TikTok-та 5 миллион теңгеге дейінгі қарызды кешіруге уәде беретіндерге сенбеңіз – мамандар ескертті
Мамандар көрсетілген сілтемеге техникалық талдау жүргізіп, бірнеше қауіпті белгіні анықтады.

Орталықтың мәліметінше, алаяқтар 18 жастан асқан азаматтардың қарызын бірден кешіруге уәде береді. Ақпараттың шынайы екеніне сендіру үшін мемлекеттік рәміздерді пайдаланып, пайдаланушыларды профильдегі сілтемеге өтуге шақырады.
Мамандар сілтемеге техникалық талдау жүргізіп, бірнеше қауіпті белгіні анықтады.
Алаяқтар жасаған сайт өзін ресми әлеуметтік көмек көрсету сервисі ретінде таныстырады. Алдымен пайдаланушыдан туған жылын енгізуді сұрап, кейін оның бағдарлама талаптарына сәйкес келетінін хабарлап, Telegram желісіне бағыттайды. Тіпті, сайтта кері санақ таймері де орналастырылған. Бұл пайдаланушыны уақыт шектеулі екеніне сендіріп, асығыс шешім қабылдауға итермелеу үшін жасалған.
Ең қауіптісі, Telegram арқылы авторизацияны растаған адам бөгде тұлғаларға өз аккаунтына, жеке хат алмасуларына және оған байланысты деректерге қол жеткізуге мүмкіндік беруі мүмкін. Техникалық тексеру кезінде VirusTotal платформасындағы LevelBlue сервисі күдікті ресурсты фишингтік сайт ретінде, ал alphaMountain.ai мен Fortinet спам ретінде жіктеген.
Сонымен қатар тексеру сәтінде сайт доменінің тіркелгеніне небәрі 17 күн болғаны анықталды.
Мамандардың айтуынша, доменнің жақында тіркелуі өздігінен алаяқтықты дәлелдемейді. Алайда басқа белгілермен бірге бұл жағдай күдік тудырады.
– Алаяқтар азаматтарды өз айласына түсірудің әр кезеңін мұқият ойластырады. Олар қарыздарды есептен шығаруға, қаржылай көмек көрсетуге уәде береді немесе қоғамдағы өзекті мәселелерді пайдаланып, адамдардың сеніміне кіруге және оларды өздеріне қажетті әрекеттерге итермелеуге тырысады, – деп ескертті Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының мамандары.
Мамандар азаматтарды қаржылай көмек туралы күмәнді уәделерге сенбеуге, жеке деректерін жарияламауға және белгісіз сайттарға аккаунттарына кіруге рұқсат бермеуге шақырды.










