Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Естірту дәстүрі ежелден сақталған

Естірту дәстүрі ежелден сақталған

Қазекең әрдайым ұлық үрдісті дәріптеп, әрқайсысын өз орнымен орынды пайдалана білген. Кез келген нәрсенің байыбына барып, шешендігімен ерекшеленіп отырған. Халқымызда ертеден бүгінге жеткен салт-дәстүрлердің түрі өте көп. Қуаныштысы өз алдына, қайғылы оқиғалардың да өзіндік жоралғысы болған. Соның бірі – естірту деп аталады. 

Ол қазаға ұшыраған адамның қайғылы хабарын оның жақын туыстарына хабарлау рәсімі. Ежелде қазақ ауыр қайғы, оқиғаны жанашырларына тіке айтпай, тұспалдап жеткізіп отырған. Бүгінгі күннің өзінде біреудің туысы өмірден өтсе немесе жақыны қайғылы оқиғаға душар болса, ең әуелі айналасындағы көрші-көлемге хабар береді. Ауыл ақсақалдары басқосып, сол үйге барып, әңгімені алыстан орағытып, астарлап отырып айтады.
Бұл дәстүрге қазақ берген мысал да жетерлік. «Қатын өлді, қамшы сынды» деп Қарашаш сұлудың қазасын Жиреншеге естірту, бертін келе естіртудің үздік үлгісі ретінде Үмбетей жыраудың: «Ей, Абылай, Абылай, Абылай ханым, бұл қалай?», бұл қалайдан сескеніп, сөзімді қойма тыңдамай» деп басталатын атақты Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту жырын айтуға болады. Оған қоса Қазбасты шешеннің Байшуақ өлгенде баласы Байғараға: «Алыстан арыстан құласа, жан беруші бар ма екен? Аққан дария құрыса, су беруші бар ма екен?» деп сұраулай естіртуде өзіндік асқан шешендікпен жеткізудің белгісі. Сонымен қатар Абыл Тілеуұлы ақынның Сүйінқараның қазасын өлеңді толғау арқылы естіртуі де шеберлікпен өлеңмен жеткізілген. Мұнан бөлек бабаларымыз Келдібек Жандосұлы Шоқан өлімін Шыңғысқа: «Ұлы өлмеген руда жоқ, қызы өлмеген пенде жоқ. Аққу ұшып көлге кетті, дуадақ ұшып шөлге кетті. Құдай бізге бір гауһар тас беріп еді, оны иесі өзі әкетті. Шоқан деген балаңыз бәріміз баратын жерге кетті» дейтін тамаша үлгімен айтқан.
Адам өлімі ауыр жағдай әрине. «Тумақ болған соң, өлмек парыз» демекші оны естіртудің өзі қазақ үшін ерекше салмақ. Оны кез келген адам жеңіл-желпі жеткізуге болмайдықтан, марқұмның жақындарына ауыр тимес үшін арнайылап, өзгеше естіртеді. Жоғарыда сөз еткендей оның өзін аузы дуалы, елге сыйлы жасы үлкен адамдар айтады. Үйге кірісімен өздерін салмақты ұстап, дауысын жай шығарып, амандық сұрасқаннан соң сөз басын «бекем болыңыз» деп бастап, болған мән-жайды баяндап береді.
Кей кездері ауыр жағдай орын алғаннан кейін шыдамсыздық танытып, ауылды басына көтеріп, шу шығаратындар табылады. Бірақ қазақ түсінігінде ауылға қарай шабуға рұқсат жоқ. Өйткені бұл жаман ырым болып саналады. Шын мәнісінде қаза туралы суық сөзді жеткізетін «қара жаушы» ғана шауып келеді. Байырғы шапқыншылық жиі болып тұратын кезеңде ер адам шайқаста қаза тапса, сарбаздар тобы «ой бауырымдап» шауып келіп, марқұмның киіз үйінің босағасын найзамен түйреп, қылышпен шапқан.
Ата-бабалар бұрындары қайғылы хабарды саз аспаптарымен де естірткен. Жошы баласы аңға шығып, ұзақ уақыт қайтпаған соң Жошы ханның көңілі күпті болып, бір жаман жағдайдың болғанын іші сезе бастайды. Осыдан соң хан «Кімде-кім ұлымның қаза болғаны туралы қаралы хабарды жеткізсе, соның тамағына балқытылған қорғасын құямын» деп жария етеді. Мұны естіген жұртшылық арасында ханның ұлын құлан тұяғымен теуіп өлтіргенін хабарлауға ешкімнің дәті жетпейді. Біршама уақыттан соң сарайға бір домбырашы келіп жағдайды ханға «Ақсақ құлан» күйімен жеткізеді. Соңына дейін тыңдаған Жошы барлығын түсініп, ашуға булығып, «Ұлым қаза тапқан екен деп күңіренеді. Өзі айтқандай адам баласының тамағына қорғасын құя алмаған хан, мұны жеткізген домбыраға қорғасын құяды.
Байқасаңыз мұның өзі қазақтың аса көрегенділікпен шешім қабылдағаны. Естіртудің ебін тауып, қиын жағдайдан шығудың жолын білгені. Осыдан соң «Ақсақ құлан» күйі елге тарап, естіген жұрт ауыр жағдайдың болғанын сезіп отырған. Әйтсе де бертін келе бұл өткеннің еншісінде қалып, тарихтың тың беттеріне жазылды. Осы сынды бұрынғы уақытта қазаны ыммен жеткізіп, аспап қолданғаны туралы мынадай бір дерек еске түсіп отыр. Бұл Шоқан Уалиханның өліміне қатысты. Ол қазақтың байырғы музыка аспаптарын жинап-зерттеуші Болат Сарыбайдың айтуымен бүгінгі күнге жеткен.
Бірде Шоқан қайын жұрты Тезек төренің ауылында ауыр науқастан жастай қайтыс болады. Сонда Шоқанның қазасын әкесі Шыңғысқа естірту үшін сұлтанның үйіне екі адам барады екен. Оның біреуі сыбызғышы, екіншісі қобызшы еді. Сонда Шыңғыс сұлтан: «Өзімнің де көңіл көтергім келіп отыр, қане, тартшы деп сыбызғышыға қарайды. Сондағы сыбызғыдан шыққан алғашқы дыбыстың өзінен қайғының лебі есе бастайды. Сұлтанның өңі бұзылып, тоқтатады да қобызшыға кезек береді. Қобыздың солқылдап жылағандай зарлы үнін естіген Шыңғыс болған жағдайды түсініп, «Е, Шоқаным кеткен екен ғой» деп үнсіз қалған». Мұндай аспаппен жеткізілген естіртулер туралы тарихта көптеген дереккөздер бар. Бізге белгілісі бірнешеуі ғана.
Өз уақытында қазаны қалай айтарын білмеген ауыл адамдары көбінесе ақындарға қолқа салса керек. Сондай уақытта олар түрлі өлең жолдарымен сипаттама беріп, марқұмның бақилық болғанын жеткізген. Соның өзінде данышпан халық барлығын бірден түсініп, көзіне жас алып, соңына дейін тыңдап, жеткізген ақынға ризашылығын білдіріп, арқасынан қаққан екен.
Қазақ халқының басқаның басына түскен ауыртпалығын бөлісіп, демеу көрсететін үлкен адамгершілік қасиеті ерекше. Қайғы қонған шаңырақ иелерін аяп, болған суық жағдайды туыстарына тұспалдап жеткізу жалғасын тауып келеді. Бірақ қазір кейбір ауылдық жерлерде болмаса, қазаны әдейілеп естірту дәстүрі қалып барады. Тіпті алыс жерде тұратын туыстарға қаза туралы қалта телефон арқылы хабарлама жіберіп немесе қоңырау шалып айту әдетке айналды. Астарлап, өзіндік жоралғысымен білдіру былай тұрсын асығыстық танытып, бір ауыз сөзбен хабарлай салатындар да арамызда жүр. Шын мәнісінде мұның үлкен қателік, адамға ауыр тиетінін естен шығармау қажет. Аталған дәстүрді ұмытпай, қайта дамытып, заманға лайықтап жаңғыртсақ, нұр нүстіне нұр болар еді.

Абзал ЖОЛТЕРЕК
29 шілде 2020 ж. 2 356 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 32

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930