Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ол күндер ұмытылмайды

Ол күндер ұмытылмайды

Жауқазын жастық шағының жарқын кезеңiн оқ пен оттың ортасында өткiзген жандардың қатарында Ауған соғысы ардагерлері де бар.
Арада отыз жыл уақыт өтсе де сол жылдар салған жүректегi сызат әлi жазыла қойған жоқ. Зұлмат шақта кеудесiн оққа тосқан кешегi бозбала бүгiндерi елге қадiрлi ер азаматтарға айналды. Ауған жерiне ауданнан аттанған 69 жауынгердiң 28-i ортамызда аман-есен жүр. Олардың ерлiкке тән iстерi кейiнгi ұрпаққа үлгi-өнеге.
Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай Ауған соғысы ардагерлерi мен мүгедектер одағының “Ардагер” қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Айдар Әлиевпен әңгімелескен едік.

– Айдар аға, бәрі қалай басталды? Соқтықпалы-соқпақты белеске толы кезді еске түсірсеңіз?
– Біз Ауғанстан жеріндегі соғысқа арнайы шақырылған жоқпыз. Дегенмен, Отан алдындағы борышты өтеуге Кеңес армиясы қатарына алынған сәтте іштей сезген едік. Мен 1982 жылы Өзбекстанның Термез қаласында №44 077 әскери бөлімінде автокөлік жүргіздім. Осында бізге жауынгерлік әдіс-тәсілдің қыр-сыры үйретіліп, арнайы жаттығу дайындығынан өттік. 1984 жылы Ауғанстан жеріне аттандық. Ол жақта әуе қорғау басқармасы құрамына алындым. Арнайы взводта үш ауыр техника бар еді. Мен пулеметші болдым. 1984 жылдың 19 сәуірінде «Жетінші панджшер операциясына» қатыстық. Бұл дала командирі атанған Ахмад Шах Масуд жасақтарының көзін жою бағытында ұйымдастырылған әскери құпия бүлік. Мұндағыларға елді мекендердегі діни эксритмизмнің көзін жоюға тапсырма берілген.
Ауған жеріндегі соғыс үш бағытта өтті. Оның біріншісінде, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік мәселесін шешу, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылған әскери құрам күзетте тұрды, рейд жүргізді. Ал екіншілер, оларды қару-жарақ, азық-түлікпен қамтамасыз етумен айналысты. Үшіншісіне 9 мәрте өткен «Жетінші панджшер операциясына» қатысушылар қарады. Мен соңғы бағыттағылардың ішінде жүріп, жауынгерлік міндетімді атқардым.
– Оқ пен оттың ортасындағы жылдарда жүректе сақталып қалған ең қиын сәт болған шығар...
– Облыс басшысы Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен, ҚР Парламент депутаты Бақытбек Смағұлдың бастамасымен Ауған соғысының ақиқаты туралы кітап жазуды қолға алған едік. Кітап 15 ақпанға дейін жарыққа шығады деген ойдамыз. Сонда біраз естелік пен тың деректерді жаздық. Оқырман кітап арқылы көп жайттармен таныс бола алады. Мен де осы жинақта басымнан өткен қиын сәтті баяндаған едім. Соны айтып берейін.
Әскер қатарына шақырылғаннан кейін оның өзіндік заңы мен қатал ережесі болады. Онда Коммунистік партияның гүрілдеп тұрған шағы. Отанды қорғап жүріп, сенімсіздікке ұшыраған кезім болды. Маған ең ауыр тигені осы. Мен шетте жүріп, Отан алдындағы борышымды адал атқаруға тырысқан қатардағы солдатпын. Біз басқа елдің бостандығын қорғадық. Алайда жауынгер үшін ең қиыны – басшыңның сені күдікті етіп көрсетуі екен.
Асыра сілтеушіліктің салдарынан штрафбатқа түстім. Бұл жазалаудың ауыр тәсілі. Оны өз командирің белгілейді. Жазалаудың да түр-түрі, тәртіптік реттілігі бар. Мен алдыңғы шепте тұрдым. Бұл – Ұлы Отан соғысы кезінде шалыс қадам басқанда берілетін жаза. Яғни, қауіп-қатерге қарсы тұрып, қыл көпірдің үстімен жүргендей күй кештім. Жаныма аяздай батқан күндерді әлі күнге ұмытпаймын.
– Жырақта жан тапсырған қаруластар туралы айтсаңыз...
– Өзіңіз айтқандай Қазалы ауданының қорғаныс бөлімі арқылы 69 азамат Ауған жеріне аттанды. Оның екеуі Сәндібек Инабатов пен Қуаныш Ибрайымов ұрыс даласында шейіт кетті. Елге оралғандардың қазір 28-і ғана арамызда жүр. Уақыт өте келе ардагерлер арасында аурушаңдары көбейді. Мүгедектер саны да жыл санап артып келеді.
– Жастық жалынын сырт елді қорғауға арнағандар, яғни Ауған соғысы ардагерлеріне деген қамқорлық қалай? Оларға қарастырылған жеңілдіктер бар ма?
– Ауған соғысы ардагерлерінің басым көпшілігі елге ауру-сырқау болып оралды. Әсіресе жүйке ауруына шалдыққандардың жағдайы қиын.
Мемлекет тарапынан әрине қолдау бар. Елбасы Жарлығына сәйкес, Алматы, Астана қалаларындағы әскери госпитальда жылына екі адамнан барып, ем алып тұрады. Ендігі мәселе, ардагерлердің II, III топ мүгедектігіне қатысты статустары берілсе. Ауған соғысы ардагерлері Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестірілді. Әлеуметтік көмек алушы ретінде тіркеліп тұрмыз. КСРО тұсында Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен тең дәрежеде едік. Кейін санаттарға бөлді. Жоғарыда айтылып өткен кітап ішіне осыған орай өз ой-пікірімізді білдірдік. Алдағы уақытта шешімін табады деген сенімдеміз.
– Мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақы мөлшері қандай?
– Жылына бір рет 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында әр ауған соғысы ардагеріне 70-80 мың теңге көлемінде бір реттік көмек беріледі. Айына 15 мың теңге жәрдемақы төленеді.
– Жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, Отансүйгіштікке баулу бағытындағы пікіріңізді білсек
– Қазір Қазақстан бойынша 240-тан астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде біз де бармыз. Бұдан 10 жыл бұрын қоғамдық бірлестік құрдық. Аудан әкімдігі, ішкі саясат, білім, қорғаныс бөлімдерімен бірлесіп, іс-шара өткізіп келеміз. Біздің басты мақсатымыз – жастарды әскер қатарына тарту, патриоттық сезімін оятып, Отан алдындағы азаматтық борышының жоғары екендігін сезіндіру. Аудан орталығынан бөлек, ауылдық округтерде Ауған соғысы ардагерлері жастармен кездесіп, тәлімді тәрбие сағаттарының өтуіне мұрындық болмақпыз.
Жас жеткіншектің бойында елге, туған жерге деген сүйіспеншілікті нығайтудың бірден-бір жолы әскер қатарына тарту деп есептеймін. Көп естігеннен, бір көрген артық демей ме?! Әрбір жас жігіт Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келгені өте орынды.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
22 қаңтар 2019 ж. 2 102 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930