Штаб мүшелері аудан тұрғындармен кездесті
Жуырда Роза Бағланова атындағы мәдениет үйінде "Nur Otan" партиясының Республикалық сайлауалды штабының мүшесі, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ы филиалы Қызылорда облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі Қожамберлиев Баймырза және штаб мүшелері аудан тұрғындарымен кездесті.
Кездесуді Қазалы аудандық сайлауалды штабының басшысы Мамбетжан Қасқырбек Өмірзақұлы ашып, жүргізді.
Аудан тұрғындарымен өткен кездесуге зиялы қауым өкілдері, облыстық, аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер мен жастар қатысты.
Кездесу барысында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Тажекеев Әзілхан Әуезханұлы, «Тілеп» ЖШС-нің директоры, облыстық маслихат депутаты Тілеп Ібайдулла Тілепұлы сөз алып, партияның бағдарламасымен таныстырып, баршаны алдағы өтетін сайлауға қатысып, "Nur Otan" партиясын қолдауға шақырды.
Штаб мүшелерімен өткен кездесу барысында аудан тұрғыны Шөмекей Рүстем есімді азамат, "Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде 45 587 халық, 8201 отбасы тұрады. Әйтеке би кенті бойынша 10 орта мектеп қызмет жасайды. Білім алып жатқан бала саны – 9 278. Қазіргі таңда аудан орталығына жаңа орта мектеп құрылысын салу қажет етеді. Осы мәселені шешу жолдары қалай?"-деген сауал жолдады.
Тұрғынның сауалына облыстық маслихат депутаты Тілеп Ібайдулла Қазалы ауданы Әйтеке би кентінен 250 орындық мектеп ғимаратының құрылысы» жобасын әзірлеуге аудандық бюджеттен 24650,0 мың теңге қаржы бөлініп, жоба әзірленгенін, 2021 жылы аталған нысанның құрылысын қаржыландыру үшін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына және «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» шеңберінде ұсынылғанын айтты.
Сондай-ақ кездесу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері де сөз алып, барша кездесуге қатысушыларды нақты істің көшбасшысы болып жүрген "Nur Otan" партиясына дауыс беруге шақыратындарын және өздері де қолдайтындарын жеткізді.
"ҚАЗАЛЫ"ақпарат