Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Абай айтқан екен...

Абай айтқан екен...

Ұлы ақынның туғанына биыл 175 жыл Қазақтың ұлы ақыны, композитор, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған классик Абай Құнанбайұлының жалпы шығармашылығы үш саланы құрайды: өлеңдері, қара сөздері және аудармалары. Ауызекі тарихта «Абай айтты» деген сөздер де аз емес. Ғалым зерттеуші А.Сейдімбек құрастырған «Деген екен» жинағында ұлы ақынның тапқыр ойлары мен ұтқыр сөздерінің бір парасын назарларыңызға ұсынамыз.
***
Ақын Абайдың Жетісуда болғаны тарихтан мәлім. Сол сапар бұл өлкенің әйгілі шешені Ноғайбай алыстан келген Абайды арнайы қонаққа шақырып, Қордайдың Сұлутөріндегі ауылына алып барып, апта бойы ықылас көрсетеді. Елдің құрмет-пейіліне, әсіресе, Ноғайбайдың ақыл-парасатына көңілі толған Абай аттанарда: «Ноқа, Алатау асқар бел екен, етек-жеңі кең екен. Сұлутөр құтты жер екен. Байлық та, ақындық та ел ішінде жоқ емес, бірақ жастар оқусыз екен. Байлық көзі – өнер-білімде, олай болса балаларды оқыту керек. Түбінде баянды еңбек егін салған, Жасынан оқу оқып, білім алған. Би болған, болыс болған өнер емес, Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған», – депті. Сонда Ноғайбай бұл сөзді мақұлдап: «Абайжан, ел бағына туған ер екенсің, ақылың дария көл екенсің, көпке бірдей күн болып туған ұл екенсің. Бір ауылдың ғана емес, бүкіл ел қамын ойлайтын дана екенсің!» – деп қимастықпен аттандырып салыпты. Ноғайбай өле-өлгенше: «Шіркін, Абайдың жаратылысы бөлек қой, түпсіз дария, асқан дана ғой!» – деп отырады екен.
***
Ақыл-парасатымен де, шешендік-тапқырлығымен де аттары елге жайылған Құнанбай Өскенбайұлы мен Мұса Шорманұлы сұхбаттасып отырса керек. Бір сөздің орайы келгенде медреседе оқып жүрген Абай: «Мұсеке, балаңыз Садуақасқа Сағиди бин Уақас деген әкелі-балалы екі кісінің атын қойыпсыз ғой», – деп тосын пікір қосады. Мұны көңіліне алған Мұса ертеңінде біраз адам бас қосқан жиында қолдан ашытқан сыра-кіршіме ішіп отырған Абайға өзі тиісіп: ««Мұны татарлар «кіршімә» дейді, бізше ол «кіріспе» деген сөз. Сондықтан бұған кіріспеген мақұл ғой», – дейді. Сонда Абай: «Жоқ, олай емес, «кіршіме» парсының «гаршама», яғни «шамаңа қарай» деген сөзінен жұғысты болған. Бұл – бір. Екіншіден, әр нәрсенің есімінен гөрі жемісіне қараған жөн. Мәселен, «алма» деген тәтті жемісіміз бар, бірақ сіз оны атына қарай алмай, жемей отыра аласыз ба?» – деп Мұсаны тағы да сөзден тосылтқан екен.
***
Бірде Абай құдасы Тінібай шонжардікіне келсе, үйде осы кісінің досы, найманның беделдісі, Ақай отыр екен дейді. Тінібай таныстырған бетте-ақ Ақай: «Е-е, Құнекеңнің бәйгеге қосуға дайындап, құйрық-жалын сүзіп жүрген құнаншығары екен ғой», − деп қалады. Сол сәт Абай әлгі кісінің бет әлпетіне барлай бір қарап алады да: «Ә-ә, бұ кісі найман елінің алақанына салып әлпештеп жүрген, ерте піскен, ақ бүйір алмасы екен ғой», − дейді. Сонда, Ақай отырып: «Апыр-ай, мына бала мені оңдырмай жеңді-ау! Мен оны бәйге құнанға балағанда, ол мені ауызға екі бөліп тыға салатын алмаға теңеді ғой!» − деген екен.
***
Әке әмірі бойынша оқуын тоқтатқан Абай он үш жасынан бастап-ақ ел ісіне, ел сөзіне араласа бастайды. Оның бұл қадамы әуелі әкесінің «барып кел, айтып келінен» басталады. Абай сол бала кезінің өзінде-ақ байсалдылығымен, тындырымдылығымен танылса керек. Құнанбай бірде Абайды торғай руының сыйлы адамы Құлыншаққа жұмсайды. Абай Құлыншақтың үйіне түсіп, амандық-саулық сұрасқаннан кейін: «Құлыншақ аға, әкем сізге сәлем айтып еді. Айтқаны – мына жердегі Бетқұдық жайы. Ақберді сізді сол жерге енді тимесе екен деп әкеме өтініш жасапты. Әкем Ақберді сөзін орайлы көріп, мені сізге жіберіп отыр. Әкелгенім – осы бір сәлем. Арғысын өзіңіз білесіз», – дейді. Сонда Құлыншақ сазарып, үндей қоймай, бөгеліп барып: «Қайтпек керек?! Ақберді! Ақбердіге құдай бақ берді!» – деп ащы мысқылмен езу тартады. Сол сәт Абай іле тіл қатып: «Бақ берген емей немене? Борсықтан қалған аз жерді, менікі деп тап берді!» – деген екен. Отырғандар ду етіп күліп алады. Ал Құлыншақ болса: «А, балам, сөзің қандай мерген еді!» – деп, ырза болып қалып еді дейді.
***
Құнанбаймен дос-жар қарым-қатынаста жүретін, Көкше елінің қара сөзге дес бермейтін жүйрігі Қаратай ақсақал бірде Абайға кездесіп қалады да, бір түрлі ызбармен: «Бала елдің сөзіне қарағанда сен «ескі заманнан жаңа заман артық, бұрынғы үлкендерден кейінгі жас балалар артық» дейтін көрінесің. Оның қалай? Шынында біздің дәуреніміз Мұхаммедке жақын, ал Мұхаммед дүниенің жарығы емес пе?» – деп өктем үнмен сұрақ қояды. Сонда Абай: «Ақсақал дүниені жарық қылып тұрған – Мұхаммед емес, Күн. Ал, ол күнге жақын нәрсе – анау өзіміздің Алатаудың басы. Бірақ, соған қарамастан, оның басында қысы-жазы қар мен мұз сіресіп жатады. Ал, сайсаласына түрлі жемістер мен сан алуан гүл-бәйшешек шығады. Оны адам да, мал да пайдаланады. Сіздің Мұхаммедке жақындығыңыз сол Алатау басының Күнге жақындығы сияқты», – деп жауап береді. Сөзден ұтылған Қаратай намысқа булығып, үн-түнсіз теріс айналып кетеді. Сол бетінде Құнанбайға келіп шағым айтса керек. Құнанбай қолмақол Абайды шақыртып алып: «Сен бұзылғансың, үлкенді сыйламайсың, сенің тіліңді кесіп, көзіңді оямын!» – деп зекіп ­тастайды. Абай әке сөзін үнтүнсіз тыңдап, «кінәсін» мойындағандай болып шығып кетеді. Біраздан соң тысқа шыққан Қаратай Абайға: «Ә-ә, бала, сайраған тілің қайда? Құнанбайдың алдында үндемей қалдың-ау!» – деп қағытады. Сонда Абай: «Сіздің ұятыңыз қайда? Әкем мені ақылмен емес, ақырумен, тілмен емес, зілмен жеңді! Соны да аңғармадыңыз ба?!» – деген екен. Абайдың бұл уәжіне ойланып қалған Қаратай: «Ақылды сөзге арсыз дес бермейді, қарағым Абай, көңіліңе алма, сөзіңнің қисыны бар!» – деп оң шырай танытыпты дейді.
***
Абайдың замандасы Көкбай ақынның жақсы атқа жаны құмар болса керек. Бірде орайы келіп, ел ішінде ауызға іліккен Көкбесті дейтін атты бір түйе, екі бестіге айырбастап алады да, олжасын ақындардың ұстазы Абайға көрсетуге келеді. Ат жалының буы бар, оған, ақындық шалымы қосылған Көкбай: «Ассалаумағалейкүм, Абай ақын, Алдыңнан өнеге алдық талай ақын. Бір түйе, екі бесті беріп алдым, Мінуге алшаңдатып қалай атым?» десе, Абай: «Мақтанға жарып-ақ қалдық емес пе!» – деп қасындағыларға қарап күліпті. Сонда Абайдың жанында отырған Біралы ақын: «Қанат жоқ ер жігітке аттан басқа, Өнер жоқ жазу-сызу хаттан басқа. Ат жақсы, алған жары жақсы болса, Жігітті ол қояр мақтанбасқа», – депті. Осы кезде Абай қисынды сөзге ден қойып: «Ендеше Көкбай жоғары шықсын. Ал, мынау отырған Сүлеймен деген жігіт, осы ауылға арық атын жаяу жетелеп келіп отыр. Әңгіме ат туралы болған соң, мұны да құр қалдырмай, бірдеңе десең жарар еді», – дейді. Сонда Біралы іркілместен: «Жігітті кім таниды жүрмеген соң, Атағын ауыл-елі білмеген соң. Ер түгіл, еркек деуге аузым бармас, Бір тайды үркек қылып мінбеген соң», – деген екен.
***
Әлі төре Шар өзенін өрлеп келе жатса, алдынан ақын Абай кездесіпті. Абайды алыстан шырамытқан Әлі төре жанындағы Жалтыр ақынға: – Ал, қамдан, Абай сыншыл адам ғой, сын таққызбай өлеңмен бір атым насыбай сұра, – депті. Айтқанынша болмайды, Абай да жақындап келіп қалады. Сонда Жалтыр ақын: «Шар суы су құймаса тасымайды, Әркімнің бір жары бар басыбайлы. Көп айдың көрмегелі жүзі болды, Әбеке, алшы бері насыбайды», – дейді. Сонда Абай: – Бәрекелді, шіркіннің былшылын! – депті. Осы кезде сөзге Әлі төре араласып: − Несі былшыл, үйлесіп-ақ жатқан жоқ па? – дейді. Сол жерде Абай атының тізгінін тартып: − Оның былшыл болатынын айтайын; – дейді, – Шардың суынан бастап, әркімнің әйелін тілге тиек етіп, онымен қоймай, әркімнің өсіп-өнген әйелін басыбайлы етіп, сондағы сұрағаны бір атым насыбай ма?! − Олай болса, сіз қалай айтар едіңіз? — дейді Әлі төре. Сонда Абай іркілместен: «– Қарашасы ханына басыбайлы, Хан қарасса қараша жасымайды. Көп айдың көрмегелі жүзі болды, Әбеке, алшы бері насыбайды, – дер едім», – деген екен.
***
Абай Құнанбайұлымен қадірлес-сыйлас Наушабай деген кісі бірде әңгіме-сұхбат үстінде: – Абайжан, балаларыңның қайсысы асыл сөз, алғыр ойымен баурап жүр? – деп сұрапты. Абай бұл сұраққа ошарыла бұрылып отырып, ықыласпен жауап беріпті. – Менің Әбдірахманымды білесіз ғой, – депті Абай, – Семейдегі орыс мектебіне он тоғыз жасында кіріп, абыройлы оқып бітірді. Сонан соң Петерборға оқуға жібердім. Қыс оқып, жазда елге келіп жүрді. Біраз ысылып қалғаны байқалады. Бірде баламның аңғарымын байқау үшін: – Шырағым Әбіш, осы дүниедегі жаратылыста, ақ зат асыл ма, қара зат асыл ма деп сұрадым. Әбіш тосылмастан: – Ақ зат асыл ғой, − деп жауап береді. – Неге қара зат асыл емес пе? – дедім мен. Әбіш мойнын бұрып, бетіме қарап күлді де: – Қараны қалайша асыл дейсіз? – деді. – Біріншіден, адам баласы мына жарық дүние дидарындағы жаратылыс атаулыны көзбен көреді емес пе? – дедім мен, – Бірақ сол жаратылыс атаулыны көздің ағы көрмейді, ортасындағы кішкене қарашығы ғана көреді. Екіншіден, қағаз – ақ, бірақ, ақ қағазға қанша үңілгенімен адам ғибрат ала алмайды. Сол ақ қағазға қара сиямен жазылған сөзді оқыса ғана өнер-білім алады. Үшіншіден, жас шақта адамның сақал-шашы қара болады. Бұл да жас шақтағы, ақыл, білім, қайраттың молдығын білдіретін асыл қасиет емес пе? Қартайғанда адамның сақал-шашы ағарып, қайраты кемиді. Сондықтан, ақтан қараны асыл ма деп ойлаймын! – дедім. Сонда Әбіш: – Мұның бәрін қайдан білдіңіз? – деп сұрады. – Ақылмен білдім, – дедім мен. – Олай болса, ақыл мида болмай ма, ал ми – ақ зат емес пе? Екіншіден, ақыл – нұр сияқты жарық зат. Ал, жарық – ол да, аққа ұқсамай ма? – деді Әбіш. Баламның тауып айтқан сөзіне риза болдым, – депті Абай.
e-history.kz
18 шілде 2020 ж. 782 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930