Ұшықтаудың пайдасы қандай?
Бала күнімде тамақтан қатты ұшындым. Бірнеше күн нәр татпастан төсек тартып қалдым. Дәрінің бірнешеуін ішсем де, сауығар емеспін. Сол кезде әжем кешкілік күн батар уақытта далаға алып шықты. Содан құбылаға қарап, тізерлеп отыр да екі қолыңды тіреп, маңдайыңды жерге тигізіп, екі жаққа қарап «мен ұшынған жоқпын, жер ұшынды» деп бірнеше рет қайтала деді. Барлығын әжем айтқандай жасадым. Сенесіз бе, ертесіне аурудан айығып, аяққа тұрып кеттім. Бұл жерұшық деген қазақта ертеден келе жатқан емдеу түрі.
Қазір үйдегі кішкентай бүлдіршіндер сәл ауыра қалса, дәрігер шақыра жөнелеміз. Ертеректе ата-әжелеріміз ұшықтау немесе үшкіру арқылы ем жасаған екен. Негізі әр халықтың науқасты өздеріне тән емдеу амалдары бар. Бұл олардың наным-сеніміне байланысты болып келеді. Мәселен, науқасты емдеу тәсілі әртүрлі. Олар емдік шөптер мен майлар арқылы жүзеге асады. Тіпті тамақ ауырғанда оны басу арқылы да емдеген. Сол сынды қазақта ертеден келе жатқан емдеу түрі – ұшықтау. Қазірде бұны жас ата-аналардың бірі білсе, екіншісі білмейді.
Сонымен ұшықтау тәсілін адам ұшынып, асқазаны тамақты дұрыс қорытпай немесе қорқып қалған жағдайда қолданған. Негізінен салқын суды науқастың денесіне болмаса бетіне бүркіп шашу арқылы да жасайды. Сонда дене тітіркеніп, оның беті бері қарап, қан айналымы қайта жақсарып, жүйке жүйесінің жұмысы қалпына келе бастайды.
Жас ана Перизат Бақытқызының айтуынша, қазір көбінесе ұшықтап емдеу тәсіліне ден қояды екен.
– Бала кезімде қатты салқын тиіп ауыра қалсақ, әжеміз көшеге шығып ұшықтайтын. Дәріні көп қолдана бермейтін. Қазір өзім ана атандым. Жақында бір жасар қызымның іші өтіп, қатты сырқаттанып қалды. Үш-төрт күн бойы берілген дәрілер әсер етпеді. Содан әжемнің ұшықтап, үшкіру арқылы емдейтіні есіме түсті. Көрші үйдегі апаға апарып, ұшықтатып, ем алудың шараларын жасаттым. Ертеңіне қызым сауығып кетті. Көбінесе астан ұшынса, бұрынғыдан қалған осы дағдыны жасамаса аурудан айықпай жүреді деп еститінмін. Ата-әжелердің дәстүрге берік осындай қазақи емдеу жолдары епті екенін аңғартса керек, – дейді ол.
Негізінен баланы ұшықтау – аластап емдеудің бір түрі іспетті. Көнені көрген әзиз кейуаналар сөзіне сүйенсек, көз тиіп немесе салқын ұстап, астан ұшынып ауырған баланы, ересектерді емдеудің бірнеше түрі бар. Көз тию де екі түрлі деседі. Егер ер адамның көзі тисе, баланың денесі суып, өзінен-өзі мазасызданып, кіші дәретке жиі-жиі отырады, қолға тұрмай, шалқалап жылайды екен. Ол кезде ер адам ырымын жасаған дұрыс. Керісінше әйел адамның көзі тисе, сәбидің денесі қызып, шырқырап жылап, тәбеті нашарлап, мүлдем ембей қояды. Мұндай жағдайда әжелер тезірек ұшықтауға кіріседі. Сондықтан да бүгінгі әйел заты сол кісілер салған ізбен жүрген абзал. Бүгінде немерелерін ұшықтаумен сауықтыратын Дәмегүл әжей бізге өзінің емдеу тәсілімен бөлісті.
– Бүгінге дейін балаларым ұшынып, көз тиіп ауырғанда дәрігердің есігін қағып көрмеппін. Қазір де немерелерім сырқаттанып қалса, келіндеріме «ұшықтап жібер» деп айтып отырамын. Негізі бала астан ұшынып, тәбеті болмаса, таңертең күн ерте шықпай киіндіріп алып, көк шөптің үстінде жүргізеді. Біраздан соң жерге домалата аунатады. «Алла, өзің шипа бере гөр, пірім бибі Бәтима» деп тәу етіп, ұшықтауды бірнеше рет қайталайды. Ұшықтап болған соң оның үстіне жеті киім жауып жатқызады. Біршама уақыттан кейін беті бері қарайды. Абайсызда құлаған баланы шошынудан, бәле жабысудан сақтау үшін сол жерге алақанын тигізіп, сосын «ұшық, ұшық, тәңірім, сақтай гөр, көзге көрінер-көрінбес пәледен сақта» деп алақанын ауырсынған тұсқа тигізеді. Осылай үш мәрте қайталаған жөн, – деп түсіндірді ол.
Түптеп келгенде шипаны бір Алладан сұраған жөн. Сонда ғана мұндай емдеу тәсілдерінің дінге ешқандай да терістігі болмайды. Оның үстіне ұшықтауда да ой мен ниет түзу болуы керек.
А. БАҚЫТҰЛЫ