Digital Qazaqstan Battle ұлттық стартап-батлының финалистері анықталды
Фото: Astana Hub
Өңірлік батлдардың жеңімпаздарының бірі – жол инфрақұрылымының жай-күйін мониторингтеу және компьютерлік көру технологиялары арқылы автотұрақ кеңістігін басқару шешімін әзірлейтін JolScan стартабы. Жүйе қалалық камералар мен мобильді құрылғылардан жиналған деректер негізінде жол жабынындағы ақауларды автоматты түрде анықтайды. Бұл жолдарды қолмен тексеруге кететін шығындарды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
«Жартылай финалда жеңіске жету – жол инфрақұрылымын мониторингтеу мен автотұрақ кеңістігін басқаруды бір экожүйеге біріктіретін “ақылды қала” тұжырымдамамыздың өміршеңдігін растайды. Біз үшін бұл қолданыстағы қалалық инфрақұрылымды мобильді сенсорлар ретінде пайдалану сияқты инновациялық тәсіл қалаларды цифрлық трансформациялаудың тиімді құралы бола алатынын көрсетеді», – деді JolScan стартабының тең құрылтайшысы Рустем Қадыров.
Өңірлік кезеңнің тағы бір жеңімпазы – aitomaton стартабы. Ол AI-агенттердің көмегімен бизнес-процестер мен коммуникацияларды автоматтандыруға арналған платформаны әзірлеуде.
«Біз бизнес үшін AI-агенттер мен адамдарды бір жұмыс кеңістігінде біріктіретін платформаны жасап жатырмыз. Онда негізгі құралдар біріктірілген: CRM, таск-трекер, қызметтерге жазылу жүйесі, омниканалды мессенджер, телефония және қоңыраулар мен чаттарда жұмыс істейтін AI-агенттер. Digital Qazaqstan Battle финалына шығу – бұл тұжырымдаманы кең технологиялық аудиторияға таныстыруға тамаша мүмкіндік. Финалда үздік үштікке еніп, жобаны дамыту үшін жаңа серіктестер табуды жоспарлап отырмыз», – деді aitomaton жобасының CPO және негізін тең қалаушы Эдгар Володькин.
Еске сала кетсек, ұлттық стартап-батлдың финалы 2026 жылғы 27 наурызда Шымкент қаласында Digital Qazaqstan форумы аясында өтеді. Финалистер өз жобаларын қазылар алқасына, инвесторларға және елдің технологиялық экожүйесінің өкілдеріне таныстырады.
Батл жеңімпазы 10 000 000 теңге, екінші орын иегері 5 000 000 теңге, үшінші орын иегері 3 000 000 теңге алады. Сонымен қатар 1 000 000 теңге көлемінде көрермен көзайымы жүлдесі табысталады. Қазылар алқасы жобаларды нарықтық динамикасы, команда сапасы, масштабталу әлеуеті және инвестициялық тартымдылығы бойынша бағалайды.












