Ақерке – спартакиада чемпионы
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, өткен жылғы ел чемпионы Ақерке Бақытжан Спартакиаданың жеңімпазы атанды. Осылайша біздің жерлесіміз өзінің үздік екенін тағы да дәлелдеді. Бес күнге созылған бокс бәсекесінде қазалылық қайсар қыз 75 келі салмақта бақ сынады. Соған қарамастан қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен жеңіп, бапкер үмітін ақтады.
Шымкентте өткен әйелдер боксынан Қазақстанның V жазғы Спартакиадасының басты жаңалығы Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, жерлесіміз Марина Вольнованың үлкен боксқа қайта оралуы болатын. Ұзақ үзілістен кейін шаршы алаңға шыққан ол Елорданың намысын қорғап, қола жүлдені қанағат тұтты. Маринадан бөлек, Спартакиаданың қола жүлдесін жерлестеріміз Дәметкен Келімбет, Таңшолпан Әлиева және Аида Оңдаш иемденді.
Байрақты бәсеке өтіп жатқан күндері бокстан әйелдер құрамасының бас бапкері өзгерді. 14 жылдан бері ұлттық құраманың тізгінін ұстаған Вадим Присяжнюктің орнына Ерік Алғабек тағайындалды. Спартакиада аяқталған соң ол журналистермен ой бөлісті.
– Жалпы алғанда, жаңа есімдер көп емес. Бұрыннан көрініп жүрген спортшылар жеңіске жетті. Соңғы Азия чемпионатындағы нәтиже көңілден шыққан жоқ. Келешекте көрсеткіштерді жақсарту үшін жұмыс істейміз. Алдағы әлем чемпионатына дейін команданың нәтижесін көтеру туралы міндет тұр. Спартакиаданың финалына өткен спортшылардың барлығы ұлттық құрамаға қабылданады. Қосалқы құрамды да ұмытпаймыз, – деді бас бапкер.
Айта кетейік, елішілік турнирге Қазақстанның 15 аймағынан 80-ге жуық спортшы қатысты. Тек Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысының командалары турнирден сырт қалды. Ал ұлттық құраманың бірінші нөмірлі спортшылары түгел жұдырықтасты.
Жеңісбек СОВЕТҰЛЫ