Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сахараның Сайын ханы

Сахараның Сайын ханы

Тарихта Бату хан Алтын Орданың негізін қалаған ержүрек қаһарман ретінде белгілі. Шыңғыс ханның немересі, Жошының екінші ұлы, 1209-1255 жылдары өмір сүрген Батуды кейбір деректерде Сайын хан деп те атайды. Шешесі – қоңырат Елші ноянның қызы Кочу қатын. Бату 1227 жылы Жошы өлгеннен кейін Шыңғыс ханның ұйғарымымен әкесінің ұлысына хан болды. 1229 жылы Үгедейді моңғол империясының ұлы ханы сайлаған Қарақорымдағы Құрылтай жиналысына қатысты. 1236-1242 жылдары біріккен ұлы хандық әскерінің Русь пен Шығыс Еуропаға жорығына қолбасшылық етті. Әке иелігін Ертістен Дунайға дейінгі байтақ өлкені алып жатқан Алтын Орда мемлекетіне айналдырды. 1251 жылы Онон өзені бойында өткен Құрылтай жиналысында Батудың қолдауымен Мөңке ұлы хан болып сайланды. Батудың 26 әйелі, Сартақ, Тоқан, Әбуқан, Улақшы есімді 4 ұлы болған. Бату Еділдің сағасындағы (Ахтуба алқабы) аралдарының бірінде орналасқан Сарай қаласында жерленген. Ал енді тарихи тұлға өміріне тереңірек бойлап көрелік.
Бату жорығы кезіндегі сақталған құжаттардың бірінде мынадай жазба сақталған: «Ол үлкен әскермен Еуропаға Меотия батпақтарының солтүстік жағалауына кірді және алдымен Солтүстік-Шығыс Ресейді жаулап алып, ең бай Киев қаласын қиратып, поляктарды, силезийлерді және моравиялықтарды жеңіп, ақыры Венгрияға қарай бет алды. Бодан елдерді қатаң жаншыды және қатты қорқытты. Ол жорыққа шыққанда бүкіл христиан әлемі үрейде болды».
Батырдың балалық шағы
Батудың нақты қай жылы дүниеге келгені белгісіз. Тарихи құжаттарға сүйенсек ХІІІ ғасырдың басында туған. Әкесі Жошы оған Ертіс өзенінің батысындағы барлық жерлерді мұра етіп қалдырған. Оның ішінде бұрын-соңды ешбір күш бағындыра алмаған иеліктер саналған Еуропа, Ресей, Хорезм және Еділ Болгариясы Батудың боданында болды. Себебі Шыңғыс хан ұлына кезінде орыс жерлері мен Еуропаны жаулап алу арқылы ұлыстың (империяның) шекараларын кеңейтуді бұйырған еді.
Шыңғыс хан туралы түсірілген киноларда көрсетілгендей Жошының туыстары оны жақтыра қоймады. Сол себепті жақындарынан бөлек, өзіне бөлінген жерде оңаша өмір сүрді. 1227 жылы жұмбақ жағдайда дүние салғаннан кейін Ертістің батысындағы әскерлер Батуды мұрагер деп атады. Бұған хан Шыңғыс та қарсы бола қойған жоқ. Мемлекеттегі билікті ағаларымен бөлісті. Жошының үлкен ұлы Орда Ежен армияның басым бөлігі мен мемлекеттің шығыс аймағына еншіледі. Ал Бату хандықтың қалған аумағын інілерімен бірге басшылық етті.
Жорықтан тайсалмаған жауынгер
Хан Батыйдың өмір жолы – бұл ұлы жауынгердің тар жол, тайғақ кешуімен бірдей. 1235 жылы Онон өзені маңында құрылтай (билер кеңесі) Батысқа жорықты қайта бастауға шешім қабылдады. Киевке жету үшін алғашқы әрекетті Шыңғыс ханның әскерлері 1221 жылы бастады. 1224 жылы Еділ Бұлғарларынан жеңіліске ұшырап ханның әскерінің аяңдауына тура келді. Бұдан кейін келесі жорыққа басшылық жасау бақыты Шыңғыс ханның немересі Хан Батуға тапсырылды. Сүбедей баһадүр Батудың оң қолы болып тағайындалды. Ол Шыңғыс ханмен бірге Калька өзенінде (қазіргі Донецк облысы, Украина) Половцы және орыс әскерлерімен жеңісті шайқасқа қатысты.
1236 жылы Бату Ұлы Батыс жорығына аттанған әскерді басқарды. Осы майданда Алтын Орда алғаш рет Половцы жерін басып алды. Еділ Болгариясы моңғол империясының құрамына кірді. Бұл аз болғандай орыс жеріне бірнеше рет басып кірді. Бату 1238 жылы Рязань мен Владимир қалаларын, 1240 жылы Киев жерлеріне басып алуға аттанған әскерді өзі бастап барды. Еділ Болгариясын жаулап алғаннан кейін, Бату әскерімен Дондағы Половцыға аттанды. Қала шабуылдың алтыншы күні құлады.
XVI ғасырдың аяғынан бері келе жатқан Батудың Рязань қирандысы туралы ескі орыс әңгімесі бүгінгі күнге дейін сақтаулы. Онда 1237 жылы Рязаньға татар-монғолдардың шапқыншылық жасағаны да баяндалған. Бату хан Орда әскерімен Рязань маңындағы Воронеж өзенінде жау әскерін күтіп тұрған. Қарсы тарап Князь Юрий Игоревич ұлы княз Владимир Георгий Всеволодовичтен көмек сұратады. Уақыт ұту үшін сол мезетте Юрий Батудан сыйлықтармен құтылуға тырысқан. Бату сый ретінде Рязань қалашығындағы сұлу – князьдің келіні Евпраксияны беруді талап етті. Сұлудың күйеуі бұған қарсылық көрсеткені сол-ақ екен, басы шабылды. Ал әйел мұнарадан секіріп өзін-өзі өлтірді. Талаптың орындалмауы соғыс жалынының шарпуына түрткі болып, нәтижесінде Бату татарлары Рязанды жаулап алды. Юрийдің әскері орны толмас шығынға ұшырап, княздің көзі жойылды.
Аңыз бойынша Рязань губернаторы Евпатий Коловрат Черниговтан оралып, татарлар қиратқан қаланы көріп, салы суға кетеді. Кек қайтару мақсатында 177 адамнан тұратын әскер жинап, моңғолдардың ізіне түсті. Суздаль маңында Бату әскерімен кездесіп, күш тең емес шайқаста қуғыншылар жеңіліске ұшырады. Бату шайқаста ерлік көрсеткен Коловраттың жүрекжұтқандығына құрмет көрсетіп, денесін тірі қалған орыстарға табыстайды да: «Ей, Евпатий! Егер сен маған қызмет еткен болсаң, мен сені жаныма жақын ұстайтын едім”, – деген екен. Рязань губернаторының есімі Ресей тарихында басқа да даңқты батырлармен бүгінгі күнге дейін қатар айтылады.
Рязаньды жаулап алған Бату әскері ендігі Владимирге аттанды. Жорық жолында кездескен Мәскеу мен Коломна қалалары тас-талқан етіледі. Ал Владимирді қоршау 1238 жылдың қысында басталды. Татарлар төрт күн өтпей-ақ қаланы үздіксіз шабуылмен басып алды. Осы тұста Бату хан қатыгездік көрсетіп, Владимирді өртеуге бұйрық берді. Қала тұрғындары мен билеушісі өрт құшағында қаза тапты. Басты мақсат орындалғаннан кейін Бату әскері екі бағытқа бөлініп кетті. Әскердің бір бөлігі Торжокты алуға, екіншісі Новгородқа қарай аттанды. Жорық барысында Сит өзенінде орыс армиясымен жолығып, ойсырата жеңді. Бірақ бәрі бұлай жеңіл болуы мүмкін емес еді. Бату әскері мұны Козельск қаласына жеткенде сезінді. Орда әскері жергілікті тұрғындардың қыңыр қарсылығына тап болды. Козельскті бағындыру жеті аптаға созылды. Татарлардың өшіккені соншалық қаланы басып алғаннан кейін орнында ешнәрсе де қалдырмады.
Бату Оңтүстік аймақтарды 1239 жылы басып алды. Киевті бағындыру сапарында хан Переяславль және Чернигов княздықтарын жойды. Киев қоршауын бұзу үшін үш айға жуық уақыт жұмсап, кезекті мәрте Бату ханның жеңісімен аяқталды. Татар-моңғол шапқыншылығының қарқыны Русь билеушілерінің жүрегіне қорқыныш ұялатты. Өйткені оларға тиесілі жердің астан-кестені шығып, сәулетті қалалар көзден бұлбұлдай ұшқан еді. Халқы Ордада құлдыққа алынды. Бұл сейілмейтін үрейдің пайда болуына алып келді.
1237-1248 жылдары моңғолдардың Русь еліне тоқтаусыз шабуылы нәтижесінде ұлы княздықтар Моңғол империясына саяси және салықтық тәуелді болуына мәжбүр етті. Орыстар жыл сайын салық төлеп отырды. Алтын Орда ханы Бату Ресейдегі князьдарды өз қалауымен тағайындады. Дәл осындай Ресейдің Солтүстік-Шығыс жерлеріндегі Алтын Орданың үстемдігі 1480 жылға дейін, екі жарым ғасырға созылды.
Бату хан өзінің жақтастары Сүбедей мен Қаданмен бірге Венгрияны жеңіліске ұшыратты. Бел IV корольдің әскерлері 1241 жылы 11 сәуірде Шайо өзеніндегі шайқаста моңғолдардан жеңіліске ұшырады. Венгрияны басып алу татарлар үшін Болгария, Сербия, Босния, Далматияны жаулап алуға таптырмас мүмкіндік еді. 1242 жылы Алтын Орда әскерлері орталық Еуропаға еніп, саксондық Мейсен қаласының қақпасының алдына келіп тоқтады. Осы тұста батысқа жорық аяқталды. Бату Еділге оралды.
Ұлы жорықтың аяқталуының негізгі себебі ретінде Шыңғыс ханның ізбасары, ұлы хан Үгедейдің қайтыс болуы аталады. Оның орнына жаңа қаған Батудың ежелгі жауы Күйік сайланды. Ол билікке келгеннен кейін кланаралық шайқастар басталды. Соның салдары 1248 жылы ұлы хан Батуға қарсы соғысқа ұласты. Бірақ Самарқанға жеткен бойда Күйік хан кенеттен қайтыс болды. Тарихшылардың айтуынша, ханды Батуды қолдаушылар улаған. 1251 жылы Күйіктің орнына Бату ханның жақтаушысы Мөңке хан сайланды.
1250 жылы Бату Сарай-Бату қаласын тұрғызды.(Қазіргі Астрахань облысы, Харабалин ауданындағы Селитренное ауылының маңы). Ел аузындағы әңгімеге сенсек Сарай-Бату халқы тығыз орналасқан әсем шаһарға айналған. Заманында ауқатты базарлар мен сәнді көшелер қала қонақтарын ерекше таң қалдырған. Кейін Өзбек ханның тұсында ыдырап, кірпіштері жаңа қоныстар салу үшін пайдаланылған.
Батудың бала-шағасы
Хан Батудың 26 әйелі болған. Үлкен әйелі Борақшын қатын – Моңғолияның шығысындағы көшпелі татар тайпасынан шыққан. Расталмаған мәліметтер бойынша, ол Батудың үлкен ұлы Сартақтың анасы. Сартақтан басқа ханның тағы екі ұлы болғаны туралы дерек бар. Ал Ұлақшы хан Батудың тағы бір мұрагері ретінде айтылады.
Бақилыққа атанған билеуші
Бату 1255 жылы қайтыс болды. Хан өлімінің себептері туралы нақты ақпарат жоқ. Улану немесе ревматикалық аурудан қайтыс болғандығы туралы болжам көп кездеседі. Хан өлгеннен кейін үлкен ұлы Сартақ мұрагер атанды. Сартақ әкесінің өлімін Моңғолияда жүргенде Мөңке ханның сарайында естіді. Алайда мұрагер елге оралған бойда кенеттен қайтыс болды. Таққа оның жас баласы Ұлақшы отырды. Борақшын қатын хан мен ұлыстың билігіне тікелей әсер еткені деректерде айтылады. Бірақ көп ұзамай жас мұрагер Ұлақшы да жан тапсырады.

Дайындаған Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
09 қыркүйек 2020 ж. 1 439 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930