Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Туралықты ту еткен

Туралықты ту еткен

Қазақ халқының өзімен бірге жасап келе жатқан дәстүрлі қазынасының бірі – шешендік өнер. Тапқырлық пен ділмәрлыққа дағдыландыратын көркем сөз үлгісі ғана емес, халықтың көне тарихымен бірге жасап келе жатқан тәрбиелік мәні зор жолдың желкенін ұстап, қоғам өмірі, әлеуметтік мәселелерді даурықтырмаған дара тұлға – би-шешендер Сыр топырағынан да көптеп түлеген. Татулықты тамырлатып, ұлтты ұйыстырып, ел іргесін нығайтып, елдік ұстанымның өркен жаюына қажыр-қайраттарын жұмсаған осындай жанның бірі, Оңтүстік Батыс өңіріне аты мәшһүр Жетес Қыстаубайұлы.

Белгілі би-шешен 1828 жылы Арал ауданында дүниеге келіп, 1914 жылы өмір­ден өткен.
Жетес би жастайынан ауыл ара­сын­дағы мәселелерді шешуде тап­қырлығымен, әділдігімен көзге түскен. Уақыт өте келе қабілетін халықтық мүддеге ойыстырып, заманында көптің қамын жеген білікті болыс ретінде де құрметке ие болған.
Жетестің Райым, Шыбынды болыстарын басқарған тұсында туралықты ту еткен бәтуасынан жергілікті тұрғындар жайлы өмір кешкен деседі. Оның келісті кесімдері мен шешендік сөздері ел арасына кеңінен тараған. Кешегі күнге дейін бидің сөздерін жергілікті жұрт жатқа айтып, кейінгіге ғибрат етіп отырған.

Семсер серт, от ауыз, орақ тілді, сөз қадірін өз қадірі деп білетін қазақ жұрты арасында сөзге тоқтату оңай іс емес. Оған шеберлік, білімділік, мол тәжірибе керек. Бойына осындай қасиеттер қатар тоғысқан билердің қоғамда арқалаған жүгі оңай болмаған.
Өзін ел-жұртқа таныстырарда би былай депті:
«Арты атам ұлы Шекті, Жібек апам,
Сонан соң Тілеу, Қабақ, ол да бабам.
Бергі атам қойлы Дәкен, Жетес бимін,
Мекенім - Арал, Шалқар, құмды далам».
Бұл жолдарды термелегенде атағы алашқа танылып, қазақ қызының үлгісіне айналған Қыз Жібектей арудың атын есіткен жұрт оған айрықша құрмет көрсетіпті.

Алдымен шешендік атағы Сыр Шектісі, Қыр Шектісі деп аталатын елдер арасында мәлім бола бастаған бидің билік даңқы орта жасқа жеткенде Орынбор мен қарақалпақ халқы арасына да кеңінен жайылады. Ел аузындағы деректер әділ төрелігі, шебер шешендік үшін жұрт оны құрметтеп, арнайы ат жіберіп алдырған дейді.
Сондай сапарлардың бірінде Жетес би бір даумен Шектінің Назар, Жексей, Тілеу, Қабақ еліне барыпты. Ол жердің Нияз деген биі етжеңді, толық адам болыпты. Ал, Жетес шағын денелі, арық кісі екен.

Сөздің бір кезегінде Нияз Жетеске:
– Уа, Жетесжан, дауылпаз деген құс болады, дауысы жер жарады. Жанына барсаң қауқары ұлтарақтай ғана болады. Жетес атың жер жарады, мына тұрпатың жұдырықтай ғой, бұл қалай? – деп кекетеді. Сонда Жетес оның сөзін бөліп:
– Уа, Ниязеке, оныңыз рас. Бірназар мен Бекетті Сібірге айдатқалы арлы Шекті арық болды да, арсыз Шекті семіз болды ғой, – депті.
Жетестің мұнысы 1855-1958 жылдары Кіші жүз қазақтарының Ресей патшалығының отаршылдық саясатына қарсы шаруалар көтерілісін басқарған Бекет Серкебайұлы, Ерназар Қаржауұлы сияқты батырларды Нияз би ауылдарының жігіттері ұстап беріп, жер аудартқанын тұспалдап айтқаны екен.
Сол Бекет пен Ерназардың артынан Жетес би қуып, Орынбор генерал-губернаторына тайсалмай кіріп, өтінішін білдіреді.
– Мен патша ағзамға бұл арызыңды жеткізейін. Сен еліңе қайта бер. Ел дүрлікпесін. Беделің бар, тыңдайды ғой. Оларды тыныштандыр. Сәтін салса, көп кешікпей айтқан адамдарың еліне қайтып оралар. Генерал осылай уәде береді. Жетес елге қайтып барады.
Қаһарға мінген патша ол өтінішті тыңдамай, Бекет пен Ерназарды он жылға соттатып, Сібірге айдатып жібереді.
Кезінде Украина халқының ұлы кобзары Тарас Шевченко қазақ даласына жер аударылғанда Жетестің ауылы Райым портында біраз уақыт болады. Екеуі осы тұста кездессе керек. Жетес би керекті жерде Тарас өлеңдеріне мәндес өлең тізбектерін айтып отыратын көрінеді.
Соның бірі:
«Ұйықтап өтсең өміріңде,
Ұйқың ешбір қанбаса,
Өлгенің не, тірілігің не,
Артыңда ізің қалмаса? – деген сөз. Кейін байқасақ, бұл шумақ Тарас Шевченконың өлеңі екен. Кұлаққа сіңіп, көңілге жатталып калған нақыл шумақты өз сөзіндей қылып айтып жүрген.

Қыр еліндегі Төртқара руындағы ағайындары бір жылы ушыққан даудың төркінін шешіп берсін деп Жетес биді арнайы алдырады. Сол жолы ол Төртқараның Асылбай деген ауқатты адамының үйіне түсіпті. Жетестің қасында өзіне хатшы қылып ертіп жүрген молда баласы бар екен. Ол Қазандағы медресені бітірген, өзі көп сөйлемейтін момақан болса керек. Дастарқан үстінде Асылбай сөзден сөз шығарып отырып:
– Жетеке, мына қасыңа ертіп жүргенің бала екен, өзі шариғатқа шала екен. Жаныңа жүйрік молдалардан ертпедің бе? – депті. Сонда Жетес ойланбастан:
– Ей, Есеке-ай, ағаштың емені жақсы, молданың өзіңнен төмені жақсы, немесе, молданың жаманы жақсы, халқыңның аманы жақсы. Солай емес пе, ағайын? – деп төңіректеп отырғандарға қарапты. Көпшілік не десін, Жетестің табанды сөз тапқанына ризалығын білдіріпті.

Тағы бір сапарында Тілеу, Қабақ елінде билік құрып жүргенде бір үйде конақ болып отырған Жетестен ақсақалды қария кісі:
– Жетесжан, өміріңде сөзден жеңіліп көрдің бе? – деп сұрапты. Сонда Жетес би:
– Сүрінбейтін ат, сөзден жеңілмейтін адам болмайды. Пенде болған соң, кім болса да жаңылады. Мен өз басым, кейбіреулерге ұқсап жүйрік едім, алдыма жан салмадым, шешен едім, ешкімнен жеңілмедім деп мақтана алмаймын. Расын айтсам, өмірімде екі рет сөзден жеңілдім. Бірінде Қадиша қыздан, екіншісінде Есет батырдан.
Қадишамен айтыса келіп, бәріміз де анадан туғанбыз, әйел затын сыйлау – бізге парыз деп жолымды бердім. Ал Есет батырдың: «Батыр болмаса, еліңді жаудан кім қорғайды, сенің сөзге дес бермей, шешенсіп отырғаның біз сияқты ерлердің арқасы емес пе?» – дегенде мен ағаның алдында басымды иіп, жеңілгенімді айтып, сөз кезегін бердім. Бір биліктің кесімін сол кісі айтты, – депті.

Көпшілік бас қосқан бір үлкен жиында Жетес шешенді сынамақ болған бір беделді ақсақал:
– Адамның, жердің, сөздің, пікірдің сәні неде? – деген сауал қойыпты. Сонда Жетес:
– Адамның сәні – өнер, білім, ақылы.
Жердің сәні – жеміс, өнім, дақылы.
Сөздің сәні – өнегелі нақылы.
Пікірдің сәні – ойландырар мақұлы, – деп жауап берген екен.
Шекті Дәрменқұл Жетестен он бес жас­тай үлкен екен. Болыстыққа бірде Жетес, бірде Дәрменқұл сайланып, ағайын адамдар аға-іні болып, ел басқару жұмысын кезек жүргізіп жүреді. Дәрменқұлдан гөрі Жетестің әділдігі, халыққа қамқорлығы арта түседі. Сондықтан ел көбіне Жетестің төңірегіне ұйыса береді.

Бірде Дәрменқұл болыстыққа сайланғанда, Жетес те онымен таласа қоймайды. Жетес ағасына мән беріп, болыс боп сайланғанына құтты болсын айтуға бармақ болып, қасына Қопардың Баймағанбетін ертіпті. Баймағанбет сөзге шебер, әңгімешіл төкпе ақын екен. Жетес жолға шығарда Баймағанбетке:
– Дәрменқұл ағаның болыстығына құтты болсын айтып қайтайық. Баекеңнің атқосшы-хатшысы Сарбала деген бар. Өзі ұрыншақ, тентек мінезді, сөзді тауып айтатын қу. Сен одан сақтанарсың, – депті. Екеуі Дәрменқұл аулына жеткенде Жетесті болыстың өзі бастап, бүкіл ауыл болып, алдынан шығып қарсы алыпты. Айтқандай-ақ, олардың атын байлап жүрген Сарбала:
– Ей, Баймағанбет, сен Жетекеңе құтсыз қоңсы болдың. Болыстыққа өтпей қалды. Мені қарашы, құтты коңсы әрі тойшы болдым. Дәрменқұлға болыстықты алдырдым, ішіңді өрттей жандырдым, есіңнен сені тандырдым, – дейді. Сонда Баймағанбет:
– Жетекем – бір наз бедеу, ақбас ерлі,
Топ келді талай елден алтын зерлі.
Келе жатқан жеті атадан текті тұқым,
Дәкеңді ардақтаған халқым еді. Таласқан болыстыққа айып емес,
Екеуі ұстасып ед (і), бірі жеңді,
Бір ағам болыс болды, бірі қалды,
Сен несіне боп тұрсың арам терлі? – депті. Мұны есіткен Дәрменқұл:
– Ей, Сарбала, сенікі осы не сөз? Одан да Жетекең бастап келген қонақты үйге бастап кіргіз, өз қызметіңді біл! – деп Сарбаланың жеңілгенін мойындатқан екен. Бұл сөз Жетестің азаматтық бейнесін аңғартардай.

Ұрпақтарының айтуынша, Жетес бидің бойында көріпкел, сәуегейлігі де болыпты. Сөзімізді мына мысал айғақтайды.
Бір отырыста биден ауыл ақсақал­дарының бірі:
– Кімнің ажалы кімнен, неден келеді? – деп сұрапты. Сонда Жетес:
– Басқаларыңды қайдам, осында отырған үш болыс таяққа жығылып қайтыс болады, – депті.
– Астапыралла! Олар кімдер екен? – деп жағасын ұстаған ақсақалға:
– Біреуі мынау отырған Төртқара болысы. Екіншісі, Шолан болыс немесе оның ағасы Есенаман. Үшіншісі, менің жанымда отырған Шаманның Мырзақұлы, – депті.

Қымызға қызара бөртіп алған игі жақсылар “ой, Жетекең айта береді” деп оған онша мән бермей тарап кетеді.
Арада біраз жылдар өтеді. Қыз-келіншектерге көбірек қырындап, түн қатып, үйді-үйдің босағасын сығалап жүрген Төртқара болысы қызғаныштың кесірінен таяққа жығылып, дүниеден қайтады. Екі ел арасындағы төбелестен Шолан болыс пен оның ағасы Есенаман сойылға жығылып, Шолан ауыр жарақаттанып аман қалады да, Есенаман жазым болады.
Кіші жүз алтын елінде сол атырапқа әншілік, салдық, батырлық атағы жайылып кеткен Батақтың Сарысы деген сері жігіт болады.
Баласы мен Батақтың, атым – Сары,
Дейтұғын “сары, сары” жұрттың бәрі.
Мырзағұл шырақ алып түсті соңыма
Оның да мендей болсын балалары, – дейтін әні елден-елге тарап кеткен сол сары салға бұрыннан өшігіп жүрген Шолан мен Мырзағұл “Есенаманның өлімі Сарыдан болды” деп жала жауып, солдат шақыртып, Ырғыз түрмесіне жаптырады. Расында, Есенаманның ажалы одан емес еді. Жетес бидің: “Шолан болыс, не оның ағасы Есенаман сойылдан жығылады”, – деп болжауының мәнісі осы.

Ал 18 жасынан Қызай еліне болыс боп сайланған Шыманның Мырзағұлы ақкөңіл, кеңпейіл, дастарқанды екен. Еліне ұнамды болыс ұзақ жыл ел тізгінін ұстаған. Бірде бір ақсақал қартайып қалған Жетес биге:
– Жетеке, сіздің алғашқы екі болжамыңыз келді, ал Мырзағұлға келгенде жаңылдыңыз ғой, – депті. Сонда Жетес би:
– Жоқ, мен жаңылмасам керек. “Дастарқан киесі” деген болады. Мырзағұлдың пейілі кең, дастарқаны мол. Таныса да, танымаса да, әрі өткен, бері өткенді үйіне түсіріп, ас-су беріп, сыйлап жібереді. Оны осы кең пейілі сақтап жүр. Дәм-тұзы таусылғанда ол да жөнеледі. Бұл жалғанда мәңгілік өмір жоқ. Бәрі өткінші дүние ғой, – депті. Жетес би айтқандай, Мырзағұл да ушыққан бір дау үстінде соққыға жығылып, түрмеге түсіп, сол мұңнан арыла алмай, қайтыс болған көрінеді.

Ел арасында «тілді би атанған» Жетес Қыстаубайұлының айтқан кейбір ғибратты сөздерін көпшілік тұрақты сөз тіркесіне айналдырып, кейбірін халықтық мұраға балап келеді. Сондай нақылды ойларының бірінде:
«Ақыл айтқан кісіге аларамыз,
Сондықтан сиректеді-ау өз арамыз.
Сөзінің тоқтамы жоқ, ұстамы жоқ
Ағайын бұл мінезбен не оңамыз!?
Әр сөзіңнің, тұжырымы ақыл менен сезімде,
Әр ісіңнің тұжырымы орындалған кезінде.
Сондықтан да көп замандас өз сөзіңе берік бол,
Соған қарап әр азамат шама қояр өзіне», – десе, келесісінде:
«Адамға мал біткеннің бәрі көрік,
Малың болса жүрерсің болып берік.
Іздемей-ақ табылар күлшеліге,
Баруға о дүниеге болып серік», – дейді. Өмір шындығы мен ар таразының адамгершілік өлшемінің өресі екенін өміршең сөзімен кейінге кенен мұра еткен тұлғаның өнегесі әлі талай ұрпақты туралыққа бағыттап, адалдықтан адастырмайтынына сенім мол. Ендеше, сана мен салт жаңғырып, рухани тынысымыз кеңіп жатқан тұста туған жерден түлеген текті бабаның өсиет, нақыл сөздерін ұрпаққа ұдайы үлгі етсек ұтарымыз көп болар еді.
Дайындаған
Алтын МЕЙІРХАНОВА

08 қазан 2019 ж. 2 145 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 67

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 62

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930