Сахна тілі – сөз өнері

Байқауға ауданның түкпір-түкпірінен келген 15 үміткер өздерінің шеберліктерін көрсетіп, сахна мәдениеті мен шешендік өнерін ортаға салды. Сөз додасы үш кезең бойынша өтті. Оның алғашқысы «Мен жүргізушімін!». Онда талапкерлер сөйлеу мәнерін көрсетіп, еркін форматта видео-визитка арқылы өздерін таныстырды.
Екінші «Сахнада сөйлеу мәдениеті» кезеңінде – импровизация, яғни қатысушы кездейсоқ алынған сценарий немесе оқиға желісі бойынша жылдам әрекет жасап, жүргізуші рөлін атқарды.Тіл байлығы, көрермен қауымды өзіне қарата білу қабілеттері бағаланды.
Ал қорытынды үшінші кезең «Сөз үндестігі» деп аталды. Бұл кезеңде қысқа концерттік бағдарламаны жүргізіген қатысушының дауысты басқаруы, эмоциясы және сахна мәдениетіне баса мән берілді.
Сөз сайысында ҚР мәдениет саласының үздігі, Қазалының «Левитаны» Кенже-Әлі Мақсатбаев, Халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, әнші Айгүл Маратқызы мен аудандық мәдениет орталығының концерт жүргізушісі –Аман Қолдасбайұлы қазылық етті.
Нәтижесінде Гүлнұр Өмірбекқызы бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынды Бексұлу Шорабекқызы иеленсе, екінші орынға Ғалымбек Кежденбек жайғасты. Ал үшінші орынды Аружан Қайратқызы мен Темірлан Теңізбай өзара бөлісті. Басқа да қатысушыларға алғыс хат табысталды.
Марапаттан соң сахна төрінен орын алған қазылар алқасының төрағасы Кенже-Әлі Мақсатбаев сөз сөйлеп, барша қатысушыларға алғысын білдірді.
– Ата-бабамыз сөз қадірін, құдыретін ертеден түсінген. Сөзіне берік болған, үлкен дауды бір сөзбен тоқтатып, қара сөзбен, қара қылды қақ жарар әділ би де болған. Оған дәлел болар сөзге қатысты көптеген мақал-мәтелдер де бар. Осынау арғы тегі асылдан олған қазақ халқының сөз құдыретін ұғыну, құрметтеу бүгінге дейін жалғасқан. Бүгінгі сайыста қатысушылар шешендікпен сыналмаса да, сөйлеу мәнері һәм сөз өнерімен сайысып жатыр. Әрине қобалжығандары да, оза шапқаны да болды. Иә, барша бақ сынаған жандарды жүлдесімен шын жүректен құттықтаймын. Алдағы уақытта осы секілді сайыстар легі жалғасын таба берсін. Марапаттарыңыз құтты болсын! – деді ол.
Мұнан соң сөз сайысы өз мәресіне жетіп, жиналған жұрт тарқасты.
С.ӘЛИ