Ипотека рәсімдегенде банктер қосалқы борышкердің де табысы мен несиесін тексермек

Ең басты жаңалық ипотекалық тұрғын үй қарыздарына қатысты. Бұдан былай банктер ипотека берерде тек негізгі қарыз алушының ғана емес, онымен бірге несие рәсімдейтін қосалқы қарыз алушылардың да (гарант) табысы мен қолданыстағы міндеттемелерін есепке алады.
Бұл шара несиеге қатысушы барлық тараптың борышты уақытылы өтей алу мүмкіндігін нақты бағалауға бағытталған.
Сонымен қатар, егер азамат ипотекалық қарызын мемлекет тарапынан берілетін тұрғын үй төлемдері есебінен өтейтін болса, банк төлем қабілеттілігін тексеру кезінде осы төлемдерді де кіріс ретінде есептейді.
Ұлттық банк тұрғын үй мен көлік алушыларға бұған дейін енгізілген жеңілдіктердің мерзімін тағы ұзартуды көздеп отыр.
Атап айтқанда, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі аясында берілетін баспана несиесі бойынша борыштық жүктеме коэффициентінің ең жоғары деңгейін сақтау талабынан босату мерзімі 2029 жылдың 31 желтоқсанына дейін созылады.
Ал автокөлік сатып алуға берілетін несиелер үшін осындай жеңілдік 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін сақталмақ. Бұл банктерге азаматтың өзге де несиелері бар болып, ай сайынғы төлемдері белгіленген шектен асып кетсе де, тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы ипотека мен автонесие беруді жалғастыруға мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды өзгеріс несиені қайта қаржыландыру шарттарын жеңілдетуге арналған.
Егер клиент өзі несие алған банк ішінде қарыз шарттарын өзгертіп, соның нәтижесінде ай сайынғы төлем мөлшері өспейтін болса, банк оның борыштық жүктемесін қайта тексермейді.









