Абай ілімінің айбыны асқақ
Ұлы Абайдың өлеңдері мен қара сөздері қанша уақыт өтсе де, мазмұны мен мәнін жоймайды. Ол жас ұрпаққа білім алып, ғылымды игеру жолында жол сілтер берік темірқазық. Әсіресе қазіргі таңда ҰБТ-ға дайындық барысында, мамандық таңдауға ұмтылғанда, ұлы ақынның ғибраты әр балаға ауадай керек. Әрбір жас өскін хакім Абайдың ілім-білімді игеруге ынтықтырған сөзінің терең астарына үңіліп, түсініп, тұшынуы керек. Себебі ақын білім мен ғылым өркениетке бастар алғышарт екендігін даналықпен жете түсініп, жан-тәнімен бізге жеткізген.
Білімге көңіл бөлу қазір тәуелсіз елімізде мемлекеттік деңгейге көтерілген басты әрі негізгі мәселе екендігіне ешкім күмән келтірмейді, оған жан-жақты жағдай жасалған. Мектеп ұстаздары шәкірттерге ұлттық тәрбие бере отырып, шетелдің ғалымдарынан жаңалық іздемес бұрын, Абай ілімінен алшақтамағаны мақұл. Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша оқытуда да, ОЖСБ, ҰБТ-ға дайындық барысында да шәкірттер Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» атты өлеңінде айтылғандай, өкінішке бой алдырмауы тиіс.
Бүгінгі педагогика да білім мен ғылымға құштарлық ерте кезден басталғаны жөн екендігін атап көрсетеді. Білім берудің сандық және сапалық деңгейі мен түрлері сан алуан түрге енгенде қадір-қасиеті мен құдіретін жоғалтып алмау үшін Абай, Ыбырай, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек сияқты ұлы тұлғалардың бізге қалдырған жауһар педагогикалық тәсілдерін де ұмытпаған жөн. Әрбір ұстаз өз сабақтарында қолдана білсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Абай заманында медреседе тек діни білім ғана емес, жаратылыстану пәндері де өтіле бастаған. Барлық ата-ана секілді ұлы ақын да ұрпақты оқытуды жөн санағанын және тұжырымы бойынша қызмет қылу, шен алу немесе жеке бас пайдасына жарату емес, білім алу – бала танымының кеңеюі, дүниені, ортаны тануы, өзінен кейінгі ұрпақты тәрбиелеуі деп түсінеміз.
«Кісімсінген, жеп кетер білімсіз көп,
Жіберсем, өкпелеме көп жамандап», – дейді ақын «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты өлеңінде. Яғни адамға жат кісімсіну, ақыл сөзге ынта танытпау, бос мақалдау, тілді мал үшін безеу, соған жанды жалдау, біреуді алдап, біреуді арбау, сөз қадірін кетіру, әншейін күн өткізбек ниеттегі әңгімелерді құлай тыңдау, мақтан қуу, мал құмарлық, қусың десе қуану, ынсап-ұят, ар-намыс, сабыр, талапты ешкімнің де керек етпеуі, терең ой, терең ғылымды іздемеу, өтірік пен өсекті жүндей сабау секілді қылықтар күні кешегі заманға орай айтылса да, бүгінгі күнде де оқырманын толғандыратыны хақ.
Абайдың осы өлеңі шәкірттердің білімге назар аударарлық мәселесінің тұтас бір қыры, үнемі есте сақтар, дұрыс бағдар жасау жолындағы философиясы, психологиясы және педагогикасы екені даусыз. Бұл тек қазақ тілі мен әдебиеті ғана емес, өзін-өзі тану мен барлық пәнге қатысты десек те болады. Қазіргідей нарық заманының қиын-қыстау кезеңінде, әркім тіршілік қамын ойлаған заманда білім алу, грантты иелену және ол мамандықты игеру, ортақ игілікке жарату, тәуелсіздік мүдделеріне қызмет етуді ұлы Абайдың білім жайлы ойлары мен туындылары арқылы ұғына отырып, жүзеге асыру да аса маңызды әрі мәнді тірлік деп білеміз. «Біреуден-біреу артылса» өлеңінде Абай былай дейді:
«Біреуден-біреу артылса,
Өнер өлшеніп тартылса,
Оқыған, білген – білген-ақ,
Надан – надан-ақ сан қылса.
Оқыған білер әр сөзді,
Надандай болмас ақ көзді.
Надан жөндіге жөн келмей,
Білер қайдағы шәргезді».
Абай ұғымында оқыған, білген адам сөз түсінетін, көкірегінде сәулесі жанған жан. Алайда Абай кезеңі мен қазіргі заманды ¬салыстыратын болсақ, арасы жер мен көктей. Әйтсе де өз заманындағы ұлы ақынның оқыған, білген адамы нағыз зиялы, білімдарлығы мен адами болмысы елдік, бірлік қасиеттерге толы. Рас қазіргі XXI ғасырда оқымаған, мектеп көрмеген, сауатын ашпаған, білімсіздер мүлде жоқ. Бірақ адам баласы арасында осы өлеңде айтылғандай, әртүрлі кәсіптің өзі бүгінде шынайы өнерге айналғандығы баршамызға аян.
«Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге,
Көкірегінде болсын көз».
Абай осылай дейді. Білімдінің талаптыға кез болуы шарт. Абайша ой толғағанда, білімдінің міндетті түрде нұры, сыры болады. Нұры жарық шашып, сырын тереңге бойлатады. Оны тек көкірегінде көзі бар, санасы сәулелі пенде ғана аңғарады, түсінеді, түйсінеді, пайымдайды, ұғынады, байқайды. Білімді адам Абай айтпақшы, «надандай болмас ақ көзді». Білімдінің көзі көкірегіне орнығады.
«Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар бахра ала алмас», – дейді «Сегіз аяқ» шығармасындағы өлең жолдары. Білген жан қашан да өз пайдасын, өз үлесін айыра алады. Нарықтық бәсекеде, мәселенің байыбына жете үңілу, түсіну, мемлекеттік пайданы дөп сезіну – аса қажетті қасиет. Міне, Абай өлеңдері мен өзге де шығармалары мемлекеттік идеологияның ұстыны бола алатындығының тағы да бір тұсы осында. Ұлттық, мемлекеттік менталитет, ұлттық, мемлекеттік білім мен ғылымның негіздерін шетелден іздемей-ақ, Абай туындыларынан және өз ұлтымыздың ұлыларынан да еселеп табуға болатындығының дәлелі.
Мысалы, «Сәулең болса кеудеңде» өлеңінде ақын былайша толғанады:
«Сәулең болса кеудеңде,
Мына сөзге көңіл бөл.
Егер сәулең болмаса,
Мейлің тіріл, мейлің өл».
«Білгенге – дүние кең, білмегенге дүние тар» демекші, сәулелі дүниеге ие болған жанның көкірек сарайы да әсем әрі ғажайып. Білімнің өзі Абайдың ұғымында көңіл көзі ашық, талапты, ынталы, жігерлі, жүрегі жылы жанға қонақтайды. Абайдың ұғымында білімді кісі толық адам секілді жан-жақты, яғни қазақи ұғымдағы сегіз қырлы, бір сырлы жан. Ғылымның өзі де, ақыл, қайрат, жүректің ұштаған бірлігі қамтамасыз етілген де ғана өз деңгейіне жетпектігін санаға сіңіреді. Мысал келтірелік:
«Жастықтың оты, қайдасың,
Ғылымның біліп пайдасын,
Жүректі түртіп қозғамай?
Дүниенің көркін болжамай?»
Шынында да, ғылымға, яғни дүниені көріктендіре түсетін күшке жүректі алаулататын жастық шақтың тигізер ықпалы орасан. Ұлы ақын ғылымға қаншама ден қойғанымен, «Өзгеге, көңілің тоярсың» өлеңінде жүйкені жұқартқан ел мінін де жасырмайды. «Ат шаба алмас мінімнен» деп, өкініш білдіреді. Ілім мен білімге деген кержалқаулық, бойкүйездік Ұлы дала ойшылын қайғыға шөктірді, ызаға бөктірді. «Қайғы шығар ілімнен» атты туындысында адам бойындағы міндердің бірқатарын атап айтады. «Есер, есірік болмасаң, Тіршіліктен пайда жоқ», «Басалқы сөз сенде жоқ, Айтқан сөзің «малың шаш» деген секілді өлең жолдары толғауы тоқсан, қым-қуыт тіршіліктің ащы да болса, шырқыраған шындығы екендігін айтады. «Отыз екінші сөзінде» білім-ғылымды үйрену үшін, ең алдымен, білу керектігіне тоқталады. «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқалады» дейді. Ғылым нақтылықты, анықтықты сүйетіндігін, ал өзімшілдік талас-тартысқа бастайтынын, қалайда жеңу жолын таңдайтынын ұлы ойшыл бүгінгі күнге алдын ала ескертіп кеткендей. Қазақ даласы енді-енді ағартушылық идеясымен сусындай бастағанда, ақын әрі кемеңгер ойшыл білім мен ғылымға қозғау салды, зор серпін берді. Ғаламдық деңгейде өркениет атаулысы – білім мен ғылымға арқа сүйей бастағанын дүйім жұртқа алғашқылар қатарында жеткізу, жадында жаттатқызу – халқымыздың аяулы перзентінің бірі – ұлы Абайға бұйырғаны әрі заңдылық, әрі қажеттілік болатын.
Абай шығармашылығына зер салғанда, бүгінгі уақыт тұрғысынан бағамдап, баға берсек, оның білім мен ғылым жайлы ой-пікірлері, көркемдік сөз әлемі әлі де маңызы мен мәнін жоғалтпағанына көзіміз жете түседі. Хакім Абайдың сөзі – халықтың, ұлттың сөзі, ұлттың болашағын тәрбиелейтін ұлы ұстаздың сөзі. Сондықтан ұлт болашағын тәрбиелеу мен оқытуда бізге Абай ілімінен асқан құндылық жоқ.
Амангелді МЕШІТБАЙ,
Қ.Пірімов атындағы №103
мектептің қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі