Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қарғыстың кесірі қандай?

Қарғыстың кесірі қандай?

Қарғыс деген не, қарғыс айтуға бола ма, қарғыстан қалай сақтану қажет, деп жазады Sputnik Қазақстан
"Қарғыс тиді" дегенді естігенде тұла-бойымыз тітіркеніп, еріксіз көңіл-күйіміз құбыла түсетіні рас. Халық арасында қарғысқа қатысты әртүрлі пікір, сан алуан алып-қашпа әңгіме бар.
Қарғыс дегеніміз не?
Халық емшісі Айсара Өтебайқызы қарғыс ашу-ызадан, зұлымдық, іштарлық және реніштен туындайды деген пікірде. Адам қатты ашуға беріліп, ауыр сөздер айтып қалса, бұл сөз екінші адамға қарғыс болып тиюі мүмкін екен.
"Маған көп адам келеді. Себебі әртүрлі болады. Бірі қарғыс тиіп, денсаулығы нашарлап, талықсып құлай береді. Енді бір адам қарғысқа ұшыраған соң, жұмыс істеуге деген ынта-ықыласы, тамаққа тәбеті жоғалып, берекесі қашады. Оларды құран сүрелерін оқып, дем саламын", - дейді ол.
Қарғыс тиіп, бала көтере алмаған
Халық емшісіне 30 жасқа толмаған елордалық келіншек қаралыпты. Әйел күйеуімен ажырасқан екен. Бірінші некесінен бір ұлы болған. Бірақ екінші рет тұрмысқа шығып, ұзақ жыл бала көтере алмапты. Төрт рет экстракорпоральді ұрықтандыру (ЭКО) арқылы бала көтеруге талпынса да, нәтиже болмаған.
"Амалы таусылған әйел маған келді. Бұрынғы күйеуімен арасында өкпе-реніш көп болған әрі бойында қарғыс та бар. Сондықтан ем қонбаған. Бұл әйелді 30 күн бойы құран сүрелерін оқып емдедім. Бойындағы қарғысты қайтардым. Осыдан соң ол анадан жаңа туғандай әсерде болып, сауығып кетті. Қазір аяғы ауыр. Декреттік демалыста жүр", - дейді Айсара Өтебайқызы.
Дуаланған ине
Нұр-Сұлтан қаласының 27 жастағы тұрғыны Бейбіт Гумаров (өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді - Sputnik) қарғысқа сенетінін айтады.
"Алла тағала отбасымды тіл-көзден, қарғыстан сақтасыншы" деп үнемі дұға оқып отырамын. Досымның шағын дүкені болды. Алғашында кәсібі жақсы жүрді. Бірақ кейін аяқ астынан қиындықтар туындады. Отбасында ұрыс-жанжал пайда болды, кәсібі бұрынғыдай жүре қойған жоқ", - деп ол әңгімесін бастады.
Оның айтуынша, бір күні досы дүкендегі тауарларды жинап жүріп, ине тауып алыпты.
"Кейін оның дуа оқытылған ине екенін білді. Сөйтсе, ол тауар сатып алып жүретін жасы үлкен әжеймен қатты сөзге келіп қалыпты. Досым арадағы келіспеушіліктің неден туындағанын айтқан жоқ. Бірақ қиындықтардың туындауын осы жағдаймен байланыстырды. Ол инені осы әжей тастап кетуі мүмкін деп ойлайды", - дейді ол.
Қарғыс туралы исламда не айтылған?
Елордадағы "Әзірет Сұлтан" мешітінің ұстазы Дінмұхаммед Сманов "қарғыс" деген ұғым исламда бар екенін, оған Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың хадистері дәлел болатынын атап өтті.
"Пайғамбарымыз бір хадисінде "Егер бір адам екінші адамды қарғайтын болса, алдымен қарғыс аспанға көтеріледі. Кейін ол жерге түсіп, лағынет айтылған адамға барады. Егер сол адам қарғысқа лайықты болса, ол соған тиеді. Ал адам қарғысқа лайықты болмаса, қарғыс лағынет айтқан адамның өзіне қайта оралады" делінген", - дейді дін қызметкері.
Қарғыс айтуға бола ма?
Дінмұхаммед Сманов Мұхаммед пайғамбардың хадистеріне сүйеніп, дін бойынша ешкімді қарғауға болмайтынын түсіндірді.
"Ал тағы бір хадисінде пайғамбарымыз "Адамды лағынеттеуші адамдар, олар қиямет күні куәгер бола алмайды" дейді. Сондықтан шынайы мұсылман өзге адамға тілін тигізбейді, қарғамайды, балағаттамайды, әрі өзгеге дөрекілік көрсетпейді", - дейді діни ұстаз.
Қарғыстан қалай сақтану керек?
"Әзірет Сұлтан" мешітінің ұстазы адам қарғыстан қорғану үшін Алла тағалаға жақын болып, үнемі дұға оқу қажеттігін айтты. Оның пікірінше, мұсылман адам өзге адамның байлығына қызықпауы керек.

"Егер адам Алланы жиі еске алатын болса, ол көмегін аямайды. Мұхаммед пайғамбарымыз мұсылмандарға таңертең, кешке оқылатын дұғаларды үйретіп кетті. Мысалы, "ықылас", "фәлақ", "нас" сүрелерін таңертең үш рет, кешке бес рет оқыса, ол адамға ешқандай зиян тимейді. Адам біреудің ар-намысына тиіп, бөгде жанның мал-мүлкіне қызықпауы керек. Өйткені адам біреудің мал-мүлкіне көз алартып, оған қиянат жасайтын болса, қарғысқа ұшырауы мүмкін", - деп Дінмұхаммед Сманов сөзін түйіндеді.
sputniknews.kz

27 тамыз 2019 ж. 6 248 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 76

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 71

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930