Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тымаққа салу

Тымаққа салу

Әртүрлі себептермен бала айы-күні толмай шала туатын жағдайлар кездесіп тұрады. Қазіргі перзентханаларда мұндай сәбиді аман сақтап қалуы үшін «кувез» деп аталатын арнайы қондырғылары бар әйнек қалыптарға салады. Ауызекі тілде «инкубатор» деп атай береді. Сол әйнек сандықшаларда жатқан нәресте тиісті мөлшерде оттегін қабылдап, қажетті жылылық пен ылғалды алады. Бұл – бүгінде үйреншікті жағдай. Ал қаптаған дәрігерлері мен перзентханасы жоқ ерте кезде не істеген десеңіз, қазақтар оған да өз әдіс-тәсілдерін қолданып, ұрпағын сақтапты. Ол – тымаққа салу салты.

Шала туған сәби тым кішкентай, әлсіз болғандықтан оны бесікке бөлеуге де, құндақтап қолға көтеруге де болмайды. Сондықтан үлкендердің жылы тымағына салып киіз үйдің керегесіне ілген. Қырық күнге дейін кереге басын кезек ауыстырып, тымақты жылжытып отырған. Егер қыстың күні болса, қабырғаға қатар шеге қағып соған алмастырып ілген екен. Қырық күннен аман-сау өткен соң ғана шала туған балаға ат қойып, бесікке салар, қырқынан шығару рәсімдері жасалған. Осы күннің адамдары бұған күлуі де, сенбеуі де мүмкін. Алайда илансаңыз да, күмән келтірсеңіз де «тымаққа салу» салтымен ата-бабаларымыздың ұрпағын өсіргені шындық. Баяғы көне дәуірді былай қойғанда кешеге дейін ел ішінде жалғасқанын көзіміз көрді.

Мен бірінші сыныптан төртіншіге дейін тымақта жетілген баламен бірге оқыдым. Мектепке алғаш бізді ата-анамыз қолымыздан жетектеп келді, ал оны атасы иығына отырғызып әкелді. Соны көргенде өзімізше жырқылдап күлгенбіз. Аты да қызық – Жетілген. Сол құртақандай бала ә дегеннен-ақ өзінің ерекшелігін көрсетті. Дене бітімі, бой-тұрқы бізден шағын болғанымен қимыл-қозғалысы ширақ, нағыз қақа­тұяқ пысықтың өзі еді. Тілі мірдің оғындай өткір, бозторғайдай шырылдап сабақ айтқанда алдына жан салмайтын. Бір ғана жаман әдеті, сәл түртіп қойсаң болды жеті атаңнан сыпырып сыбайтын, сол үшін ешқайсысымыз оның жынына тимеуге тырысатынбыз.

Соңынан білдік, бір шаңырақтың жалғыз ұлының келіншегі қайта-қайта түсік тастап, перзент тұрмай қамкөңіл жүргенде жеті айлық болып Жетілген өмірге келіпті. Сәбидің іңгәсіне зар болып күткен атасы немересін өзінің түлкі тымағына салып асыраған екен. Кейін сол Жетілген білдей бір колхоздың білікті басшысы, алпамсадай азамат болды. Құдайға шүкір, әлі де жер басып, немере-шөбере сүйіп отыр.

Зейнеп АХМЕТОВА

29 шілде 2019 ж. 2 783 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 58

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930