"Харекет" қорынан - баспана
Қызылорда облысында көп балалы аналарға әрдайым қолдау көрсетіліп келеді. Мемлекет тарапынан да жан-жақты жағдайлар жасалуда. Алтын құрсақты аналарды ардақтауды үкіметтік емес ұйым өкілдері де жиі дәріптеп тұрады. Бұл жолы Республикалық "Харекет" қайырымдылық қоры Шиелі ауданының тұрғынына баспана кілтін табыстады.
"Мың теңгеге баспана" жобасы аясында Ұлжамал Әлиева есімді көп балалы, тұрмысы аз қамтылған ана үйлі болды. Ол жалғыз өзі алты баланы өсіріп келеді. Тағдырдың тауқыметіне мойымаған ана баспаналы болуды біраздан бері армандап жүрген. Аяулы ананың арманы орындалып, жайлы баспанамен қамтылды.
Айта кетейік, бұған дейін "Харекет" қайырымдылық қоры ел бойынша тұрмысы төмен 71 адамға қоныс сыйлаған еді. Айтулы шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
"Мен көп балалы анамын. Кенже балам туа бітті мүгедек. Балапандарымның ризығы болар бүгін баспаналы болып жатырмын. Тосыннан жасалған үлкен сыйлық жасағандарға алғысым шексіз. Барлығына рахметімді айтамын. Бұған дейін уақытша үйде тұрып келгенімін. Жаңа баспаналы болуды біраздан бері аңсаған едім. Енді міне жаңа үйлі болып жатырмын. Менің мақсатым сол балаларымды ел үшін қызмет ететін азамат қылып тәрбиелеу",- деді Ұлжамал Әлиева.
kyzylorda-news.kz