Қазақстанда бірден 7 микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды
Қай МҚҰ лицензиясынан айырылды?
Лицензиядан айыру туралы шешімдер 23 қазанда қабылданды. Тізімге жеті ұйым енді:- "MaxMoney МҚҰ" ЖШС;
- "Microfinance Systems МҚҰ" ЖШС;
- "SurfKaz Finance МҚҰ" ЖШС;
- "MFO№1 МҚҰ" ЖШС;
- "Умит Финанс МҚҰ" ЖШС;
- "Вивус МҚҰ" ЖШС;
- "EL QAZYNA МҚҰ" ЖШС.
Клиенттердің келісімшарттары мен қарыздары не болмақ?
Лицензиядан айырылғаннан кейін микроқаржы ұйымы микроқаржылық қызметті жалғастыруға құқылы емес. Сондай-ақ МҚҰ заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, қолданыстағы микрокредит беру туралы шарттардың талаптарын өзгерте алмайды.Сонымен қатар клиенттердің міндеттемелері сақталады. Өтелмеген микрокредиттері бар қарыз алушылар жасалған шарттардың талаптарын орындауға тиіс және міндеттемелерді бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған.
Лицензиядан айырылғаннан кейін 30 күнтізбелік күн ішінде ұйым өз атауынан микроқаржылық қызметті көрсететін сөздер мен белгілерді алып тастап, қайта тіркеуден өтуі немесе қайта ұйымдастыру не жою туралы шешім қабылдауы керек.
Еске сала кетейік, 10 тамыздан бастап Қазақстанда кредит беру ережелері қатаңдатылды. Енді қарыз алу қиындай түседі – қазақстандықтардың өмірбаянындағы жаңа детальдар ескерілетін болады. Не өзгергені және енді кредиттердің қалай берілетіні туралы – Tengrinews.kz материалынан оқыңыздар.












