен сәуле – үміттің жарқырар күні әлі ұзақ сияқты...

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
08 маусым 2021 ж. 993 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930