Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазалы атауы төңірегіндегі пікірталас: Тоқтам қайсы?

Қазалы атауы төңірегіндегі пікірталас: Тоқтам қайсы?

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Сырдарияның оң жақ жағалауынан 12 шақырым жерде алғашында форпост ретінде негізі қаланып, сонан соң әскери бекініс, кейіннен қала мәртебесіне ие болған Қазалы қаласы Отандық тарихта маңызды орын алады. Қазіргі таңда Қазалы атауының шығу төркіні мен мән-мағынасы өзекті мәселелердің бірі.

Қазалы атауы туралы ғалымдардың еңбектері мен аңыз-әңгімелерде түрлі пікірлер беріледі. Мысалы, топонимист-ғалым А.Әбдірахманов Қазалы атауының түп төркіні туралы: «бұл атау, біздіңше, арабтың газал (орысша – газел, қазақша – киік) деген сөзі мен көне түркі тілінің туынды сын есім жасап, сол нәрсенің барлығын білдіретін -лы жұрнағы қосылуы арқылы жасалған. Ал Газал+лы атауының Қазалы түріне көшуіне себеп болған тілдік себеп: 1) қазақ тілінде ғажап, ғылым, ғасыр, ғибырат сияқты бірен-саран сөздер болмаса, ғ-дыбысынан басталатын сөз аз; 2) сөз аяғындағы л дыбысы түркі тілдерінде тиянақсыз. Міне, осы жағдайлар Ғазаллы атауының Қазалы (киікті) түріне көшуіне себепші болған. Шынында да Қазалы қаласы орналасқан Арал теңізінің жағасы ертеде киікке, құланға өте бай болған (Ғазалкент, Қарталы атауларын салыстырыңыз)», – деп жазды. Лингвист ғалым Е.Қойшыбаев бұл пікірмен келіспейді, ол «арабтың «газел» («киік») сөзіне таңудың ешбір қисыны жоқ, ол мүмкін емес», – дей келіп, атаудың шығу төркіні мен мағынасын екі нұсқада талдайды: «1) түр. қаз және алы этнонимдерінің қосарланған түрі; 2) қаз. қазелі атауының иран тілінде ассимиляцияланған түрі» екенін алға тартады.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Телғожа Жанұзақтың «Тарихи жер-су аттарының түптөркіні» атты зерттеуінде: «Сыр бойында ерте орта ғасырларда басқа түркі тайпаларының өмір сүргені тарихтан белгілі. Сондықтан кейбір жер-су аттары сол тайпалар сөздерінен қойылғаны, болмаса сол жерді мекендеген ру, тайпа атауларының бізге этнотопоним түрінде жеткен нұсқалары да болуы мүмкін. Олай болса «Қазалы» атауын этнотопоним деп танудың қисыны бардай», – дей келе, Қазалы атауының этимологиясына қатысты мынадай болжам келтіреді. «Егерде қастайпа атының Каспий теңізі атауы мен Қазғұрт, Қастек тау атауларында сақталғанын ескерсек, Қазалы атауында қаз тайпасының аты сақталғанын көреміз. Оның екінші құрамындағы алып тұлғасы түркі тілдеріндегі «биік», «шоқы, жота» сөзінің қысқарған түрі деп қарасақ, Қазалы – «қаз шоқысы, жотасы» деген мәндегі атау болуы мүмкін. Мұндай топонимдер, мәселен, Қазбек (Казбек), «Қаз биігі», Қапқаз (Кавказ) – «Қаз тауы» деген мәндерге ие», – екендігіне тоқталады.
Жергілікті халық арасында тараған Қазалы атауының сыр-сипаты мен пайда болуы туралы бірнеше аңыздарда: «Бұл өңірде сонау заманда әділ қазылығымен халыққа жаққан бір адам тұрған. Сол себепті «Қазы елі» атанып, кейін «Қазалы» болып өзгерген десе, енді бірінде: Ертеде осы өлкеде шалқыған көп көл болған. Көл беті айдында жүзген аққу мен қаздан көрінбейді екен. Осыған байланысты «Қаз елі» атанған. Келе-келе Қазалы сөзіне ауысқан», – делінеді.
Кеңестік ғалым-ономаст В.А.Никоновтың ойынша Қазалы атауы қазақша қаз және –лы жұрнағы арқылы жасалып, тікелей аудармада «көп қаздар» («обильный гусями») деген мағынаны білдіреді.
Тарихшы А.Н. Мұсабаева Қазалы атауының шығу төркінін қайғылы жағдайға – өлімге байланысты қойылған деген болжамды келтіреді. Бұл тұрғыда ғалым екі оқиғаны мысал ретінде алға тартады, оның біріншісінде ІХ-ХІ ғасырларда өзінің әйелі Бегімсұлуды қызғанышпен жазықсыз жазалаған Санжар ханның әрекетіне ызаланған Бегімсұлудың әкесі Қарабура әулие өзіңмен қоса еліңді жылан сорсын деп теріс батасын береді. Ақырында әлемге әйгілі болған Жанкент қаласының халқын түгелімен жылан сорып өлтіріп, қала жермен-жексен болады. Ал екіншісінде, ХІІІ ғасырдың басында, дәлірек айтсақ 1219 жылы Жанкентке Жошы хан бастаған Моңғолдар шабуыл жасап, халықты қырып, қаланы түгелдей өртеп жібереді. Халық тағы да ауыр қазаға душар болады. Мүмкін, қайталана берген осындай қанды оқиғалардан кейін, сол кездегі халық бұл жерді Қазалы деп атаған болар.
Ортағасырлық өркениет ошағы болған Жанкент қаласының ауыр тағдыры жайлы аңыз нұсқасы Е.Александровтың жазып алынуымен «Түркістан ведомастары» («Туркестанские ведомости») ­басылымында 1885 жылдың № 45 және 46 нөмірлерінде жарық көрді. А.Д.Нестеровтың 1898 жылдың 26 маусымында Қазалы уезінің Мақбал болысына қарасты № 6 ауылының 78 жастағы ақсақалы Тәңірберген Жайлаубаевтан жазып алған Жанкент аңызының толықтырылған тағы бір нұсқасы «Қазалы уезі қырғыздарының (қазақтарының) аңыздарындағы Арал маңы даласының өткені» («Прошлое приаральских степей в преданиях киргиз Казалинского уезда», 1900) атты еңбегінде басылып шықты.
Тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас «Қазалы» атауы туралы тың тұжырым» («Сыр бойы» газеті, 18 шілде, 2020 ж.) атты өзекті мақаласында: «... Исламдағы құндылықтар жүйесін шариғат бойынша дін, ұрпақ жалғастыру мен тәрбиелеп өсіру, ақыл, өмір және жекеменшік сияқты 5 нәрсе құрайды. Көріп отырғанымыздай, өлім, ажал немесе қаза қасиетті емес, қасіретті нәрселер деп бағаланған... Олай болса, «Үкім Алланыкі, өлім пенденікі» болғанымен қазаны ұрпақ жадына сіңіріп, құрметтеуге ұмтылу қаншалықты қисынды? Сонымен бірге өлім-жітім тек қана осы аумақта көп болған деген тұжырым да орынсыз. Біріншіден, ондай статистикалық мәлімет жоқ. Болуы да мүмкін емес. Себебі аталарымыз өлімнен бұрын өмірді санаған, яғни дүниеге келгендерді есепке алған. Сондай-ақ Қазалы ауданынан басқа жерлерде өлім-жітім азырақ болды деп айтуға ешкімнің аузы бара қоймас. Қазақтың бар даласы қан сасыған қайғылы кезеңдер аз болған жоқ тағдыр-талайымызда...» – деп жазды.
Ү.Б.Садықованың жетекшілігімен басылып шыққан «Қазалы қаласының көшелері» (2014 ж.) атты кітапшада Қазалы атауының мән-мағынасы қазалы, қаралы жағдайларға байланысты қойылған деген болжамға қарсы пікір айтылады. Еңбекте: «Бұл атау жөнінде осындай аңыздар көп болғанмен, қайсысының дұрыстығы жөнінде жазба дерек жоқ. Бір нәрсе анық – Қазалы атауы, қаза көп болды дегеннен шықпаған. Халық ешқашан қазалы, азалы нәрсеге ат қойып дәріптемеген», – деген тоқтамға келеді. Жоғарыда берілген пікірлерді ескере отырып, Қазалы атауының «қазалы оқиғаларға», «қаралы өлімге» қатысты қойылған деген болжам қисынға келмейді.
Шежіреші Өмірзақ Ахметовтың және зерттеуші-жазушы Шайхслам Серікбаевтың айтуынша, он екі ата Байұлының бірі Алтынның Құсқұл, Қазалы, Шүңгір, Жапалақ атты төрт баласы болады. Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаның кезіндегі ел босып жүрген жаугершілік заманда Алтыннан тарайтын Қазалы әулеттері бір рулы ел болып Сырдың жағасында қазіргі Қазалы қаласының орнында отырған. Олар сауда-саттыққа арналған шағын базар ашып, қалашық салады.
Қалашық сол жерді мекендеген Қазалы руының атымен «Қазалы» деп аталып кетеді. Кейін орыстар ішке еніп, Сырдария бойында форт ашып, 1847 жылдардан бастап қаланың іргетасын қалағанда, бұрынғы ізімен Қазалы қаласы деп атайды.
С.Мұхамбетқалиев, К.Ғ.Ахметов және Х.А.Ғабдуллинның бірлесе жазған «Байұлы мен Жетіру және Төре, Төлеңгіт, Ноғай-қазақ шежірелері» атты кітабында Алтыннан – Жапалақ (Мұжық), Көзала (Сырым), Шұңғыр, Қасқұл есімді төрт баласын тарқатады.
Көзала батырды Сыр өңірінің белгілі шежіреші ақыны Әлімбай Әлиасқаров 1943 жылы жазылған «Қазақ шежіресі» атты еңбегінде:
«Сарымнан туған екен Ер Көзала,
Мекені жаугершілік болған дала.
Мәметек, Ораз туған ол кісіден,
Халқына болды ақылды қорған пана» – деп жырлайды.
ҚазКСР ҒА-ның академигі, әдебиет сыншысы М.Қаратаевтың бас редакторлығымен жарық көрген «Қазақ Совет Энциклопедиясында» (1972 ж.): «Алтын руы – Кіші жүздің Байұлы тайпасына кіретін бір руы. Негізінен Торғай облысының Ырғыз, Торғай уездерін, Торғай өзені бойын, Сырдария облысының Перовск уезін мекендеген. Қазір де көпшілігі сол араларда тұрады», – деп жазылған. Осы аталған еңбекте Алтын – Қосқұл, Қазалы, Шүңгір, Жапалақ деген аталарға бөлінеді деп анық жазылған.
Көзала батырдың өмір сүрген аумағы жайлы ақпарат алу үшін, алдымен оның ұрпақтарына тоқталуымыз қажет. Зерттеуші Бақытжан Ахметбектің еңбегінде: «Сәлтеке Мәметекұлы рубасы Көзала батырдың немересі болып келеді», – деп көрсетеді. Ол өз зерттеуінде Сәлтеке батыр туралы келесідей мағлұматтарды береді.
Сәлтеке батыр қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданы мен Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы және Батыс Қазақстан облысының өңірлерінде XVII ғасырдың соңында, XVIIІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген.
Сәлтекенің Есеке есімді батыр ағасы, Байкелді және Ұста атанған інілері болған. Сәлтеке – Сыр бойының киелі батыры, сонымен қоса ел басқарған тұлға. Ол құба қалмақ, қазақ-жоңғар, қазақ-башқұрт соғыстарында орасан ерлік көрсеткен. Сәлтеке батыр табыннан шыққан Сәрке батырмен, шектіден шыққан Киікбай батырмен, кете руының Болат батырымен бірге жорықтас, серіктес болған.
Сәлтеке батырдың бейіті Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Орал тауының оңтүстік бетіндегі «Сәлтеке асуы» деген жерде. Қармақшы ауданы, Иіркөл ауылының маңайындағы Ақшеңгел деген жерде Сәлтеке қорымы бар. Бірақ мұнда батырдың сүйегі болмағанымен, оның ұрпақтары жерленген.
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында жүргізілген халық санақтарының мәліметтері бойынша, қазіргі Қазалы ауданының аумағында өмір сүрген жергілікті тұрғындарының негізгі басым бөлігін Әлімұлы тайпалық бірлестігі құрайды. Ал он екі ата Байұлы бірлестігіндегі Алтын руының негізгі құрамы қазіргі Қармақшы ауданын мекендеген.
1847 жылы Арал теңізінің жағалауында Райым фортының негізі қаланды. Бұған қатысты құнды мәліметтерді Орынбордың әскери губернаторы генерал В.Обручевтың Әскери министрге жазған рапортынан (23 қаңтар, 1851 ж., № 145) оқи аламыз. Рапортта:
«Сіздің мәртебеңізге орай, қырғыз (қазақ) даласында, Сырдария өзенінің Арал теңізіне құяр тұсында тұрғызылған бекініс, оның ішінде орналасқан сол далада белгілі қырғыз (қазақ) зиратының атымен Райым деп аталғанынан хабардар болуыңызды қалаймын.
Сонымен қатар, «Райым» сөзі хиуалықтар, қоқандықтар және Ресеймен көршілес басқа да тайпалар арасындағы маған сеніп тапсырылған Орынбор өлкесіндегі Жоғарғы басқару істерінен көріп тұрғанымыздай, сирек кездеспейтін жалқы есім екенін ескере отырып және Райым қыстағының атауы өз кезеңінде азиялықтардың көшпелі тайпаларына айрықша ықпалы болған, кейіннен бекініс тұрғызылған жерде жерленген қырғыз (қазақ) ишанының (рухани тұлға) есіміне байланысты қойылған, ал одан тыс, 1850 жылдың қыркүйек айында біздің отряд тұтқынға алған қоқандықтардың Қосқорған бекінісінің басшысы Райым Әлімов мырза, қазіргі таңда Райым бекінісінде ұстауда», – дей келе, Райым бекінісінің атауын өзгерту туралы: «мен барлық жағдаяттар бойынша Сырдария өзенінің бойында тұрғызылған бекіністі Ресейлік атаумен аталғанын жөн санар едім», – деп өтініш жасайды. Ақырында, Князь Чернышевтың бұйрығымен бекітілген резолюцияда (3 ақпан, 1851 жыл) Райым бекінісінің атауын өзгерту туралы шешім қабылданып, Ресейлік ­атаумен емес, Арал теңізінің жағалауында орналасқандықтан Арал бекінісі деп аталды.
Патшалық Ресей әскерлерінің Сыр бойына келместен бұрын, жүз жылға жуық уақыт бұрын дүниеден өткен Райым ишанның мазарының архитектурасы жарты айға ұқсас келеді және биіктігі бес метрге дейін жеткен. Райым бекінісінің ішкі шекарасына енген мазардың қиранды бейнесі Т.Шевченконың «Райым бекінісі. Ішкі көрініс» атты суретінде анық көрсетілген. Кезінде генерал В.Обручевтың бұйрығымен, қазақтардың түсінігінде ата-бабасының зиратын қасиетті деп санағанын қастерлей отырып, бекіністің ішкі жағында орналасқан Райым ишанның зиратын сол бәз қалпында сақтап қалғаны белгілі. Кейіннен А.И.Макшеевтың жазбаларына назар салсақ, «Т.» есімді подполковниктың бұйрығымен мазардың қирандылары түгел дерлік бұзылғанын білеміз. Автор еңбегінде подполковниктың есімін толықтай бермей, тек «Т.» деп жеке инициалын ғана береді.
1853 жылы тұрғызылған №2 форт – Қармақшының атауы И.Кастаньенің «Торғай және Сырдария облыстары бойынша сапар. 1906–1907 жж. Ташкент теміржолының бойында» (1909 ж.) атты жазбасында балықшылықты кәсіп қылған Қармақшы атаның (шамамен 1630-–1710 жылдары өмір сүрген, шын есімі Жүсіп, лақап аты Дәурен) есімімен тікелей байланысты қойылғанын жазады. Автордың «Қырғыз (Қазақ) даласындағы қабір басында салынған құрылыстар» («Надгробные сооружения киргизских степей», 1911) атты тағы бір еңбегінде Қармақшы ата мазарының құрылысын сипаттайды және Қазалы ауданының аймағындағы елді мекендердің тарихын және этнографиясын зерттеуде маңызды рөл атқаратын «Басықара қорымының», «Басықара мазарының», «Майлыбас қорымының» суреттерін береді.
Жоғарыда берілген Райым бекінісі мен №2 форт – Қармақшының атауларының шығу төркіні тарихи деректердегі мәліметтер арқылы анықталғанындай, Қазалы топонимының – Көзала (Қазалы) рубасының есіміне және Алтыннан тараған бір аталыққа ­байланысты аталғанын дәлелдейтін тарихи деректер мен архивтік құжаттар бар ма? Басты мәселе осында. Біріншіден, революцияға дейінгі кезеңдегі орыс және шетелдік саяхатшылардың және кеңестік кезеңдегі ғалымдардың еңбектеріндегі, архивтік құжаттар мен патшалық Ресейдің Сыр бойын отарлау кезеңінде жауапты қызметтер атқарған әскери басқарушылардың рапорттарындағы Қазалы аймағына қатысты материалдарда Көзала батырдың Қазалы өңірінің аумағында өмір сүргендігі туралы және оның жерленген жері, Қазалы атауының батырдың есімімен тікелей байланысты қойылғандығы туралы бірде-бір дерек жоқ. Екіншіден, Патшалық Ресей тұсындағы халық санақтары көрсеткендей, он екі ата Байұлы бірлестігіне кіретін Алтын руының басым көпшілігінің қазіргі Қармақшы ауданында өмір сүруі, Көзала батырдың немересі Сәлтеке Мәметекұлының зиратының Батыс Қазақстанда орналасуы және Қармақшы ауданындағы Ақшеңгел деген жердегі «Сәлтеке қорымында» батырдың ұрпақтарының жерленуі «Қазалы» атауы Көзала батырға және Алтын руының бір аталығына қатысты қойылған деген болжамды толықтай жоққа шығарады.
Орынбор генерал-губернаторы В.Перовскийге Қазалы қыстағының маңынан жаңа форттың негізі қалануы тиіс аймақты анықтап, бекініс құрылысы жоспарының жобасын және сметаларын жасап ұсынған орыс генералы А.И.Макшеев өзінің жазбасында: «Қазала – Сырдарияның сағасы» ретінде көрсетеді.
Тарихи деректерге сүйенсек, №2 форттан төмен қарай, Сырдария өзені бірнеше маңызды емес сағалықтар мен тармақтарды құрайды. Солардың бірі – Қазала сағасы.
А.И.Макшеев өзінің «Сырдария сағаларына сипаттама» («Описание низовьев Сырдарьи», 1856) атты кітабында Қазала (Қазалы) сағасына қатысты төмендегідей сипаттама береді:
«Қазала сағасы – алдымен белгілі арнасы бар, ені 20 сажынға дейін, тереңдігі 2 сажынға дейін құрайды және суы жылдам өтеді; бірақ содан кейін оның суы тасып, қамыстар мен ирригациялық жыралар арқылы сарқылып, өзінің арнасын жоғалтатын деңгейге дейін жетіп, әрең байқалатын Талбөгет жырасына жетеді және бұл жыра бұдан былай өзінің бұрынғыша атауымен аталмайды».
Генерал-адъютант В.Перовский 1852 жылдың 29 қаңтарындағы рапортында Арал бекінісінің ауданын қамтамасыз ету үшін және Сырдария өзені арқылы Қазалыдан жоғары қарай әрқашан өтіп және ешқандай жазаланбай аталған өзенге қайта оралу мүмкіндігі бар, бізге бағынышты қырғыздардың (қазақтардың) жауласатын бандыларының тонауына жол бермеу үшін, Сырдария өзенінде, оның Қазалы сағасына шығар тұсынан жоғары, Арал бекінісінен құрғақ жол арқылы 45 шақырымда және Сырдария өзені бойынан 90 шақырымда жаңадан тағы да форт ұйымдастырудың қажеттілігін атап көрсетті.
И.Аничковтан бұрын Қазалы өңірінде болған А.П.Хорошхинның «Қазалыдан Ташкентке дейін» (1876 ж.) атты жолжазбасында: «Қазалы – бұрынғы №1 форт, қырғызша (қазақша) Қазала» деп жазады. П.И.Пашиноның граф Илларион Иванович Воронцов-Дашковқа арналған «1866 ж. Түркістан өлкесі. Саяхатшы жазбалары» (Санкт-Петербург, 1868 ж.) атты кітабында: «Расында, Сырдария жағалауындағы Қазалы қыстағында немесе жергілікті тұрғындардың айтуынша, Қазақлыда орналасқан №1 форт, Бұхара мен Хиуа сауда жолдарының түйіскен тұсында орналасқан», – деген мәлімет береді.
Жоғарыда көріп отырғанымыздай, бұл жазбаларда Қазалы атауы Қазала (Қазалы), Қазалқа, Қазақлы деп әртүрлі берілген.
Қазалы атауының шығу төркінін айқындау үшін Қызылорда облысының Қазалы ауданынан өзге, Қазақстанның территориясында орналасқан «Қазалы» атауымен аталған географиялық аймақтар мен елді мекендерді анықтауымыз қажет.
В.Н.Попованың географиялық атаулар сөздігінде: Қазалы – Павлодар облысы, Ақсу ауданындағы көл және соған байланысты қойылған елді мекен атауы ретінде беріледі. Сонымен қатар, ғалым-ономаст Т.Жанұзақөзінің «Жер-су атаулары» атты еңбегінің 4 бөліміндегі «Ақмола облысының кейбір жер су атауларының этимологиясы» атты тақырыбында: Қазалы – Ресей империясының тұсында Атбасар болысы, Атбасар уезіне қарасты 8-ауылына қатысты тарихи атау деп жазады.
Тарих ғалымдарының докторы, профессор, этнолог-ғалым Жамбыл Артықбаев «Орта Ертіс өңіріндегі оғыз-қимақ топонимдері» («Огузско-кимакские топонимы на территории Среднего Прииртышья») атты зерттеуінде Қазалы атауының этимологиясына қатысты келесідей маңызды мәліметтерді береді:
«Қазалы – Ақсу өзенінің сол жақ жағалауындағы көлдің және елді мекеннің атауы. Өз кезегінде Ақсу – Ертіс өзенінің үлкен салаларының бірі болып табылады. Революцияға дейінгі кезеңде жағалаудың құнарлы жерлері казак офицерлеріне берілді. Солардың бірінің тегі – Грязнов, аймақтың бұрынғы Қазалы атауын біраз уақытқа алмастырды. ХХ ғасырдың 90-жылдарының ортасына қарай, өңірдің өткен тарихын білетін бірнеше ақсақалдардың арқасында аймақтың түп атауы оралды. Этимологиялық анализдың алғашқы әрекеттері бізді оң нәтижеге әкелмеді. Бұл жағдай аталған топонимды біздің лингвистердің этимологиялық талдауларының қателігімен де байланысты болды. Анығында, «Қазалы» топонимы – балық аулайтын «қаза» атты құралдан бастау алады».
Сонымен қатар, ғалым мақаласында этнограф Т.А.Жданконың зерттеулеріне сүйене отырып, «қаза» құралын қарақалпақтардың да балықшылық кәсібінде пайдаланғанын дәйектей түседі.
Автор қазіргі уақытта Ақкөл-Жайылма өңірінде ғана «қаза» құралының балық аулауда пайдаланатынын ескере отырып: «Біздің ойымша, бұл шығу тегі ежелден келе жатқан атау және Ертіс, Арал және Каспийде балық аулау дәстүрлері ежелгі дәуірде-ақ пайда болған. Екінші жағынан, бұл мәселені кешенді зерттеу бізге Орта Ертіс өңірінің ерте ортағасырлардағы тұрғындарының негізгі құрамдас бөлігі болған оғыз тайпаларының этногенезі мен этникалық тарихын зерттеуге мүмкіндік береді», – деп жазады.
Қазалы қаласының атауының этимологиясына тікелей қатысты алғашқы мәліметтер Кеңес дәуіріндегі Т.Өтебаевтың 1940 жылы «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде жарияланған «Қазалы қаласы (қысқаша тарихы)» атты мақаласында қарастырылған. Ол өзінің мақаласында: «Сырдарияның оң жақ жағасында дариядан бөлінген бір кішкене өзекше болады. Өзекшеден бір шал балық аулап кәсіп етеді. Ол балықты жазда шанышқы, қыста қазамен аулаған. Бірте-бірте бұл өзекшеге қаза басушылар көбейеді. Осыдан келіп, қаза басқан өзекше «Қазалы» атанады. Түпкілікті қоныс көріп жүрген Райым отрядына осы Қазалының қасы қолайлы болып, жұрт сол жерге қоныстана бастайды. Бұл жерге Бұқарадан, Хиуадан саудагер өзбектер, еврейлер, Орынбордан, Қарқаралыдан татар көпестері келе бастайды. Сөйтіп бұл жер сауданың үлкен пунктіне айналады. Қаланың тұрған жерінің төңірегі егін егуге, әсіресе бақша өнімдері үшін қолайлы болады. Мұнда келген бұқаралық, хиуалық өзбектер бақшалықты өркендетіп, төңірегіне ағаштар отырғызады. Сөйтіп, олар үйлер салып, кішкене сауда пунктін қалаға айналдырып оның атын «Қазалы» деп атайды», – деген қорытындыға келеді.
Профессор, ғалым Ә.Жақыпов Қазалы – Сырдария ауданындағы дариямен жалғасқан көл, жыра аты екенін көрсете отырып, Қазалы атауының мағынасын өз еңбегінде былайша жазады: «Балық аулайтын, қамыстан, тал шыбықшаларынан тоқылған, су тасығанда Сырдариядан көлге су қайтқанда, көлден дарияға қайта құятын сағалықтарға, дария жыраларына құрылатын, арнайы балық ұстау үшін істелетін құралды қаза деп атаған. «Қазадағы балық – қазандағы балық» деген мақал бұл құралдың дәуірлеп тұрған кезінде шықса керек. Бұл құрал ежелгі замандық болғанмен, пайдалануы 1930 жылға дейін», – дей келіп, «Қазалы» атауы осы құралмен байланысты қойылғанына меңзейді.
Түркі халықтарының ұлы ғалымы Махмұд Қашғаридың «Түрік тілдерінің сөздігінде» көнетүркілік «қамыш» (қамыс) сөзінің бар екенін ескерсек, одан жасалған «қаза» құралының атауының да бастауы ортағасырлық дәуірге тән деген болжамды келтіреміз.
Белгілі этнолог-ғалым, профессор Тәттігүл Қартаева: «Бекіре, сазан сияқты ірі балықтарды аулауға қамысты қопаның ұйығына дөңгеленте шанши отырып, тоқып жасайтын қақпан құрал – қазаны пайдаланған. Қазаның ұзындығы 2-3 метрді құрайды. Ол үшін балық кіретін аузы кең болып, шеңбер бойымен иіріле келе тарыла беріп, ең соңына келгенде балық артқа қарай шыға алмай қалады. Қазаны көбіне өзеннің теңізге көлге құяр тұсына құрған» – деп, балықшылық кәсібіндегі «қаза» құралының негізгі қызметін жазады.
Сонымен қатар, А.И.Добромыслов өзінің «Сырдария облысының қалалары: Қазалы, Перовск, Түркістан, Әулиеата, Шымкент» (1912 ж.) атты кітабында Қазалы уезінің балықшылары арасында «қаза» мен «сүзекі» құралының кең қолданылғанын көрсетеді.
Тарихи және этнографиялық деректерді негізге ала отырып, Қазалы аймағы – ортағасырлық кезеңде оғыз-қыпшақ мәдениетінің басты орталықтарының бірі болғанын ескеріп, «Қазалы» топонимының осы аталған аймақты мекендеген халықтардың балықшылық кәсібінде кең қолданылған «қаза» құралының атына байланысты қойылған деген ғылыми тұжырым жасаймыз.
Сөз соңында, тарихтан адамзат қашанда өзін іздейді. Өзін табу үшін мекен жайы мен мәдениетін тану керек. Ал мәдениет сенің туған топырағыңмен тамырлас ұғым. Ендеше Қазалы атауының қалай өмірге келгені қаперде жүру үшін, тұспалға емес, тұжырымға тін жалғағанымыз абзал.
Рамазан ӘБІЛДОСҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің
тарих, археология және этнология факультетінің 4-курс студенті
04 тамыз 2020 ж. 1 416 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 33

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930