Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шаш қоюда қасиет көп

Шаш қоюда қасиет көп

Дана халқымыздың кез келген салт-дәстүрі оның тұрмыс-тіршілігімен байланыса қалыптасып отырғанын жасыра алмаймыз. Сонымен қатар әрбірінің өзіндік тарихы мен ерекшелігі бар. Берер тәрбие-тағылымы мол. Оның ішінде бүгінге дейін ұмытылып кеткені қаншама? Алайда ғасыр көшінің ұзақ үрдісінде ұлттың ұлы мәйегіндей болып сіңісіп келе жатқаны да бар. Қазақтың осындай қазірге дейін жеткені, дәстүрлі мәдениеттің бір парасы – балаға шаш қою.

Халықтың көшпелі қоғамында адам шашы ерекше қастерленген деседі. Ер бала шаш қойып, қыз бала шаш өсірсе де оның ешбір әбестігі болмаған. Мейлі ол айдар шаш, тұлым, кекіл және желке шаш болса да әрбірінің өзіндік ерекше сипаты мен қағидасы болған. Осыдан соң қазақ балаға бекерден-бекер шаш қоя бермеген деген тұжырымға келеміз.
Тұлым деп қыз баланың төбесіне емес, екі шекесіне қойып, уыстай ғана шаш қалдырғанын айтамыз. Қазақта «тұлымы желбіреп, бойжетіп қалыпты, тұлымды қыз екен» деген тәмсіл осыдан қалған. Оны қойғанда көз тимесін, өзгелерден дараланып, ерекшеленіп тұрсын деген. Оған қоса тұлымды шашқа маржан моншақтарды да қосып қойса керек.
Ертеректе бала қырқынан шыққанда шаш алған кезінде, балаға шаш қоярда шаңырақта дастарқан жайылып ырым жасап отыруды ұмыт қалдырмаған. Қыз балаға тұлым қойылғанда аналар қуанғаннан жиын өткізген. Сонымен қатар өзге балаларға қарағанда тұлымды қыздарға жұртшылық ерекше көңілмен, сүйіспеншілікпен қараған. Ауыл үлкендері қыз балаға ізгі тілектерін айтып, батасын берген.
Бүгінде ер балаға айдар шаш қою дәстүрі жалғасын тауып келеді. Айналада жүрген көп бүлдіршіндердің арасында айдар шаштысын байқауға болады. Бала қырқынан шыққанда қарын шаштың төбесін қалдырып, басқаларының барлығын тақырлап алып тастайды. Міне, осы қалған шашты айдар деп атайды. Оны өсіріп, моншақ араластырып өріп қояды. Түсінік бойынша бұл баланы тіл көзден сақтайды деген ел арасында сенім қалған. Оның үстіне Кенесарының інісі Наурызбай батырдың да ұзын айдары болған екен.
Біле білсеңіз айдар қойған балаға арнап мал сойылады. Оған да ауыл ақсақалдары келіп, бата берген. Жас баланы келген сыйлы адамдардың орнына аунатып, «балам осы адамдай болсын» деп тілек тілеген. Десек те айдар шашты баланың барлығына бірдей қоя бермеген деген сөз бар қазақта. Шын мәнісінде зарығып көргендерге айдар қойыпты. Ал ертеректе көп жағдайда хан ұрпақтары, бай-манаптар өздерінің ең жақсы көрген және өзінің орнын басады-ау деген балаларына ғана айдар қойғызған. Осыдан соң «Айдарлы бала – айбарлы бала» деген сөз шықса керек. Кейін бала ержетіп 12 жасқа толғанда алып, мүшел жасының құрбандығы ретінде ел-жұртқа көрсетіп, мал сойып, баласының ержеткендігін паш етіп, елдің батасын алатын салт қалыптасқан. Мұндай дәстүрді әлі күнге дейін ұмыт қылмай жүрген жандардың қоғамда бар екені көңілге қуаныш ұялатады.
Осыдан тура 5 жыл бұрын жастар арасында желкеге шаш қою белең алып кетті. Мұны көп жастар сән ретінде түсініп, көп уақыт өсіріп жүрді. Алайда бұрынырақтағы көзбен қарайтын болсақ, мұның мағынасы мүлдем бөлек. Нақтыласақ қазақ халқы ата-анасынан ерте жетім қалған балалардың желкесіне бір тұтам шаш қоятын болған. Ол сол ауыл тұрғындарына баланың жағдайын айтпай түсіну үшін, оған қамқорлық таныту керектігін айқындаған көрінеді. Мұны бұрыс түсінген көп балалар оны сән деп қидыртып тастауға қимай жүрді.
Байыбына барып, қазақ дәстүрінің кез келгенін зерттеп қарасаңыз астарында көптеген мән-мағына жатыр. Тіпті біз білмейтін көптеген салт-дәстүр тарихтың беттерінде шаң басып жатуы мүмкін. Сондықтан ертеден бүгінге жеткен салттың барлығын өзгеріске ұшыратып, түсініксіз етпей, сол қалпында қайта жаңғыртсақ нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
А.БАҚЫТҰЛЫ
29 шілде 2020 ж. 1 670 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930