Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Салтанат сыйлаған саябақ

Салтанат сыйлаған саябақ

Ауданымызда сәні мен салтанаты келіскен ауыл­дар аз емес. Олардың бірінде абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілсе, келесісінде түрлі әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ауыл тұрғындарының көз қуанышына айналып келеді. Нақ осындай көрікті мекендерге барғанда кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Бір сүйсінерлігі, елді мекендегі ойын баласынан бастап егде жас аралығындағы жандарды әсем де талапқа сай салынған нысандардың айналасынан кездестіресіз. Дала перзенттерінің шаттыққа толы, бал-бұл жанған жүзін көргенде іштей үнсіз масаттанасың.
Дүйсенбі күні дәл осындай қалың бұқараның қуанышына Қашақбай Пірімов ауылында саябақ ашылғанда куә болдық. Саябақтың ашылу салтанатына аудан әкімі Мұрат Ергешбаев арнайы барып қатысты. Өзінің құттықтау сөзінде Мұрат Нәлхожаұлы:
– Елдің өсіп-өркендеуі ауылға байланысты. Ауыл дамыса – Қазақстан көркейетіні баршаға аян. Көпшілікке есігін айқара ашқан керемет саябақтың ішінде бүлдіршіндеріміздің асыр сала алаңсыз ойнап жатқанын көріп шынайы қуанып тұрмын. Бұл жерге абаттандыру жұмыстары жүргізілді. «Ер есімі – ел есінде». Осынау орталықтағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан әкелеріміз бен аталарымыздың есімі жазылған ескерткіш тақта өткен күндерден сыр шертеді. Мұның өзі майдангерлердің аты мәңгілік көкейде жүретінін білдіріп, өскелең буынға тағылымды тәрбие сеуіп, ұрпақтар сабақтастығын нұсқайды, – деп тебіренді.
Келесі кезекте ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазалы ауданының құрметті азаматы Бекділда Нұршабаев бүгінгі күннің тұрғындар үшін мереке іспетті екенін, елді мекендегі әрбір жағымды жаңалықтың көпшілік игілігіне арналғанын, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында осындай ұрпақ ұлағат тұтар жұмысты жүзеге асырған ел ағаларына, аудан, облыс басшыларына, азаматтарға ауыл халқының атынан ризашылығын білдіріп, елдігіміз мәңгілік болып, халқымызға Алла әрдайым бірлік берсін, деген ақ тілегімен сөзін түйіндеді.
Аудан әкімі бастаған ел ағалары мұнан соң жаңа саябақтың тұсаукесер лентасын қиды. Орталық жұмыстарымен таныс­ты. Түрлі орындықтар, аспалы шамдармен қамтылған, мерекелік шаралар өткізуге аса ыңғайлы сахнамен жарақталған саябақтың ажары алыстан жанарыңды арбайды.
Орталық саябақ ішінен жасақталған футбол алаңында ауыл балалары ала доп­ты ұршықтай иіруде. Біз болсақ, осынау қарадомалақтардың арасынан келешекте Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев сияқты қазақ футболын өрге сүйрейтін спорт тарландары шығуын тіледік.
Айналасы мұқият қоршалып, соңғы үлгімен безендірілген саябақтың мердігері, белгілі кәсіпкер Әділбек Сарабеков басқаратын «ҚазалыСтройСервис» ЖШС-нің толымды тірлігі тұрғындар көңілінен табылғанын жеткізе кетуді жөн санаймыз.

Есет ТАБЫНБАЕВ

11 желтоқсан 2018 ж. 1 452 0

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 44

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 59

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031