2 тамызда педагогтерге арналған цифрлық біліктілікті арттыру бойынша тегін курс басталады
Онлайн курсқа орта, техникалық және кәсіптік білім беру педагогтері, сондай-ақ педагогикалық ЖОО студенттері қатыса алады. Қазақстандық педагогтер 2 тамыздан бастап edu.kz платформасында ақпараттық-коммуникациялық біліктілігін арттыру бойынша тегін онлайн курстан өте алады. Бұл туралы "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығының басқарма төрағасы Әсел Мұхаметжанова мәлімдеді.
Оның сөзінше, соңғы бір жылда педагогтердің 43%-дан астамы ақпараттық-коммуникациялық біліктілігін арттыру курсынан өтпеген. Олардың 46%-ы аудио және видео материалдар жасау әдістерін білмейді. Осы орайда "Өрлеу" орталығы педагогтердің цифрлық біліктілігін көтеру мақсатында онлайн курс әзірледі. Төрт модульден тұратын курс мазмұнын әзірлеуге халықаралық ұйымдар тартылған.
"Өрлеу" Microsoft және Еуропалық білім беру қорымен бірлесе пайдалы цифрлық ресурстар мен видеопедагогика артықшылықтары туралы видео дәрістер әзірлеген.
"Екінші тамыздан бастап edu.kz платформасында ақысыз курстан өтуге болады. Мұнда 40-тан астам дәріс пен презентация, 30-дан астам видеоматериал, 30-ға жуық тест пен интерактивті тапсырма, 30-дан астам платформа мен құралдарды қолдану нұсқаулығы әзірленген. Курс соңында педагогтерге сертификат беріледі. Курс педагогика мамандығы бойынша оқитын 3, 4-курс студенттері үшін де пайдалы болады деген ойдамыз", – деді Әсел Мұхаметжанова.
Курста педагогтер оқыту және бағалау формасын, әдісін, мазмұнын таңдауды, интерактивті презентациялар жасауды, оқу процесінде дайын цифрлық білім беру ресурстары мен технологияларын қолдануды, іздеу жүйесімен жұмыс істеу ережелерін, оқыту мен өзара байланыс жасау үшін әлеуметтік желілерді, білім беру порталдарын пайдалануды үйренеді.