Бағлановадан бата алған
Қазақтың Ақбаяны аталып кеткен елдің ерке қызы Роза Бағланова қасиетті Қазалы топырағының тумасы екені баршаға аян. Жезтаңдай әнші көзі тірісінде туған жер төсіне келіп, талай рет өнер көрсеткен. Аудан өнерпаздарының басым көпшілігі әншіні үлгі тұтып, оған ұқсауға тырысатын. Сондай жандардың бірі – ҚР Мәдениет саласының үздігі Галя Оспан. Бүгінде ән әлемінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан Галя Оспанмен жолығып, Роза Бағланова туралы естелік сұрағанымызда өткен күнге сапар шегіп, жалынды жастық шағын сағынышпен еске алды.
– Бала күнімнен ән айтып, Роза апайға еліктеп өстім. Марқұм анам: «5 сыныпқа дейін бірге оқыдық. Ол үнемі халық әні «Қараторғайды» орындаушы еді. Шын есімі Үрбибі» деп отыратын. Осы әңгімені сіңілім екеуміз ес білгелі естіп өстік. Анамда мықты әнші болатын. Бірнеше тілде ән салатын. Орыс тілін жетік меңгерген, сауатты жан еді. «Сегіз қырлы, бір сырлы» анамды үнемі мақтан етемін. Қай жылы екені нақты есімде жоқ, Роза апай ауданға бұрынғы теміржолшылар клубына концерт қоюға келді. Сол кезде алғаш рет жүздестім. Сонда анам: «Мен Катямын» деп еді. Танып құшақтап, қуанып қалды. Анамның есімі Гүлбағыш. Бірге оқыған сыныптастары Катя деп атап кеткен.
1988 жылы Алматы қаласына «Қорқыт сазы» фольклорлык ансамбль телевидениеге түсуге бардық. Ауылға қайтқаннан кейін шамалы күн өткен соң «Роза апай даусыңызды ұнатып, сізді республикалық эстрада студиясына оқуға шақырып жатыр» деген хабар келді. Содан «Қайдасың Алматы?» деп жолға шықтым. Осы оқу орнына екі рет барып, түсе алмағанмын. Ол кезде мәдениетте жұмыс жасап жүрмін. Үкімет берген үйім бар.
Содан Алматыга барып Байзақова көшесіндегі мадениет министрлігіне карасты жатақханага орналастым. Әлі ұмытпаймын жататаын бөлмемнің нөмірі 63. Орналасып, ертеңіне оқу орныма бардым. Менің даусымды Лаки Кесоглу, Зейнеп Қойшыбаева, Жәнібек Карменов, Люция Төлешова, Венера Қармысова сынды өнер тарландары тыңдады.
Тыңдап болғаннан кейін Люция Төлешованың класына жіберді. Актерлік шеберліктен Меруерт Өтекешова сабақ берді. Ол кезде добыраменде ән салатынмын. Мен барғанда барлық студенттер каникулға шығып кетіпті. Тек Шығыс Қазақстан, Семей жаққа баратындар қар қалың деп қайта алмайды екен. Солармен танысып, жатақханада жата бердім. Сол кезде Сембек Жұмағалиев ағамыз дәлізде ән салып жүретін.
– Әттеген-айы, білуімше, Сіз оқуды толық аяқтай алмадыңыз. Оған не кедергі болды?
– Расында да бір жыл ғана оқыдым. Оған себеп, жазғы каникулда ауылға келгенімде анамның қолындағы кіші сіңілім күейуге шығып кеткен еді. Ағаларым да бөлек тұратын. Анама қарайласып, қасында қалдым. Біз Бірлік совхозында тұрдық. Сол кездегі совхоз директоры Қоламсақ аға бір күні мені шақырып алып: «Ауылда не істеп жүрсің?» деп сұрады. Мән-жайды түсіндірдім. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой. Марқұм, өте жақсы кісі еді. Арнайы әдіскер деген штат алып берді. Ауылдық клубта әдіскер болып еңбек етіп жүрдім. Бір күні ауылға аудандық мәдениет бөлімінің өнерпаздары концерттік бағдарламамен келді. Жетіскен ағайдың шақыруымен, 1989 жылы мәдениет бөліміндегі жұмысыма қайта келдім.
Клубта жүргенімде Роза апай концерт қоюға келді. Нажмадин Мұсабаев ағамыз: «Мына қыз сізге қызмет етеді» деп ол кісіге мені көрсетті. Содан апайдың көйлегін өтектеп, киімдерін реттестіріп жүрдім. Апай: «Әй қыз, көйлегімді күйдіріп алма. Күйдіріп алсаң, жаныңды шығарамын» деп қояды. Киініп, боянып, сахнаға шыққанында мен сахнаның жанында сөмкесін ұстап тұрамын. Сөмкесін апай бірнеше мәрте ашады. Ыдысқа құйып қойған көк шайы бар. Соны ішетін. Сол кездің өзінде 70-тен асып кетсе де жеңіл қозғалатын. Аяғында әдемі платформа туфлиі болатын. Сахнаның едені жылтыр материал. Құлап қалама деп мен қорқып тұрамын мында. Өлеңін айтып келеді де шайын ішеді. Әтірін сеуіп жатып: «Қыз-ау дауысты ашады ғой» дейтін. Менде көзін ала бере үстіме әтірін сеуіп-сеуіп аламын. Кейін қыздарға «Апамыздың жасы мен жолын берсін», деп осындай ұрлық жасадым деп айтып күлдіргенім бар. Концерт біткен соң Нажмадин аға: «Баяғыда өзің оқуға шықырған қызың ғой» деп еді. Роза апай «онда мен батамды берейін» деп жанына жақын тартты. «Айналайын талабың оң болсын. Бағың жансын. Менің жолымды берсін», – деп батасын берді. Роза апай ақкөңіл, әзіл айтқанды жақсы көретін адам еді.
Кейіннен ауданға тағы келді. Алдында Бекен Жамақаевтың әні «Сен ғана» мен «Ақ самара городокты» орындадым. 85 жылдығына келгенде соңғы көруім екен.
Әсерлі әңгміме кезінде Галя апай жуырда өткен шығармашылық кешін Роза Бағланованың жүз жылдығына арнағанын тілге тиек етті. «Ғалияның әні сахнаның сәні» тақырыбында шығармашылық кешпен ауылдарды араладым. Апайды өзімнің тұмарым санаймын. Сондай аңыз адамның қасында жүру біз үшін үлкен бақыт. Менің ән қоржынымда ол кісінің репертуарынан әндер бар. Дана Абай: «Болмасаңда ұқсап бақ» демей ме. Өнер ордасы – Алматыда жүрмесем де, өз туған жерімде шүкір елім еркелетеді, сыйлап жатады. Аудан мәдениетінің алға жылжуына үлес қосып келеміз, әлі де қолдан келгенше көшті алға сүйреуге ықыластымыз. Розасын ұмытпай, есімін ел жадында мәңгі қалдыру үшін жүзеге асырылып жатқан барлық іс-шараға ризамын. Ұлықтайтын ұрпағы барда, ұлылар ұмытылмайды», – деп әңгімесін түйіндеді Галя Оспанова.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА